Жамбыл облысындағы республикалық ғылыми-практикалық семинар
Тараз қаласында «Білім берудің мазмұндық және цифрлық трансформациясы жағдайындағы өңірлік әдістемелік қызмет» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Жамбыл облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Нұрбек Серікұлы, ЖОО ректорлары мен ғалымдары, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының оқу-әдістемелік кабинеттерінің басшылары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, «Педагогикалық шеберлік орталығының», кәсіподақ ұйымының, Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылары, Жамбыл облысының білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері, үздік педагогтер қатысты.
Жалпы республикалық семинар биыл облысымызда XV рет ұйымдастырылды. Достық үйінде өткен шарада облыс оқушыларының, педагогтерінің жетістіктерінен тұратын көрме қойылды. Облыс оқушылары өздерінің ғылыми жұмыстарын таныстырса, үздік мектептер мен педагогтер білім беру ұйымдарының жұмысын көрсетті.

Жиында әдістемелік қызметтердің ғылыми-талдамалық, ғылыми-сараптамалық жұмысын ұйымдастырудың тәжірибесі мен перспективалары, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеудің көпдеңгейлі аймақтық жүйесі, білім берудің қазіргі заманғы ұйымдастырылуының білім беру кеңістігі мәселелері қарастырылды.
Ғылыми-практикалық семинардың тәжірибелік алаңында Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясының «Цифрлық мектеп» инновациялық жобасы, жобалық қызмет арқылы оқушылардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту бойынша дарынды балаларға арналған «Дарын» облыстық мектеп-интернатының тәжірибесі ұсынылды.

Тараз қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназиясының басшысы мен педагогтері оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелік менеджменті мен цифрлық білім беру бағдарламаларын енгізу тәжірибесін таныстырды. Семинардың қорытынды бөлімінде еліміздің аймақтық әдістемелік қызметтерінің жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар қабылданды.
