Педагогтердің еңбекақысы орташа жалақыдан жоғары болуы қажет

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымдағы «Amanat» партиясынан сайланған депутат, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, төменгі палатадағы «Amanat» партиясының фракция мүшесі, мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі, «Мәдениеттану» бойынша PhD докторы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВАмен арнайы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

Өмір дерек:СҮЛЕЙМЕНОВА Жұлдыз Досбергенқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 1983 жылы 25 тамызда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Біршоғыр стансасында дүниеге келген. Қазақ, білімі жоғары, доктор PhD. Білімі: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, бакалавриат (2000-2004жж), «Тарих» факультеті. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, магистратура (2006-2008жж), «Философия және саясаттану» факультеті. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, PhD докторантура (2008-2011жж), «Философия және саясаттану» факультеті.

Ғылыми атақтары, дәрежелері, қызметі: «6D020400 – Мәдениеттану» бойынша PhD доктор (11.05.2012ж), 45 ғылыми мақала, жарияланым авторы. Еңбек өтілі (қызметі): 2000-2004 жж. – Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы. 2004-2006 жж. – Алматы экономика жəне статистика академиясы Ақтөбе институтының әлеуметтік-гуманитарлық пəндер кафедрасының оқытушысы, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы. 2006-2007 жж. – Ақтөбе облысы «Отан» РХП филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, «Нұр-Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты Республикалық Кеңесінің Төрағасының орынбасары.

2007-2008 жж. – Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияның тарих жəне құқық пəндерінің мұғалімі. 2010-2011 жж. – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-тəрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары, Жастар əкімшілігінің төрайымы. 2011 ж. – Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы. 2011-2012 жж. – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалым хатшысы. 2012-2014 жж. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның білім беру саясаты жəне бағдарламалар Департаментінің аға менеджері.

2014-2017 жж. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Білім беру саясаты және бағдарламалар Департаменті директорының орынбасары. 2017-2019 жж. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту Департаментінің директоры. 2019-2021 жж. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі филиалының директоры.

2021 жылғы 14 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясының тізімі негізінде сайланған, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі.

Марапаттары және атақтары: 2005 ж – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың құрмет грамотасы. 2006 ж – Қазақстан Республикасы Жастар Конгресінің «Жастар» сыйлығының иегері. 2015 ж – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқаны үшін Басқарма төрайымының алғыс хаты. 2015 ж – Қазақстан Республикасы Білім жəне Ғылым Министрінің Құрмет грамотасы.

2019 ж – Қазақстан Республикасы Білім жəне Ғылым Министрлігінің Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. 2021 ж – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың құрмет грамотасы. Тұрмыста, бір баланың анасы.

Жұлдыз Досбергенқызы біздің басылым еліміздің білім мен ғылым саласына бағытталғандықтан әңгіменінің әлқисасын елге танымал сұхбат иелеріне қойылатын дәстүрлі сұрақтан бастасам деймін. Қалың оқырманға туған жеріңізде табалдырығын имене аттаған алтын ұя мектебіңіз бен қолыңызға қалам ұстатып әріп пен сандарды жаттатқан алғашқы ұстазыңыздың тұлғалық болмыс бейнесінен бастап, басқа да пән мұғалімдерінің барша шәкірттерін баураған ерекше қасиеттеріне тоқталсаңыз? – Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Бершүгір аталатын темір жол бекетінде орналасқан қазақ-орыс орта мектебінің бастауыш сыныбын орыс тілінде тәмамдаған соң кейін негізгі мектептен қазақ мектебіне ауыстым. Алғашқы мұғалімдерімді айтсам Лариса Николаевна және Лайық деген апайлар болды. Сол кездері біздің білім ордасы аудандағы ең үздік мектептердің бірі саналатын. Осы орайда келесі жылы тоқсан жылдық тағылымды тарихын тойлайтын алтын ұя мектебім мен ұлағатты ұстаздар қауымына айтар алғысым шексіз.

Себебі менің абыройлы азамат әрі майталман маман ретінде саналы өмір жолымның негізі дұрыс қалыптасуына бағыт пен бағдар беріп, алға жетеледі. Көбіміз қазіргі кездің заман талабына сай инновациялық үдерістерге бейімделе бастаған үздік мектептердің үлгісіне таңырқайтанымыз рас. Ал, біздің білім ордасындағы пән мұғалімдерінің кәсіби шеберліктері сол уақытта шалғайдағы шағын мектептің мәртебесін осындай жоғары деңгейге көтере білген еді. 1997-2000 жылдар аралығында директорлық қызметті адыроймен адал атқарған жоғары білімді тарихшы Тасмағанбетова Зәмзе Садыққызының жаңашыл әрі білікті басшы ретінде ұйымшыл ұстаздар ұжымының бағалы бастамаларына ұдайы қолдау танытатындығын байқайтынбыз.

Мен еліктеген мықты пән мұғалімдерінің бірі 1-5 сынып аралығында «Қазақстан тарихынан» мені әр түрлі деңгейдегі білім додаларына дайындаған Ұмсындық апай Кандееваның есімі әлі есімде. Ұлағатты ұстаздарымның сенім артып, биік белестерге жетелеуінің нәтижесінде республикалық олимпиаданың жүлдегері атандым. Орыс сыныбында оқып, қазақ сыныбына ауысқан кезімізде қиындықтарға кезіккеніміз жасырын емес. Сол кезде қазақ тілінен мықты академиялық тұрғыда фундаменталды терең білім берген Алдашова Замзегүл тәлімгердің тағылымын ұмыту мүмкін емес. Орыс тілінен Саянко Мария Алексеевна, Дәкенова Фарида, Дәкенова Ғалия, география пәнінен Амангерей ағай химия пәнінен Нұрмағанбетова Сандуғаш, биологиядан Қуанғали және тағы да басқа парасатты педагогтерден сапалы білім мен саналы тәрбие алғаныма дән ризамын.

Олардың дені Ақтөбе, Қостанай және Орал қалаларындағы тереңнен тамыр тартатын танымал педагогикалық университеттердің таңдаған мамандығына кіршіксіз адал әрі білікті түлектері болатын. Алматы қаласына ауылдан барып оқыған аз топтың бірімін. Алатаудың баурайындағы арман қалаға барып, тарих факультетін таңдауыма бала кезден осы пәнге ерекше қызығушылығым әсер еткені рас. Мен туып өскен құтты қоныс Мұғалжар тауының ең биік нүктесі Боқтыбай тауының етегінде орналасқан. Елді мекеннің солтүстігінен Ақтөбе – Шалқар темір жол және автомобиль жолдары өтеді. Кеңестік кезеңдегі солақай саясатпен орыс тілінде Берчогур ретінде аталған бекеттің кейіннен қазақшаға қайта тәржімаланғанда Біршоғырға айналыпты.

Құйма құлақ қариялардың айтуынша бұл өңірде екі ғасыр бұрын Бершүгір есімді би өмір сүрген. «Бергеніңе шүкір» деген мағынаны білдіреді. Ол ел-жұртына сыйлы адам ретінде тарихта қалған. Орыс көпесінің баласын жылқының қымызымен құлан таза сауықтырған бойында ерекше қасиеті бар қазақ биінің құрметіне кейіннен ол тамыры арнайы емдеу орталығын салып берген көрінеді. 1860 жылы іргесі қаланған санаторийдің үлкен асханасына қоса құнды кітапханасы болғаны зерттеушілер құжаттарымен дәлелденген.

Мыңғырған мал бағылған мәуелі мекенде емдік қасиеті бар шөптер көп өсетін. Пән мұғалімдерінің көмегімен осы дәрілік өсімдіктерді зерттеп, өлке тану бағытында үлкен жоба жасадық. Өйткені ұстаздарымыз бізді әрдайым экспедицияға алып шығып, жердің тарихы мен табиғаты туралы қызықты мәліметтер айту арқылы оқушылардың ізденуіне негіз қалады. Тау-тасты аралап, сирек кездесетін қажетті заттарды жинақтаумен қатар топонамикалық атаулардың мағынасын қағазға түсіретінбіз. Шәкірттердің бойындағы қызығушылығын оятқан мұғалімдеріміз кейіннен облыс орталығындағы мұрағатқа барып, тарихи деректерді жинақтауға бағыт пен бағдар берді.

Бұдан басқа би, хор, домбыра, темірмен және ағашпен жұмыс жасайтын басқа да түрлі үйірмелерге қатыстық. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араластыру арқылы өскелең жас ұрпақтың зейіні мен зердесіне қоса қарым-қабілетін дамытуға қолдарынан келетін барлық мүмкіндікті жан-жақты қарастырған сол кездегі ұстаздардың мықтылығын мойындамасқа болмайды. Осы пайдалы орта біздің заманның жастарын жігерлендіріп, болашаққа сенімін қалыптастырды. Технологиямен түрленген қазіргі жаһандану дәуірінде алыс ауылдарды айтпағанда, қалалық мектептерде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін үйірмелерге қолжетімді жағдайлар жасалмаған.

Бұл бір жағынан бүгінгі ұстаздардың тарапынан бейқамдықты білдіреді. Кезінде біз қазақтың ұлттық әдебиетінің көрнекті өкілдері мен орыс классиктернің барлық шығармасын оқып, туынды туралы ойымызды ортаға салатынбыз. Жағымды кейіпкерлердің жақсы мінез-құлқы мен бейнесіне еліктеп, жағымсыз образдардың қателіктеріннен жирендік. Қоғам құбылған тоқсаныншы жылдардың басында мектепке барып, мыңжылдықтар тоғысында он жылдықты тәмамдадым. Қазіргідегей интернетті айтпағанда, тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен дербес еліміздің экономикасы мен әлеуметтік салалардағы қиындықтарының кесірінен халықтың тұрмыстық тауқыметі бастан асатын.

Десек-те адамдардың пиғылы таза және мейірімділігі жоғары болды. Әке-шешем аудан орталығына айлық алуға барғанында, аз ақшасын үнемдеу арқылы бізге бірнеше жаңа кітаптар әкеліп беретін. Құрдастарымыздың ата-налары мен туған-туыстары Ресейдің Мәскеу қаласына жолы түсіп сапармен бара қалса олар да кітап құшақтай келетін. Бір ауылдың ұл-қыздары қолымыздағы бар шығарманы бір-бірімізбен алмасып оқып, қызықты әдеби кештерді жиі ұйымдастыратынбыз. Яғни айтайын дегенім, біз рухани тұрғыда құнды қазыналармен сусындаған ұғымтал ұрпақ атандық. Мектептің ауласындағы ағаштарды күтіп баптаған әрбір оқушы үйіндегі бау-бақшамен бірге қорасындағы төрт түлігін де қарайтын. Ұстаздар қауымы мен ата-аналарымыз бізді ең бастысы еңбекке баулыды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі он жылға жуық уақыт бойы мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлыққа қажетті қаржы жетіспеген қиын кезеңде еліміздегі балабақшалар  мен мектептердің, техникалық және кәсіби мамандарды дайындайтын арнаулы және жоғары оқу орындарының жағдайы нашарлап, айлап берілмейтін жартымсыз жалақысына шыдамаған қаншама мықты мамандар пайдасы мол басқа салаларға ауысты немесе сауда-саттыққа кеткенін білеміз. Бұрыннан бар жоғары мәртебесі төмендей бастаған ұстаз мамандығына адалдықтан айнымауыңыздың сыры неде? Және қазіргі заманауи ұстаз ұғымын қалай түсінесіз?

Қарапайым отбасында тәрбиеленгенмін. Менің анам жағындағы ағаларым медицина саласына маманданған, ақ халатты абзал жандар. Мен де балалық шақта тән жарасын емдейтін дәрігер болғым келді. Химиядан олимиадаға қатыстым. Бірақ тарих пәнінен үздік атанып, республикалық білім додасында жүлдеге қол жеткізген соң әрі Алматы қаласына бірнеше мәрте барып көргеннен кейін осы шаһарда жоғары білім алуға аңсарым ауды. Қазақ қаламгерлерінің алмалы бақтан жазған естеліктері, ақындардың табиғаты тамаша өлкені көркем суреттеуінен алған керемет әсер, зиялы қауым мен жастардың басын біріктірген биік өресі қосылған тұста күн шуақты әсем қалаға баруға біржолата бекіндім.

Ата-анам да күрделі кезеңнің қиындықтарына қарамастан арманыма қанат бітіріп, сәттілік тіледі. Осы орайда таудай талабымды қолдап, бағымның ашылуы үшін баталарын берген әкем мен шешеме зор сенім білдіргендеріне шексіз ризашылығымды үнемі қайталап айтудан жалыққан емеспін. Сонымен маңдайымыздағы қос универсететтің бірі де бірегейі саналатын ҚАЗҰУ-ге құжат тапсырып, студент атандым, Менің негізгі ұстанымым балабақшадағы тәрбиеші, мектептегі мұғалім, колледжердегі оқытушы және жоғары оқу орнының профессорлары өміріне қажеттілігін қамтамасыз етуі үшін еліміз бойынша бекітілетін орташа жалақыдан жоғары айлық алған кезде педагог ретінде өзін-өзі құрметтейтін болады.

Әйтпесе бүгінгі таңда көптеген ұстаздарымыз отбасының қаржылық жағдайын жақсарту үшін басқа білім беру ұйымынан қосымша сағаттар іздеп, уақыт тапшылығыннан дәрісіне тыңғылықты дайындалуға және ұл-қыздарының тәрбиесі мен оқуына көңіл бөле алмайтын шаршаңқы жағдайда жүр. Әлеуметтік тұрмысы түзелген кезде ғана олар бос уақытын балаларына арнауға, кәсіби біліктілігін арттыруға, ғылыми ізденістерді қолға алуға, шәкірттерін білім бәйгелерін дайындауға мүмкіндік табады. Қазіргі қоғам үшін сыртқы бейненің де маңызы ерекше.

«Сырт көз сыншы», – дегенді дана халқымыз бекер айтпаса керек. Қазіргі жаңа заманнның ұрпағы бұрынғы біз сияқты кітапта жазылғанды емес, көзімен көргенді түйсікпен қабылдайтындығымен ерекшеленеді. Сондықтан пән мұғалімі келісті келбетімен жоғары біліміне сай тақырыпты түсіндіре білсе, зиялы қауымның өкілі ретінде оқушылар мен ата-аналардың да құрметіне бөлене алады. Яғни жеке басын қадірлеген кәсіби маманды тұтас қоғамның сыйлайтындығы белгілі. Біз ұстаздардың абыройы мен беделін бұрынғыдай жалаң ұрандармен биіктете алмаймыз.

Сол үшін адамның жан  дүниесіне терең үңілу шарт. Бұл тікелей әлеуметтік мәселенің реттелуімен байланысты. Жалпы адамдардың сана-сезімінің жоғары болуы мұғалімнің мәртебесіне тәуелді. Өйткені ұрпаққа білім мен тәрбие беретін әрине ұстаз ғана. Егер педагогтердің еңбегі қоғамдағы лайықты бағаланса, жалақысы жоғарыласа бұл мамандықты таңдайтын талантты жастардың саны артатындығы даусыз. Кезінде мұғалім мамандығына нашар оқыған немесе жұмыс таппаған кездейсоқ адамдардың келгенін көрдік. Енді қатарымызға қосылған кейінгі буын өкілдерінің арасында үлгі тұтатын мықтылардың көбейе бастағаны қуантады.

Ұстаз беделінің төмендеуіне білім мен ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаржының қалдық қағидасы көп зиянын тигізген еді. Енді ғана осы теріс түсінікті түзеткенімізбен, ойсыраған олқылықтардың орнын толтыру үшін де уақыт қажет. Жалақы мөлшерінің жоғарылауына байланысты талап күшейген бүгінгі таңда көптеген ұстаздардың қиналғандарын байқатуда. Себебі жоғары білімді маманның дипломын сырттай оқу арқылы иеленген олардың кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіруге мүмкіндіктері болмады. Салалық ведомства тарапынан педагогтердің шеберлігін шыңдауға бағытталған кешенді шаралары осы кемшіліктерді түзетуге бағытталғандығымен де мемлекеттің қолдауы шеңберінде құптарлық қадам.

Тағы да қайталап айтсам артығы болмас. Ең негізгісі мұғалімдердің жалақысын тұрақты жоғарылатып отырмай, басқа әлеуметтік қосымша көмектер ұсыну арқылы педагогтың абыройын арттыру мүмкін емес. Менің бұл бағыттағы көзқарасты қалыптастыруыма Назарбаев зияткерлік мектептерінде қызмет атқарған жылдардағы көзім көріп, көңіліме түйген пайымдарым нақты себеп болды. Барша әріптестерге белгілі осыдан он бес жыл бұрын осы жаңа жоба қолға алынып, дарынды шәкірттерге жан-жақты білім беретін үздік ұстаздар таңдалған еді. Іріктелген мамандардың біліктілігі арттырылып, жетістіктеріне байланысты жоғары жалақы төленді.

Ұзақ уақыт еңбегі бағаланбай, құрметтеу азайғандықтан еңсесі түскен пән мұғалімдері ерекше жағдайға бөленгенде лайықты мәртебеге жеткендеріне көпке дейін сенбей жүрген еді. Ал енді қазіргі кезде олар үшін бұл көрініс бұрыннан қалыптасқан қағида сияқты. Мен де қазіргі дипломды жастар сияқты еңбек жолымды мектептің мұғалімдігінен бастағандықтан, орта білім беру ұйымдарындағы мемлекеттің тарапынан шешілуі қажет маңызды мәселелердің әлі де түйіні тарқамаған тұстары барын жақсы білемін.

Прездентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің мәртебесін көтеретін заңға қол қойып, Парламент депутаттарының мақұлдауымен салалық құжаттарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Үкіметтің отандық білім мен ғылымды дамытуға арналған кешенді бағдарламасы қабылданды. Білім және ғылым министрлігінің де бұл басым бағыттар бойынша арнайы зерделенген нақты ұстанымы бар. Сондықтан мен де мемлекеттің осы саясатын толық қолдап, алдағы уақытта да заман талабына сай жетілдірілуі жолында қомақты үлес қосуға мүдделімін.

Ауылдағы түлектердің студенті атану арманы болған Қазақ ұлттық университетінде сол кездері оқудың өзі оңай болмағаны рас. Аз мөлшердегі шәкіртақы да қазіргідей тұрақты берілмейтін. Әйтсе де жақсы білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан екенсіз. Осы жоғары оқу орнында алға ұмтылған ізденісіңізді ұштап, қарым-қабілетіңізді тану арқылы ғылыми жұмыстарға бейімдеген белгілі ғалым оқытушыларға ізгі алғысымды жеткіземін десеңіз мархаббат!

– Дұрыс айтасыз біздің студенттік өміріміз тәуелсіз еліміздің экономикасы біршама ілгерілеп, халықтың тұрмысы жақсара бастаған 2000 жылға дөп келгенімен білім мен ғылым саласындағы мемлекеттің қаржылық қолдауының орнына шет мемлекеттердің үлгісіндегі түрлі реформалардың бастау алған кезеңі болатын. Универсиеттегі сүреңсіз аудиториялар парталар тозғанымен, аз ақшаны қанағат тұтқан ғалымдардың білім берудегі құлшынысы мен ынтасы өте жоғары еді.

Біздің курстың кураторлығына қазақ хандығының терең тарихын зерттеуі арқылы қазіргі кезде баршамызға белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет бекітілді. Берекет Бақытжанұлы қазақ халқы тарихының ғылыми-тарихи тұрғыда зерттелуіне арналған арнайы ұйымдастырылған үйірмені аптасына бір рет жүргізіп, студенттерге мол мағұлматтарға қоса дәйекті деректерді ұтымды ұғындыра білді.

Тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы ғалым Мәмбет аға Қойғалдиевтің дәрістерінен жетпіс жыл бойы айтылмай келген азаттықты аңсаған алаш қозғалысына байланысты өте құпия сақталған мұрағаттары арқылы ащы ақиқаттарды түршіге тыңдап, ұлтымыздың бостандығы үшін солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлерінің рухымен тәуелсіздіктің туын түсірмеуге жігерлендік.

ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор марқұм Талас ұстаз Омарбековтің кеңестік кезеңдегі ұжымдастыру саясатының сұмдығы, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан қолдан жасалған жұт пен ашаршылық туралы зерттеулерінің сарынынан миллиондаған жазықсыз жандардың зарын сезетінбіз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының қазіргі орынбасары. Бану Нарбекова, қытайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы көршілес қытай елінің экономикасы мен тарихы туралы оқыған лекцияларының негізгі мазмұны әлі де санада жаңғырып тұр.

Себебі аға буын ғалымдарымыздың әрбір айтқан әңгімесі жан тебірентерліктей әсерлі және мәні мен мазмұны тереңнен тамыр тартатын. Қаншама құнды ғылыми зерттеу еңбектері жарық көрген олар ешбір кітап пен қолжазба қағазға қарамай кеңінен көсілгенде, бейнелеп айтқан салмақты сөздері көркем кино көріп отырғандай жанарыңды төрдегі тақтаға жіпсіз байлап тастайтын. Ғалымның ғұламалығын кең байтақ ұлан ғайыр жерімізді көздің қарашығындай қорғап, еркін еліміздің бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолында басқыншылық ниеттегі жауына қарсы халықтың бірлігін бүтіндеген қайсар хандарымыз бен ержүрек баһадүрлерге қоса аузы дуалы билердің бірегей бітім болмысын суреттеген сөз зергері дерсің.

Кейде қалың дәптерімізге қажетті тұстарын жылдм жазып алу үшін қаламымызды қолымыздан түсірмейтінбіз. Жиналған жастармен еркін пікір алмасу барысында тарлан тарихшыларымыз қай бағытта нақты зерттеулер жүргізуге болады және оны іске асыру аясында қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттілігін толық түсіндіретіндігімен де таңдаулы тұлғалар еді. Ізденуге талпынған жастарға ұсынған бағыт пен бағдарының нәтижесінде, көбіміз тың тақырыптарға түрен салдық.

Тарих ғылымының докторы, профессор Қалқаман ағай Жұмағұловтың жетекшілігімен әрбір білімді адам естіген ежелгі Американың ең әйгілі өркениеттері – майялар, инкалар және ацтектер туралы диплом жұмысын жақсы бағаға қорғадым. ҚазҰУ-дың Магистратура және PhD докторантурада Философия және саясаттану факультетінде ғылыми жетекшім философия ғылымдарының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының жетекшілігімен Түркі мәдени жәдігерлері туралы диссертация қорғадым. Ұстаздарыма зор ризашылық білдіремін.

Оқырмандарға тарата түсіндірсем, бұл халықтар Мексиканың орталық бөлігінде (ацтектер), Мексиканың оңтүстігінде, Гватемалада, Сальвадорда, Гондурастың батысында (Майя) және оңтүстік батыста (Инка) аумақтарды мекендеген. Осы көне өркениеттердің зәулім сәулет құрылымдары бүгінгі күнге дейін сақталған. Олардың ішіндегі ең танымалы – американдық майя және ацтек тайпаларының пирамидалары. Сондықтан тарих пәнінің мұғалімі мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Және бізге дәріс берген ғалымдар мен факультеттің сол кездегі басшыларына рахметім үлкен.

Туелсіздігіміздің отыз жылдығына қадам басқан тұста мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына қаржылық қолдаулар күшейіп, білім беру бағдарламалары қайта қаралуда және академиялық дербестік берілді. Жалпы айтқанда түрлі мамандық иелерін сапалы әрі бәсекелестік тұрғыда заман талабына сай дайындаудың барлық мүмкіндіктері бар. Сондықтан көпшілік иек артқан әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы салмағы жеңіл дүниелер арқылы терең теңізді бетінен қалқымай, су астындағы маржандары сүзгеніміз жөн. Бұлай болмаса отандық ғылым ілгері дамымай, басқалардың жетістіктеріне қызығудан әрі аса алмай қаларымыз хақ.

Білім мен ғылым саласын ілгері дамыту ісіне арнап, педагогикалық қызметіңізбен қатар атқарған басшылық лауазымдарда жақсы нәтижелерге жетуіңіз жоғары заң шығарушы органның депутаттығына сайлануыңызға баспалдақ болды. Қос палатадағы әріптестердің арасында ел Үкіметі мен салалық министрлікке осы бағыттағы сауалдардың салмақтылары көбіне Сіздің атыңыздан жолданады екен. Жауаптар қанағаттанарлық па?

Шынында да аймақтарды аралап, жұртшылықтың ой-пікірін тыңдаған соң көптеген сауалдарға жауап іздеген кезімізде шешімін күткен мемлекеттік маңызы бар мәселелердің түйінін тарқату үшін ел Үкіметінің басшысы мен салалық министрліктерге, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына депутаттық сауалдар жолдау басты парызымыз. Арнайы жазылған ресми хатта сарапшылар арқылы зерделенген ұсыныстар айтылады. Білім және ғылым саласынғы өзекті жағдайларға байланысты айтқандарым халықтың көз алдында.

Асхат Аймағамбетов бастаған ведомства өкілдері тарапынан әрбір сұрақты оңтайлы реттеуге бағытталған ортақ ұстаным бар. Сауалдарға жауап хаттарынан үлкен жауапкершілікпен ауқымды істерді ұтымды үйлестіре бастағандарын байқайсың. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова бірнеше рет ауызша және жазбаша жолданған сауалдарға ресми жауаптың мазмұнын дайындамастан бұрын телефон байланысы арқылы жедел хабарласып, айтылған пікірлерді алдын-ала талқылағанына куә болдым.

Бірақ кейде басқа салалық министрліктер мен әкімдіктер балабақша, мектеп құрылыстарының бекітілген мерзімді кестеден кешігуі, сапасына байланысты сын-ескерпелерімізге сырғытпа жауаппен құтылғандарына қарның ашады. Және заңдардағы солқылдақ баптар мен нормативтік құжаттардың кемшілігін сылтауратып, жауапкершіліктен құтылу үшін бір-біріне сілтейтіндігі тағы бар. Сондықтан алдағы уақытта салалық заңнамалардағы құқықтық қағидаттарды қатаңдатып, нақтылауымыз үшін әлі де атқарылатын жұмыстар бастан асады. Тыныс тіршілігіміз үздіксіз қимыл қозғалыстағы жанды құбылыс болғандықтан, өмірімізге қажетті заңнамаларға да уақыт үдерісіне сай өзгерістер мен толықтырулар жасалуы қажеттігі даусыз.

Аймақтарға іс-сапар барысында жергілікті білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігімен танысып, жоғары оқу орындарының басшылығы және студенттерімен кездесіп жүрсіз. Жұртшылықпен жүздесулар барысында да аманат ретінде айтылатын ұтымды ұсыныстарға қоса талап-тілектердің аз болмайтындығы белгілі. Ұлттық білім мен ғылым жүйесін қазіргі заман талабына сай жаңғырту барысында заңнамалық негізде құқықтық реттелмеуі себепті және жергілікті атқарушы билік құрылымдарының осалдығына байланысты шешімін таппаған маңызды мәселелерді санамалап берсеңіз? 

– Әрине ел азаматтарының халық қаулыларына айтары әрине аз еместігі белгілі. Өйткені құқықтық қоғамдағы басты бағдаршам қабылданған заңдарымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа Қазақстан» құрудағы бағалы бастамаларының баянды болуы үшін халық Үкімет пен Парламент және жергілікті әкімдерге зор сенім артып отыр. Білім және ғылым саласы бойынша жұртшылықтың сұранысы мемлекет пен жеке меншік серіктестігі арқылы балабақша мен мектептердің демографиялық өсімі мен ішкі-көші қоңға байланысты көптеп және сапалы түрде салынуы.

Арнаулы кәсіпке маманданып, жоғары білім алған дипломды жастар үшін жаңа жұмыс орындарының санын барынша арттыру арқылы тұрақты және жақсы жалақысы бар еңбекпен қамту. Ғылыми ізденістер арқылы зерттеу жұмыстарыннан нақты нәтижеге жеткізгісі келетін талантты да дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін қомақты қаржымен қолдау арқылы кепілді қайтарымын қамтамасыз етудің маңызы ерекше.

Бұл мүмкіндіктерді уысымыздан шығарып алсақ, ұлттық ақыл-ойларымыздың бәрі шет мемлекеттердің мүддесіне қызмет жасайтындықтан оларды мектеп табалдырығынан бастап оқытып-тәрбиелеуге бөлінген қазынаның қыруар қаржысы желмен шашылғандай далаға кететіндігі айдан да анық ақиқат.

Жұлдыз Досбергенқызы халықтың аманатын арқалаған Парламент Мәжілісінің депутаты ретіндегі қарбалас тірліктегі бос уақыт тауып, ашық әңгіме аясында оқырман қауымға азаматтық ой-пікіріңізді ортаға салғаныңыз үшін үлкен рахмет. Сізге еліміздің тәуелсіздігін нығайту мақсатындағы қызмете абырой тілеймін!

Сұхбатты жүргізген
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий