Құндылықтарға негізделген білім
«Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасы білім алушылардың өзін-өзі тануын, дамытуын, әлеуметтік жауапкершілігі мен әлеуметтенуін қалыптастыруға ықпал етеді. Тәрбие жұмыстары жүйесін білім беру ұйымының жалпы ұжымы бірігіп жүзеге асырады. Жоспарды жүзеге асыруға мектептің күзет қызметі мен техникалық қызметкерлерінен бастап мұғалімдер, басшы мен барлық қызметкерлер өз үлесін қосады.
Жақсы қасиеттер «мен айтқандай істе» тұрғысынан емес, «мен сияқты істе» тұрғысынан берілуі тиіс. Әкімшілік мүшелері, мұғалімдер, сынып жетекшілер, тәрбиешілер мен ата-аналар өздері оқушыларға еліктеудің үлгісі бола отырып, зиянды әдеттерсіз, балаларға және бір-біріне мейірімді; қарым-қатынаста ашық және сынамайтын құндылықтар дарытады.
«Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасын білім беру ұйымы білім алушылардың ата-аналарымен, әлеуметтенудің басқа да нысандарымен тәрбие жұмысының негізгі бағыттары аясында білім беру ұйымының әлеуметтік серіктестерімен тығыз байланыста, ынтымақтастықта жүзеге асырады. Білім алушылардың рухани-адамгершілігін дамытуға бағытталған тәрбие жұмыстарына оқу, сабақтан тыс және қоғамдық маңызды жұмыстарын ұйымдастыру жатады.
Білім алушыларды тәрбиелеу бағдарламасы шеңберіндегі әртүрлі іс-әрекеттер мазмұнын кіріктіру тәрбие беру мұраттары мен құндылықтары негізінде жүзеге асырылады. Біздің балабақшамызда «Рухани-танымдық» бағыты бойынша жұмыстар атқарылуда. Рухани-танымдық тәрбие: адамгершілік бейне; құндылықты сезімдер мен ізгілік қасиеттер, ар-ұят, намыс, парыз, сенім, жауапкершілік, жолдастық, мейірімділік, ұят, табандылық, қайырымдылық, ынтымақтастық, ұлттық келісім құндылығы, өзге де халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін және тілін құрметтеу, дәріптеу құндылығы; өмірге деген этикалық жауапкершілік көзқарас қалыптастырады.
Балабақшамызда әрбір айдың әр аптасына түрлі тақырып ойластырылған. Бірінші аптаның тақырыбы «Кітап оқу сәні». Бұл аптада арнайы қойылған кітап сөрелерінде ата-аналар кітап алмасады. «Тілге құрмет» атты екінші аптада барлық тәрбиеленушілер, педагогтер ұлттық нақышта киім киіп келеді де апта бойы ұлттық ойындар ойнатылады. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» атты үшінші аптада үлкен топтың тәрбиеленушілері кіші топтың тәрбиеленушілеріне барып көмектеседі.
Серуенге шығарда киіндіруге көмектесіп, ертегілер қойып береді. «Достық» атты төртінші аптада тәрбиеленушілер бір-бірін құрметтеп, сыйлауға ұмтылысып, достыққа байланысты ертегілерден сахналық қойылымдар қойылады. Бұл іс-шараларды ұйымдастыру кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптасыруға көп көмегін тигізері анық және 2021-2022 оқу жылында балабақшамыздың күнделікті өміріне кіріктіріліп жұмыстар атқарылып келеді.
Камшат МАЛГАЖДАРОВА,
№ 82 «Айару» балабақшасының
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы