Шымкент қаласындағы мектеп директорларының дебаты

Шымкент қаласындағы білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың үйлестіруімен жергілікті білім беру ұйымдарында пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында мектеп директорлары арасында алғашқы рет “Жаңа Қазақстан: білім көкжиегіндегі жаңа мүмкіндіктер” тақырыбында дебат турнир ұйымдастырылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” тақырыбында биылғы наурыз айының 16-ы күні барша отандастарымыздың назарына ұсынған кезекті Жолдауының басым бағыттарын насихаттау үшін әдістемелік орталықтың бастамасы бойынша “Amanat” партиясының Шымкент қалалық филиалы мен жауапкершілігі шектеулі “1 Talant  жалпы беру мектебі” серіктестігі және “125  High School”, Alpha Academy” филиалдарының ортақ мақсаттағы бірлескен қолдауымен ұйымдастырылған тұңғыш жергілікті пікірсайыс бәсекесіне 33 білім мекемесінен 17 фракция қатысып, 34 бірінші басшылар өзара бақтарын сынаған болатын.

“Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасын іске асыру және білім беру ұйымдарында пікірсайыс қозғалысын ілгері дамыту мақсатын көздеген ойында  қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері және осы бағытта тәжірибесі мол ардагер аға буын пікірсайысшы педагогтер төрешілік жасады. Сөз сайысының қорытынды нәтижесінде жүлделі бірінші орынмен “Абайдың жүйріктері” фракциясының намысын қорғаған екі мектептің жетекшілері №49 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Асылбек Асанұлы Сарыбасов пен №73 жалпы орта білім беретін ұстаздар ұжымының басшысы Жамила Биртанова Калтаева марапатталды.

“Жаңашыл көшбасшы” фракциясының құрамындағы Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназия директоры Гүлназ Сайлауовна Абильдаева, № 35 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Жайна Амантаевна  Қарабаева жүлделі екінші орынды иеленді. Үшінші орын “Жарық жұлдыздар” фракциясындағы №125 49 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Баглан Шереханович Умбетбаев пен №85 49 жалпы орта білім беретін ұстаздар ұжымының басшысы Жансұлу Абдразаққызы Сихамбековаға бұйырды.

“Үздік талпыныс” аталымындағы арнайы диплом “Ұтқыр алаң” фракциясына топтасқан №115 негізгі орта білім беретін мектептің директоры Жадра Назимхановна Асибекова мен №102 49 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Ерали Бийжигитович Баратовқа берілді. Линкольн және Дуглас форматы бойынша  турнирге қатысқан 32 директордың ішінен оқ бойы озық шыққан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның жетекшісі Алмас Серікұлы Қайыпов турнирдің «Ең үздік спикері» атағын жеңіп алды.

Пікірсайыс барысында үздік ойын көрсеткен фракцияларға арнайы аталымдар бойынша дипломдар және алғыс хаттар табысталды. – Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған мектеп директорларын жеңістерімен шын жүректен құттықтап, тұңғыш турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлкен үлес қосқаны үшін қалалық білім басқармасына айрықша алғыс айтамыз. “1 Talant жалпы беру мектебі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “125  High School”, “Alpha Academy” филиалы басшыларына және қаламыздың пікірсайысшыларына білдіретін рахметіміз де зор.

Бұл турнирдің алдағы уақытта да жыл сайын жалғасып, тұрақты дәстүрге айналғанын қалаймыз. Бағалы бастама ілгері дамытылса, білім мен тәрбие беретін мектептің басшылары жеке іскерлік қарым-қабілеттерін жаңа заман талаптарына сай шыңдау арқылы тұтас ұстаздар ұжымының озық үлгілермен даралануына тың серпін беретіндігі анық, – дейді осы мазмұнды шарадан ерекше көңіл күймен тараған көпшілік қауым.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий