Миллионер оқушылар

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушылары Пәкжан Ниязбек пен Ерасыл Мырхиев «ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2022» аясында өткізілген “Жерге деген іңкәрлік, адамға деген қамқорлық” арнайы конкурсының финалында ІІ орынға ие болып, 1 миллион теңге ұтып алды. Бірнеше кезеңнен тұрған сайысқа 60-тан астам команда қатысып, өздерінің жобаларын ұсынған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

– Арнайы сайыс ауылды жерлердегі халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауылдан қалаға жаппай көшудің алдын-алуға бағытталған. Біз ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жобамен жұмыс жасадық. Соңғы бір жыл бойы жоба бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, еліміз үшін ғана емес әлем бойынша өзекті саналатын күрделі мәселенің шешімін табуға тырыстық. Бір атап өтерлігі –ақтық сынға жолдама алған 8 үміткер командалардың арасында біз ғана мектеп оқушысымыз. Қалғандары жоғары оқу орындарының студенттері, – дейді Пәкжан Ниязбек.

Жас зерттеушілер  жобасының өзектілігі – ауадан тұщы су өндіруінде. «Water from air» құрылғысы – ауадан суды конденсация әдісі арқылы алады. Жаңбырдан, тұманнан немесе шықтан пайда болған атмосфералық су буы тордың суық бетінде конденсацияланып, құрылығының төменгі жағында орналасқан резервуарға жиналады. «Өнімділік ауа- райына тікелей байланысты.  Бірақ біздің есептеуіміз бойынша күніне 100 литрге дейін су алуға мүмкіндік бар, – дейді Ерасыл Мырхиев.

Зерттеу негізінен еліміздің халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңіріндегі 5 ауылы бойынша жүргізілген. Аталған ауылдарда су тапшылығы сезіліп, тұрғындар суды тасып ішетіндігі анықталған. Шәкірттеріміздің ендігі жоспары – ауылға су жинайтын мұнара орнатып, жобаны ары қарай дамыта беру.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий