Тәрбиелі жас ұрпақ – біздің болашағымыз

“…біздің негізгі педагогикалық мақсатымыз – жеке адамды ғана тәрбиелеу емес, сонымен бірге адамдар ұйымын тәрбиелеу болмақ. Бұл  әрекетіміз ең ұтымды тәлім-тәрбиелік бағыт болмақ…”, – дейді атақты ағартушы А.С. Макаренко. Өзін-өзі басқару баланың жеке басын әлеуметтендірудің маңызды факторы болып табылады, өйткені ол тәуелсіздік, бастамашылық, жауапкершілік, өзін-өзі жетілдіруге дайын болуы, өмірде өз орнын таба білуге және ең бастысы қоғамға белсенді әрі пайда келтіретіндей болуы сияқты қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Мектеп – баланы жеке тұлға ретінде ғана емес, қоғамға жарамды азамат етіп қалыптастыратын бірегей орын. Оқушы білім алумен қатар, ұжымдық тәрбиені де көріп өседі. «Мектеп Парламенті» жобасы – жасөспірімдер мен жастарды, креативті, жауапты, саналы азаматтық ұстанымы бар патриоттарды, өз елінің көшбасшыларын азаматтыққа, зияткерлікке тәрбиелеу ісінде өте уақтылы және өзекті. Оқушылар ұйымының негізгі бір ерекшелігі – бір мақсат, бір мүддедегі іс-шараларды бірігіп атқару.

Парламент оқушылар ұйымының шығармашылығы өзінің бекітілген Ережесі негізінде мектеп әкішілігі мен тәрбие жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. Өзін-өзі басқару ұйымының басты мақсаты – сапалы білім саналы тәрбиенің жан- жақты  артуына оқушы, жастар ұйымының белсенділігін  арттыру; «Гимназия Президенті» сайлауы алдында мектеп оқушылары мен ұстаздарынан осы «Өзін-өзі басқару» ұйымы қажет пе? – деген сұрақтармен сауалнамалар алынды.

Алынған сауалнама бойынша оқушылардың 78% «өзін-өзі басқару органдары қажет» деп санайды; 52% оқушылардың «өзін-өзі басқару органдарының жұмысына белсенді қатысар едім»,. 50% «өзін-өзі басқару ұжымды біріктіру, корпоративтік мәдениетті қалыптастыру үшін қажет» деп санайды; 40%  оқудан тыс және қайырымдылық жұмысты ұйымдастыру үшін, ал 20%  оқу процесінің сапасын жақсарту үшін қажет деп есептейді.  Ағымдағы жылдың 28 қаңтар күні «Өзін-өзі тану» гимназиясында «Президент сайлауы» өтті. Бұл сайлауға гимназиядан 8 оқушы қатысу үшін өтініш тапсырды.

Сайлауға қатысушы оқушылар сайлау алдында мектеп оқушылары мен ұстаздарды өздерінің ұсынып отырған бағдарламаларымен таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Үміткерлердің бағдарламалары ілініп, сайлау жәшіктері және мөр басылған дауыс беру парақтары дайнындалды. Дауыс беру қорытындысы бойынша, мектептің қазіргі президенті Коннов Андрей үміткерлер арасында ең көп дауыс жинап, Президент лауазымына ие болды. Қалған кандидаттар мектеп Парламент ұйымының мүшесі атанды.

Өз лауазымына кіріспес алдында Коннов Андрей мектеп ұжымы алдында ант беріп, өзіне  жүктелген үмітті ақтайтынын айтты. Сонымен қатар, мектептегі өзін-өзі басқару ұйымының жаңа министрлері анықталды. Өзін-өзі басқару «Парламент» ұйымының атқаратын жұмыстары келесі бағыттар бойынша құрады: Өзін-өзі басқару ұйымы – Балалар мен жасөспірімдердің және үлкендердің жалпы адамзаттық құндылықтарға  бағыттаған, мүшелерінің қызығушылықтарын, құқықтарын қорғайтын, өз бетімен ерікті, қоғамдық бірлестік.

Өзін-өзі басқару ұйымының атқаратын жұмыстары: интелектуалды сайыстар өткізу; мереке күндерін өткізу; мектепішілік газет-журналдар шығару; айына екі рет дебаттық ойындар, қайрымдылық, волонтерлік акциялар өткізу; іс-шараларға жауапкершілікпен қатысу. Гимназиямызда өзін-өзі басқару «Парламент» ұйымы 8-наурыз қарсаңында «Өзін-өзі басқару» күнін ұйымдастырды. Гимназия Президенті Коннов А «Парламент» ұйымымен 10-11 сынып оқушыларына жиналыс өткізіп ӨӨБ күні туралы мәліметтермен бөлісті.

Мектептің Білім министрі сабақ кестесін жасап, әр сыныпқа сынып жетекшілерін бекітті. 10-11 сынып оқушылары бірлесе отырып, өзінен төменгі сыныптарға сабақтар өткізді. Оқушылар сабақ өткізу арқылы мұғалім болудың қиын да қызықты кезеңдерін сезіне білді. Парламент оқушылар ұйымы  «Өзін-өзі тану» гимназиясында «Күлімдеген көктем!» турнирінің финалын өткізді. Волейболдан колледждер мен жоғары сынып оқушылары арасында, сонымен қатар орта мектеп пен колледж оқытушылары арасында ұйымдастырылды.

Турнир қорытындысы бойынша мұғалімдер арасында «Гимназия мұғалімдері» командасы құрметті 1-орынды, ұлдар арасында «Колледж студенттері» жеңімпаз атанды, қыздар арасында да «Колледж студенттері» жүлделі орындарды иеленді. 12 сәуірде бүкіл әлем Авиация және ғарышкерлер күнін тойлайды, бұл – адамзаттың ғарышқа алғашқы ұшуына арналған есте қаларлық күн. Осы айтулы күні «Өзін-өзі тану» гимназиясында 9 сынып оқушыларының арасында «Химия білімділері» сайысы өтті, ОӨӨБ «Парламент» ұйымы 10-11 сынып оқушыларынан қазылар алқасы және жүргізушілерді, баяндамашыларды ұйымдастыруда орасан үлкен белсенділік танытты.  

23 сәуір ОӨӨБ «Парламент» ұйымы «Өзін өзі тану» гимназиясында кітап күнін атап өтті. Бұл күннің талаптары да қызықты болды. 5-11 сынып оқушылары өздері ұнатқан әдеби кітапты таңдап, соның мазмұны бойынша фотосуретке түсті. Содан кейін барлық суреттер ұйымның хабарлама тақтасына ілінді. Мектеп оқушылары суреттерге қарап әдеби кітаптардың атауын тауып, әр оқушы қалаған жұмысқа дауыс берді. Ең көп дауыс жинаған сынып арнайы сыйлыққа ие болды. 

Парламент ұйымының бүгінгі күнге дейінгі атқарған жұмыстары: 8-наурыз мерекесіне орай өзін-өзі басқару күні ұйымдастырылды; тақырыптық музыкалық кештер; воллейболдан спорттық турнир; дебат ойындары; қайырымдылық акциясы; баспасөз конференциясы; челлендж, флешмобтар және тағы да басқа іс-шаралар өткізілді. Бұл іс-шаралар туралы Instagram әлеуметтік желісінде bobek_parlament парақшасынан көре аласыздар. Сонымен қатар, гимназияда «Сенім жәшігі» жұмыс істейді, оған түсетін хаттар аптаның басында мектеп әкімшілігімен бірге талданып, қаралып отырады.

Танымдық (қызықты адамдармен кездесулер, диспуттар, оқудағы оқушылардың өзара көмегі, қызығушылықтары бойынша үйірмелер, дебат пен көңілді флешмобтар ұйымдастыру, қазақ және ағылшын тілдері клубтары); еңбек (мектептегі тәртіп пен тазалыққа қамқорлық, кезекшілікті ұйымдастыру); спорттық-сауықтыру (жарыстарды, спорттық эстафеталарды, денсаулық күндерін ұйымдастыру); көркем-эстетикалық (тақырыптық концерттер, мерекелер, көрмелер) ; ақпараттық (баспасөз орталығы) және тағы басқа.

Өзін-өзі басқаруға қатысу – әр гимназистің өмірі мен қызметін ұйымдастыруға, өзін-өзі тәрбиелеуге ықпал етеді. Мектептегі өмірдің қызықты өтуі осы өзін-өзі басқару органдарының белсенді қызметімен тікелей байланысты, олар әр баланың әлеуметтенуін қамтамасыз ететін білім беру ортасы және әр оқушының бір-бірімен қарым-қатынасы, әлеуметтік бейімделуі, шығармашылық дамуы үшін негіз болып табылады.                     

Біздің болашағымыз – жас ұрпақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі жетістіктерін жасайтын жаңа буын өкілдерін парасатты да білімді, мәдениетті де саналы етіп тәрбиелеу үшін, ұстаздар қауымы болашақтың тұтқасы – жас ұрпақты алға жетелеу үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етеміз.

Шолпан Бахитжановна КИСИМБЕТОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО, «Өзін-өзі тану» гимназиясы
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий