Жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы талқыланды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралардың бірі жемқорлықпен күрес саясаты. Осы орайда, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінде «Құқықтық навигатор» құқықтық сауаттылық апталығының аясында «Саналы ұрпақ» клубының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелерін түсіндіру» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді.

Іс-шараға колледждің 2,3 курс студенттері мен колледж оқытушылары қатысты. Негізгі мақсаты: сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру және жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұру керектігін студенттерге ұғындыру, ақпараттық түсіндіру жұмыстары арқылы тұрмыстық жемқорлықты жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыру сынды жаңа тұжырымдаманың негізгі бағыттарымен таныстыру жұмыстары жүргізілді.
Колледждің «Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі Өмірбекова Гүлжазира Шәмшібекқызы студенттерге осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы бекіткен алдағы бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының негізгі ережелері туралы ақпарат бере отырып, заңнамалық өзгерістер мен жемқорлықпен күрестегі жаңа тәсілдерге, Тұжырымдаманың құрылымы мен негізгі бағыттарына тоқталып, әр тармақтарын кеңінен түсіндіріп берді.
Жиын барысында қатысушылардың назары келесі міндеттерге аударылды: сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша шараларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттарына мыналар жатады: барлығының заң мен әділеттілік алдындағы теңдігі, ашықтық, жариялылық және қоғам алдында есеп беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды кешенді қолдану, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығы, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінен бас тарту және тағы да басқалар.
Жаңа бағдарламалық құжатқа сәйкес, Қазақстан бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалыптасқан іс-қимылмен қатар, халықтың сыбайлас жемқорлықтың кез келген түрінен бас тартуы арқылы қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге мүдделі. Кураторлық сағаттың соңында колледж директоры Смагулова Нұрбибі Абсадыкқызы студенттерге сыбайлас жемқорлықтың қоғамға, мемлекет дамуына кедергі келтіретін үлкен қатер екенін және онымен күресу үшін, ең алдымен, өзіңнен бастап, сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюды басқадан да талап ету керектігін түсіндіріп, қорытынды жасады.
Нургуль КОНУРОВА,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың
оқытушысы., п.ғ.м.,
Гүлжазира ӨМІРБЕКОВА,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ
Инновациялық технологиялар колледжінің
«Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі