Оқушылардың ізгілікті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жолдары

Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген пікірі осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін, олардың тұлға болып қалыптасуына  рөлдерінің зор екенін ұқтырады. Әрбір оқушының тілегі, қажеттілігі мен  оларды  жүзеге асырудағы қарама – қайшылықты шешуге бағытталған жұмыстың нәтижесінде оқушылардың   қарым-қатынас мәдениеті дамиды.

Оқушы мен оқушы, оқушы мен ұстаз, оқушы мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас адамгершілікке, руханилыққа бағытталғанда тұлға аралық қатынас ізгілікті болады. Ізгілікті қарым-қатынас – үйлесімді, бақытты және шуақты өмірдің бір бөлігі. Оқушылардың ізгілікті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру  үшін, ерте жастан бастап өзгеге жанашырлық, тілектестік, мейірімділік, қамқорлық және өзгелер туралы жақсы ойда  болу сынды  қасиеттерін қалыптастыра білу керек. Қарым-қатынас ең алдымен, бір адамның екінші адамды өзара түсінушілігінен басталады.

Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде бала бойында адамгершілік қасиеттерін дамыту ізгілікті  қарым-қатынасқа жол ашады. Оқушылардың ізгілікті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру  сабақтан басталып, сабақтан тыс және  мектептен тыс  уақытта өзінің жалғасы мен толықтыруларын табады. Сыныпта тыныштық атмосферасын құру, оқушылардың қобалжуы мен үрейін тоқтату үшін әр күнді тыныштық сәтінен бастау, жағымды көңіл күйге келудің күнделікті жасалуы оқушыларды мазасыздықтан арылтып, жағымды ойлауға көмектеседі.

Тыныштық сәттері немесе жағымды көңіл-күйге келу оқушылар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа негізделген ынтымақтастық атмосферасын орнатады. Ынтымақтастық атмосферасы-оқушылардың әрқайсысымен өзара сыйластық пен сенімге, ізгілікке негізделген қарым-қатынас кепілі. Ал осындай қарым- қатынасқа негізделген сабақ үдерісі оқушылардың ынтасын арттырып, оларға жауапкершілік жүктейді, сабақтың өн бойында оқушылардың бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызады.

Сыныпта оқушы мен оқушы арасындағы  ізгілікті қарым-қатынасты орнатуда  топтық жұмыстар  өз септігін тигізеді. Қазіргі таңдағы жаңартылған  білім беру жүйесінде оқыту мен оқудағы топтық жұмыстарды ұйымдастыру оқушылардың мәселелерді шешу, тапсырмаларды орындау барысында бірлесіп жұмыс  жасауын іске асырып, оқушыларды топтағы белсенді әрекетке жұмылдырады. Осы әрекет  олардың өзара қарым-қатынасын  жақсартуға,  бірін-бірі түсіну деңгейін, сыйластық қасиеттерін арттыруға және сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Топтық жұмыстарда оқушылар  бұрын  елемей келген өздерінің немесе сыныптастарының жаңа бір қырларын таниды. Бұл достық пен ізгіліктің жаңаша бір бастамасы. Жұптық, топтық, ұжымдық жұмыстар жасауда   «5Т» ережесін ұстанамыз. «5 Т» ережесі негізінде баланың  мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. «5 Т» ережесін тек сабақта  ғана емес, барлық уақытта, өмірдің барлық кезеңінде ұстануға үйретеміз. Оқушылардың қарым-қатынасын ізгілікке бағыттау мақсатында топтық жұмыстарда Б.Блумның сұрақ қою өлшемін жиі пайдаланамыз.

Олар жеңілден ауырға, қарапайымнан терең ойлауға жетелейді. Осындай сұрақтар қойылған кезде  оқушылар топтың басқа мүшелерімен ынтымақтастықта қарым-қатынас орнатып, шығармашылықпен жұмыс жасайды. Топта бірлесе жұмыс жасағанда оқушылар өз пікірін ортаға салады, өзгелердің пікірін тыңдауды  үйренеді. Жаңа әдісті қолданып ұсынған тапсырмаларда оқушылар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап, өздеріне ұсынылған тапсырманы орындау жолдарын іздеу барысында топпен шешіп, бір-бірінің көмегіне жүгінеді.

Өз тәжірибемде жемісті нәтижесін беріп жүрген әдістің бірі «Сұхбат алу» әдісі.  Мұнда топтағы төрт оқушы бір-бірімен тақырып бойынша сұхбат құрады. Төртінші оқушы түсінгенін әңгімелейді. Оқушылар бір-біріне өз ойын түсінікті, қарапайым тілде жеткізу арқылы тиімді қарым-қатынас орната біледі. Бастауыш сыныптарда озат оқушылар мен үлгерімі төмен оқушылар арасында байланыстың алшақтығы көбірек байқалады. Осы алшақтықты жою мақсатында «Мозаика» әдісін қолданамын.

Озат оқушылар мен үлгерімі төмен оқушылар  ортақ белгілер мен тапсырмалар аясында бір топқа бірігу арқылы дұрыс шешім табуда әрекет жасайды. Алғашында қабылдаудағы айырмашылықтар топ жұмысында қиындықтар туғызғаны рас. Әдісті түрлендіру арқылы «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келедінің»  мәнін түсінуге жағдай жасаймыз. Соның нәтижесінде оқушылар  келісімге келу, көмектесу, жеке қасиеттерге қатыссыз құрмет білдіру сынды қасиеттерін көрсете біледі.

Топ құрамын өзгерту арқылы топ мүшелерінің жынысына және мүмкіндіктеріне қарай басқалармен өзара әрекет ету дағдысы, қарым-қатынас дағдысы, мәселені шешу дағдысы қалыптасады. Оқушылар өзгелердің ар-намысына тиместен, өз көзқарасын қорғай алады және қоғамға лайықты тәртіп ережелерін сақтай отырып, жағымды қарым-қатынас орнатудың маңызын түсіне біледі. Топтық жұмыстар оқушы мен оқушы, оқушы мен мұғалім араларындағы білім алу, білім беру әрекеттеріндегі қарым-қатынасты дамытып қана қоймай, білімді жеңіл игеруде нәтиже беретінін көруге болады.

Мектеп  оқушыларында  жиі кездесетін кикілжіңнің бірі – мазақтау. Яғни сынып ішіндегі оқушылардың бір-бірін келемеждеуі. Оқушының оқу материалдарын қабылдауда, интеллектуалды ерекшеліктерінің төмен болуын  немесе мінез-құлқы мен іс-әрекетіндегі жағымсыз қылықтарын сыныптастары мазақ етіп, күлкіге айналдырады. Бұл оқушылар арасындағы  қарым-қатынасқа сызат түсірері анық. Мұндай мәселе өз сыныбымда да кездесті. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушымның санды теріс жазуы, әріптерді қате жазуы, себепсіз жылауы және тағы да басқа теріс қылықтары оқушылар арасында «Сен жаза алмайсың!», «Оқи алмайсың!», «Жылауықсың!» деген сөздердің айтылуына себеп болды.

Бұл жағдай оқушыларды ұжымнан  алшақтатты. Оқушылар арасындағы жағымсыз қарым – қатынасты болдырмау үшін  ойындар мен жаттығулар ұйымдастырдық. Атап айтсақ, «Қошемет» (Комплимент) ойыны оқушыларды бір-бірінің жақсы қасиеттерін іздеуге,  жақсы сөз, жақсы тілек айтуға дағдыландыруға септігін тигізеді. Алғашында айтылған сөздерді қай сөзбен алмастыруға болатынын оқушылардың өздері таңдап алуына мүмкіндік береміз. «Сенің қолыңнан келеді!», «Саған сенеміз!», «Сен әдемісің!», «Көмектесуге дайынмын!» сөздер ізгілікті қарым-қатынас орнатуда оң нәтиже берді. 

«Атом және молекула», «Мен саған тілеймін», «Бүгінгі күн», «Ұқсастық шегі» жаттығуларды жиі қолдану оқушылардың   бip–бipiнe дeгeн түciнicтiк көзқapacтapын, дocтық қapым-қaтынacтapын нығaйтa түciп, олардың бойындағы мейірімділік пен сүйіспеншілігін оятты. Сабақтан тыс уақытта оқушылардың ізгілікті қарым-қатынасын  мәдениетін қалыптастыруда жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген әндер, рөлдік ойындар мен сахналық қойылымдар өз үлесін қосты. Әсіресе, «қуыршақтар театры» оқушылар арасындағы қарым-қатынасты ізгілікке бағыттай білді.

Қуыршақтар арқылы оқушылар кейіпкерлердің сезімін жеткізді. Оқушыларға таныс ертегілердің желісін рухани-адамгершілікке бағыттап, жақсылық жасау арқылы ғана жақсылыққа жететінін сезіндірдім. Мысалы: «Бауырсақ» ертегісіндегі бауырсақты түлкінің жемтігіне айналдырмай, атасы мен әжесін іздеп, жолдан адасқан бауырсаққа орман жануарларының жанашырлық танытып, көмектескенін оқушылар қуыршақтар арқылы  өздері сахналады.  Оқушылар оқиға желісі арқылы жақсылық жасаудың, өзгелерге көмектесудің, мейірімділік танытудың адам өміріндегі маңызын ұғына білді.

Оқушылар арасындағы түсінбеушіліктің, мәселелердің оң шешімі баяндалатын ертегілер оқушылар арасындағы қарым-қатынасты ізгілікке бағыттау құралы болды. Мектептен тыс ұйымдастырылған қайырымдылық шаралары, еріктілер жұмысына қатысу «қоғамға қызмет етумен» қатар,  жақсылық жасау, қамқорлық таныту мақсатында біріккен оқушылардың  қарым-қатынасын  жақсартты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жанашырлық таныту қасиеттері дами түсті. Сыныппен, мектеппен немесе отбасы мүшелерімен бірге жасалған қайырымдылық шараларына үлес қосу қоғамда ізгілікті қарым-қатынасты жетілдіреді.

Оқушы мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас тұлғаны қалыптастырудың маңызды факторының бірі саналады. Отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру отбасы мүшелерін сыйлаудан, құрметтеуден бастау алады.

Баламен бірге кітап оқу, бірлескен қозғалыс ойындарын ұйымдастыру, фильмдер қарау, оны бірге талдау, қазақтың ырым, тыйым сөздерін пайдалану, бірлесіп атқарған еңбек  нәтижесін талдау, салауатты өмір салтын қалыптастыру оқушы мен ата-ана арасындағы алтын көпір іспетті. Оқушының жан-жақты, білімді,  рухани дамыған тұлға болып қалыптасу үдерісінде ата-ана мен мұғалім бірлігі маңызды рөл атқарады.  Осы рөлді орындауда ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас  дами түседі. 

Ата-аналарға арналған өзін-өзі тану сабақтары ата-ана мен оқушы арасындағы ғана емес,  ата-ана мен мұғалім арасындағы  жолды жалғады. Ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас тек ата-аналар жиналысында ғана емес, ата-аналарға арналған өзін-өзі тану сабақтарында да жалғасын тапты. 2017-жылдан бастап  «Бөбек» орталығында «Адам жасампаздығы» атты ата-аналар университеті жұмыс жасайды. Рухани-адамгершілік тәрбие бойынша семинарлар, тренингтер, дәрістер өткізіліп келеді.

Қорыта айтқанда, ізгілікті  қарым-қатынас – оқу-тәрбие үрдісіндегі сезімге толы, эмоциялық тұрғыда толайым, баламен жүргізілетін, «байқалмайтын», мазмұнды әрі жанды байланыс. Оқушылардың ізгілікті қарым-қатынасы артқан сайын рухани дамуы жетіле түсері анық.

Перизат Оралбековна ИЗТАЕВА,
«Өзін-өзі тану» гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий