Қарағандыда білім саласындағы заманауи трендтер талқыланды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова Қарағандыдағы жалпы білім беретін мектептердің жас мұғалімдерімен кездесті. Аталған шара әлемдік білім беру трендтері негізінде білім беру мазмұнын жетілдіру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Еліміздегі жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған жоба бұған дейін елорда мен Өскеменде өткен болатын. Әр кездесуде жас мамандарға өзекті саналатын тақырып таңдап алынады. Қарағанды қаласында өткен кездесуде жас мұғалімдер сабақты саралау тақырыбын талқылады. Педагог мамандар өз тәжірибесіндегі түрлі мысалды ортаға сала отырып, тың шешімдер мен қиындық туғызатын кейстер жайлы ой бөлісті.

Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің биология мұғалімі Салтанат Рахметолла бұл кездесуге бірнеше сұрақпен келгенін айтады: – Осы кездесуде саралау әдісін қолдануға қатысты өзімді қызықтырған сұрақтарға жауап алдым. Модераторлар мен жас әріптестер ұсынған әдіс-тәсілдерді келесі оқу жылында өз жұмысыма енгізуді жоспарлап отырмын. 

Күләш Ноғатайқызы жас мамандарға арналған лекциясында білім саласындағы заманауи трендтерді таныстырып, жаңа заман мұғалімінің жан-жақты, ізденімпаз болуының өте маңызды екенін атап өтті: –  Бүгінгі кездесуде өзекті мәселелерді көтеріп, жақсы талдау жасадыңыздар. Терең ойлы, ізденісте жүретін жастарды көріп, қуанып отырмын. Сұрақ қоя білу, өзін қызықтырған сұраққа жауап іздеу – ұстазға ең қажет қасиет.

Кездесу модераторлары – Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Евгения Маторина мен Бауыржан Ділманов жас мұғалімдерге саралау әдісінің маңызы мен оны тиімді жүзеге асыруға көмектесетін пайдалы әдіс-тәсілдерді таныстырды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Абылай Муканов мұндай форматтағы кездесулер өз жұмысыңа сырт көзбен қарап, жаңа бағыт-бағдар алуға көмектесетінін айтады.

Бұл пікірмен №73 негізгі орта мектептің информатика мұғалімі Ержан Акимжанов та келіседі. –  Мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдан асты. Педагогика саласында үлкен тәжірибесі бар мамандардың жас буынға өз тәжірибесін, ақыл-кеңесін бөлісіп жатқаны қуантады. Жас мұғалімдерден де аларымыз көп. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу алаңдары көбейсе, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына бағытталған жұмысымыз жемісін береді деп сенемін, – дейді жас маман.

Жас мамандармен кездесу топтамасы алдағы уақытта Алматы, Павлодар, Қостанай қалаларында өтеді деп жоспарлануда, ал жаңа оқу жылынан бастап басқа қалаларда да жалғасын таппақ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий