Қазақ тілі сабағында тыңдалым дағдысын қалыптастыруға бағытталған әдіс – тәсілдер
Қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз. Оқушылар оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады. Қазақ тілінде берілген кез келген ақпараттарды тиімді қолдана отырып, өзіне қажетті мәліметті ала алады. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.
Тілді кіріктірілген бағдарлама арқылы оқытудың негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым) меңгерте білу. Тыңдалым дағдысы бойынша негізгі ойды түсіну, ақпаратты анықтау, түсінгенін практикада қолдана білу бағаланады; осылардың ішінде басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым әрекеті болып табылады. Өйткені күнделікті өмірде оқушы көптеген ақпаратты сағат сайын естіп, көріп тыңдайды.
Бірақ кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсіну сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Егер оқушы өзіне керек мәліметті тыңдау арқылы тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым,жазылым,оқылым), яғни айтылып жатқан мәліметті түсінеді; өз пікірін білдіре алады және басқалармен қарым-қатынас жасай алады; тақырыпқа қатысты деректі түсініп оқиды; көтерілген мәселеге өз көзқарасын жазбаша жеткізе алады. Ал тыңдалым дағдысы дегеніміз не? «Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну».
Бұл айтылған не техникалық ақпараттарға жазылған аудио мәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғым». Тыңдай білу — тілдік қатынастарда аса қажетті біліктердің бірі. Бұл біліктіліктің адамның күнделікті өмірде атқаратын қызметі аса зор және адамның қатынас икемділігінің негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Арнайы зерттеулердің нәтижесінде адам орта есеппен уақытының 29,5% -ын — тыңдауға, 25,5% -ын — сөйлеуге, 10% -ын — жазуға жұмсайтындығы анықталған.
Іскерлік қатынастар жағдаяттарында жұмыс күнінің 16%-ы оқуға, 9%-ы жазуға, ал 30%-ы сөйлеуге кетеді екен. Тіпті ресми емес әңгімелесулердің барысында да адам әріптесінің айтқан сөзінің тек 60-70%-ын меңгеретін көрінеді. Абай Құнанбаев “Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: бірінші — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде иә көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек”, — дейді.
Ес адамның әр алуан іс-әрекеттерімен байланысты болып, тіршілікте аса маңызды қызмет атқаратын болғандықтан, оның түрлері мен көріністері де әр қилы. Тыңдалымның мақсаты оқушыларды: аудиожазбаның мазмұнын түсінуге, белгілі бір ақпаратты қабылдауға, мәтін детальдарын түсінуге, айтылған ойды толық түсінуге, сөйлеушінің сөзін еш қиындықсыз ұғынуға, ауызекі, анық құрылмаған сөйлеу тілін өзге адамдардың көмегінсіз түсінуге, бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио бағдарламаларды еркін, түсініп қабылдауға таныс және бейтаныс тақырыптағы сөйлесімнің негізгі ойын түсінуге, үйрету.
Тыңдалымға арналған белсенді жұмыс түрлері: Оқушыларды қоршаған ортадағы кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсінуге бейімдеу керек. Ол үшін сабақ барысында түрлі белсенді жұмыс түрлерін пайдалану көп септігін тигізеді. Оқушыда тыңдалым дағдысын қалыптастыру үшін белсенді жұмыс түрлері өзекті, қызықты, әртүрлі болуға тиісті. Тыңдай білуде мыналарды басты назарда ұстау керек: Кісімен сөйлескенде оның жүзіне сыпайылықпен назар сап, айтайын деген ойын сабырмен тыңдап, асықпай, сөзінің аяғын күткен дұрыс.
Сөйлесіп тұрғанда мән бермеу, теріс айналу, сағатқа қарау, шыдамсыздану әдепсіздікке жатады. Өзгелердің сөзіне рұқсатсыз араласпау керек. Қажет болғанда, “ғафу етіңіз, сөзіңізді бөлемін” деп барып, айту керек. Келіспейтін жағдайда шыдамдылықпен тыңдап, пікіріңді орнықты, дәлелмен сабырлы жеткізе білу керек. Тыңдау екі түрлі болады: үндемей, сөйлеушінің сөзін бөлмей тыңдау. Сөзге араласып, өзара ой алмасып отырып тыңдау. Сөйлеуші адамның мінез – құлқы, жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы ескерілуі тиіс.
Мәдениет мәйегі. Адамның жан дүниесін тануға деген құлшыныс, ой-сезіміне деген құлықтылық, жүрек түкпіріндегі мұң-сырына ортақтасуға деген бейімділік, қарттықты құрметтейтін, жастықты үкілейтін, қайрымдылықты қастерлейтін игі дәстүр, балаға мейірім, атаға қамқорлық, ағаға ізет, ініге ілтипатты кие тұту – рухани өміршеңдіктің, әдептіліктің, мәдениеттің басты көрінісі. Жан баласын жатсынбайтын, өзгелерге түсіністікпен қарайтын, болмысынан турашыл, адал, жомарт, батыр, қайсар, өжет, өр қасиеті – қазақ мәдениетінің мәйегі. Тіл табыса білу – өнер.
Ауызекі сөйлеу және тыңдау мәдениеті. Сөз мәдениеті ауызекі тіл мәдениеті және жазба тіл мәдениеті болып бөлінеді. Студенттерге тыңдау дағдысын қалыптастыруда жадының маңызы. Баланың кез келген іс-әрекеті оның жұмыс істеу әдіс-тәсілдеріне тікелей байланысты болады. Қолданылатын әдістің тиімділігі оның нәтижелілігінің кепілі болады. Егер есте сақтау қабілетін іс-әрекет деп танысақ, онда сәйкесінше қандай да бір мәліметті есте сақтауға септігін тигізетін арнайы іс-әрекетке байланысты әдіс-тәсілдерді меңгеру қажет болады.
Әрбір саналы адам мақсатты түрде есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталған әдістерді меңгерсе, өзінің есте сақтау жадын тиімді әрі рационалды түрде дамыта алатындығы ғылыми түрде дәлелденген. Студенттер бойына тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатында есте сақтау қабілеттін дамыту керектігін біле отырып жадының дағдылары бірнеше бөліктерден тұратынын анықтадым: белгілі бір мәліметті тез есте сақтауға көмектесетін бейнелі шартты белгілер болуы тиіс. Мысалы, Төменде көрсетілген «Есте сақтау» әдістері, әңгіме мазмұнын есте сақтап, оны сол шартты белгілерге қарап толық мәлімет беруге оңтайлы.
Есте сақтаған мәліметтерді бейнелі образдарға айналдыру қабілетінің болуы; Бұған мысал ретінде, «Ассоциация» әдісін дәлел ретінде алуға болады. Мәліметті ұзақ уақыт бойы есте сақтау дағдысын қалыптастырып, қажетінде еске түсіртетін зейін тұрақты болуы тиіс; Жадымызда мәліметтердің байланысын есте сақтау үшін көмек көрсететін тірек образдар жүйесі болуы тиіс. Есте сақтау қабілетін тұрақтандыру үшін қарапайым қағидаларды да ұстанған дұрыс. Ғалымдар есте сақтаудың бірнеше жолдары барын мәлімдеді. Мысалы, бос уақытта сурет салу есте сақтауды жақсартады екен.
Бұл жерде суреттің сапасы мен көркемдігі маңызды емес, бастысы – сурет ойды тынықтырады. Ойдың тынығуы есте сақтау қабілетін жоғарылатады. Көзге арналған жаттығулар да естің дамуына пайдалы. Егер таңертен күнде 30 секунд жаттығу жасап отырса, есте сақтау қабілетіміз 10%-ға жақсарады. Бұл да ғалымдармен дәлеледенген. Сөзжұмбақтар, ойша санау, логикалық сұрақтарды шешу, өлеңдерді жаттау, шет тілдерін меңгеру – миды жұмыс істеуге арналған ең тиімді әдістер болып саналады.
Жалаң аяқ жүгірудің өзі есте сақтау қабілетіңді жақсартады. Себебі, адам жалаң аяқ жүрген кезде, аяғын жарақаттап алмайын деп айналасына барлай арап жүреді емес пе, мұндай сәтте ми да белгілі бір қызмет атқарады. Ол қызметтер есті жақсартуға көмектеседі екен. Келесі тәсіл – жазу. Қазіргі кезде қолмен жазу қалып келеді. Көбінесе біз пернетақта көмегімен жұмыс жасаймыз. Дегенмен, есте сақтау қабілетімізді жақсарту үшін бір ауық қолға қалам алып, жазу жазып та тұру өте қажет.
Жаңа зерттеулер дәлелдегендей, жаттығу кезінде салмағы ауыр заттарды көтерген кезде есте сақтау 20%-ға жақсарды делінген. Биікке өрмелеу, шыңға шығу мен ағашқа өрмелеу де есте сақтау қабілеті үшін пайдалы. Себебі, тепе-теңдікті сақтау арқылы жады жұмысы жақсара түседі екен. Бір сөзбен айтар болсақ, миды үнемі жұмыс істетіп тұру қажет екеніне көз жеткіздім.
Тыңдалым дағдысын қалыптастыруда аудиожазбаларды қолдану.Бұған әр сыныптың, әр оқушының жас ерекшелігіне байланысты мәтіндер алып отырдым. Оқушы бойына тыңдалым дағдысын қалыптастыруда әдіс-тәсілдерді пайдаландым. Оқытудағы басты принципім – оқушының жеке, өзіндік мүмкіндіктерін ескеру, барлық оқушының сабаққа белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту, өз ойын жеткізуге, өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік тудыра отырып, оқушының танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту.
Проблемалық оқыту арқылы оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып, оқушыларды білімді өз бетімен меңгеруге талпындыру, өз ойын ашық айта білуге тәрбиелеу, сабақ процесінде оқушының белсенді іс-әрекеті белсенді ойлауға, белсенді оқытуға бағытталды. Жаңа идеялар ұсынуда және жаңа мүмкіндіктерді көруде, оқушының қабілетінің дамуына мүмкіндік тудырдым. Тыңдалым дағдысын басшылыққа ала отырып сапалық және қатыстық сын есім тақырыбын өткенде студенттерге аудиожазбадан «Атаның ақылы» деген мәтінді тыңдатуға болады. Мәтін бойынша тест жұмысы мен тапсырмалар беріледі.
«Атаның ақылы».Аппақ шыңды Алатаудың аясындағы Алматы қаласының Орталық саябағы маусым айы кезінде жайқалып тұр. Бой түзеген күміс қылқанды шыршалар, жасыл сырғалы ақбалтыр қайыңдар, жұпар иісі аңқыған аршалар гүлзарлы алаңдарды қоршап, қоңыр салқын самалмен тербеледі. Бес жасар Бектай атасымен бірге бақ аралап, әткеншек тепті, серіппеде секіріп ойнады. «Поезға» мініп, «жол жүрді», «зымыранға» мініп, зымырады. Бір кезде тәмпіш мұрны тершіп, қарақаттай көзі күлімдеп, ол:
– Ата, шөлдедім, – деді. Атасы ақ күмістей сақалын тарамдап, күлімдеді де: – Шөліңді қандыр, жарығым, -деп, оған салқындаған алма шырынын сатып әперді. Бекжан құтыдағы салқын, тәтті алма шырынын құшырлана жұтып алды да: – Ата, балмұздақ жегім келеді, – деп, ентіге сөйледі. Ақжарқын атасы Бекжанға балмұздақ сатып әперді де: – Ботам, балмұздақтан көп жеме, тамағың ауырып қалады, деп ескертті. Бектай атасы алып берген балмұздақтан біраз жалады да: – Ата, шоколад жегім келеді, деп, күлімдеді. – Жарығым, әр нәрсенің шамасы бар. Қанағат керек. – Ата, қанағат деген не? – деп, Бекжан сұрақ қойды.
– Күнім-ау, «қанағат» деген – әр нәрсенің шама-шарқын біліп, соған риза болу, тамақ ішудің де шегін, ретін білу… Қанағат қылмай, не болса соны талғамай, іше берсең, ауырып қаласың – деп атасы ақыл айтты. – Онда… Мақұл! – деп, Бекжан ойланып қалды. Атасының ақылын түсініп, айтқанын істеген Бекжан бақта сергек сейілдеп, жақсы демалды.
Тест сұрақтары. Оқиға қай кезде болды?
A) мамыр айында
B) шілде айында
C) маусым айында
D) тамыз айында
E) күзде
Баланың көзі қандай?
A) қоңыр
B) қарақаттай
C) көкшіл
D) қой көзді
E) бота көзді
Атасының мінезі қандай?
A) ақкөңіл
B) момын
C) қатал
D) ұлтжанды
E) ақжарқын
Мәтінде айтылмаған ақпаратты табыңыз.
A) Шөліңді қандыр, жарығым.
B) Ата, балмұздақ жегім келеді.
C) Атасы оған шие шырынын сатып әперді.
D) Жарығым, әр нәрсенің шамасы бар.
E) – Онда… Мақұл! – деп, Бекжан ойланып қалды.
Мәтінге қай тақырып сай келеді?
A) Көзіңді жас кезіңнен сақта
B) Ата мен бала достығы
C) Бақытты балалық шақ
D) Бала арманы
E) Қанағат – денсаулық кепілі.
Мәтін бойынша тапсырмалар. Сөздердің синонимдерін табыңыз. Салқын – ….. (суық), Ата – …. (қария, ақсақал), Ақыл – …. (сана, ес). Төмендегі тіркес мағыналарын таратып жазыңыз. «Бой түзеген шыршалар» – …. (Әдемі, түзу болып өскен шынарлар). Шама-шарқын білу – …. (әр нәрсенің шама – шарқын білу, соған риза болу). Мәтіннен сапалық және қатыстық сын есімдерді табу. Мысалы: Сапалық сын есімдер: қоңыр салқын, жасыл, жақсы демалды. Қатыстық сын есімдер: гүлзарлы алаңдар, қарақаттай көзі, ақ күмістей сақалы.
2 – тапсырма. Біріккен сөздерді өткенде оқшыларға аудиожазбадан бірнеше біріккен сөздерді тыңдаттым. Оқушылар есінде қалған біріккен сөздерді жазып шықты. Бұл жерде оқушылардың есте сақтау деңгейің қаншалықты екенін тексердім. Біріккен сөздерді есте сақтап дәптерге жазу. Күнтізбе, елбасы, тілашар, мұражай, дәрісхана, медбике, этнография, Қараой, Екібастұз, әзілқой, көзқарас, көнекөз, шаруақор, қонақжай, беймаза, Жетісу, Жетісай, Таңшолпан, Қаратау, Талдықорған. 3 – тапсырмасы: Сан есім тақырыбын өткенде оқушыларға мәтін тыңдаттым. Мәтіннен сан есімді тауып түрлеріне қарай ажыратып жазды. Сан есімге байланысты берілген мәтін.
Төрт атты жақындай беріп, екі – екіден қақ жарылды. Екеуі оң жақтан, екеуі сол жақтан шықты. Екеуі таныс. Екеуі беймәлім. Біреуі адамның басын алуға келе жатқандай қабағын түйіп алыпты. Енді біреуінің жүзінде, езуінде мысқыл бар. Олар – төртеу, бұлар екеу, алты атты бір – біріне ат басын тірей келіп тоқтады. Екеуміз бірге өстік, бір мектепке бардық. Кеңсенің есігінен қазандай қара құлып асылып тұр екен, үшеуі бірдей күнқағарлы сәкіге барып отырды. Екеуі қатарласа отырып, буы бұрқыраған самаурынды орталарына алғанда, ақшам жамырап, өрістен мал қайта бастаған.
Үшеу, төртеу, біреу, екеуі – жинақтық сан есім 6 рет қайталанды; алты, бір – есептік сан есім; екі – екіден – топтау сан есім. Оқушылар осылай әр тақырыпқа байланысты аудиожазба арқылы тапсырмалар орындады. Сабақта аудиожазбадан бөлек тыңдалым дағдысын қалыптастыруға бағытталған мынадай әдіс – тәсілдерді қолдануға болады: «Синонимдерді тап» әдісі.Студенттерге сөздер ұсынылады. Олар тыңдалған мәтіннен осы сөздердің синонимдерін тауып, жауап парағына белгілеуі керек. Осы арқылы оқушылардың тыңдау әрекеті мен сөздік қоры дамиды.
Аяқталмаған сөйлем. Оқушыларға тақырыпқа қатысты мәтін оқимын. Оқушылар топпен не жеке (жұппен) бірлесе мәтінді өз ойларымен аяқтайды. Мұны әр түрлі тақырыпта сергіту сәті ретінде де алуға болады Мысалы: «Баяғыда сөз табы деген қарияның зат есім деген ұлы болыпты. Ол ортасына беделді, жаны жайсаң адам екен. Егер елінде екі адам бір – бірімен келіспей қалып жатса Зат есімге барып шешуін табады екен…..» ары қарай оқушы аяқтауы керек.
Тізбектелген ереже. Бір оқушы тақырып бойынша бір тұжырым айтады. Екінші оқушы оның айтқанын қайталап, өзінің тұжырымын айтады. Үшінші оқушы алдыңғы екі студенттің айтқанын қайталап, өзінің тұжырымын айтады. Сөйтіп жалғаса береді. Кезегінде айта алмаған оқушы шығып кетеді.Шығып кеткен оқушы тақырып туралы түсінбеген дегенді білдіреді. Жасырын сөз. Оқушылар тақырып бойынша сөз жасырады. Оны сипаттайды, сол сипаттама арқылы басқа оқушылар жасырынған сөзді табады. Сипаттауда айтатын сөздерге шектеу қою арқылы немесе қимыл арқылы көрсетуді ұсынуға болады. Мысалы жасырылған сөзді 3 сөз арқылы сипатта деген сияқты.
Дөңгелек үстел. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Топтағы бір оқушы жаңа тақырыпты қатыстыра отырып 1 сөйлем айтады. Екіншісі оның айтқан ойын әрі қарай жалғастырып, екінші сөйлемді айтады. Соңында мәтін шығады. Екінші топ мәтін не туралы екенін айтып береді және мәтінге тақырып қояды, сөйлем ішінен жаңа тақырыпқа байланысты сөздерді табады. Барлық айтылған тапсырмаға бір ғана оқушы жауап бермейді. Топ мүшелерінің барлығы қатысады.
«Төрт сөйлем» әдісі.Тыңдаған материалдан қажетті ақпаратты іріктеп алуға дағдыландыру мақсатында қолданады. Пікір. Тыңдаған мәтін бойынша өзіндік пікірін бір сөйлеммен жазады. Дәлел. Өз пікірін бір сөйлеммен дәлелдейді. Мысал. Пікірін өмірмен байланыстырып, мысал келтіреді. Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды шығарады.
Анар Тналиевна ХАСЕНОВА,
Щучинск Жоғары техникалық колледжінің
қазақ тілі пәнінің оқытушысы, Ақмола облысы