Қазақстандық оқушылар дүниежүзілік гимназиядан 85 медаль жеңіп алды

Қазақстандық мектептердің 250-ге жуық оқушысы мамыр айының 14-22 күндері Франция мемлекетінің солтүстік-батысындағы тарихи және мәдени аймақ саналатын Нормандия жерінде ұйымдастырылған дүниежүзілік гимназиадаға алғаш рет қатысып, 85 медаль жеңіп алды. Оның 32-і алтын, тағы 32-і күміс және 21-і қола, – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Отандық құрама 3-орынға тұрақтап, үздік үштікке енді. Турнир кестесінде алтын және күміс медальдар саны бойынша еліміз үшінші қатарға көтерілсе, қола медаль саны бойынша 5-і тұғырға орнықты. Оқушылар таеквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, семсерлесу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, садақ ату, бокс, грек-рим күресі, әйелдер күресі және регби сияқты спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.
Жас спортшыларға қолдау көрсету мақсатында елордасындағы әуежайға барған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ үміткерлерге жылы лебізін білдірген болатын: – Сіздер бұл бәсекеге ұзақ уақыт бойы дайындалдыңыздар және тәуелсіз мемлекетіміздің спорттағы мүмкіндігін танытуға аттанып барасыздар. Оқушыларымыздың әлеуеті зор екенін білемін, сол себепті біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде көрсете алатынына сенімдімін.

Салауатты өмір салты мен дене шынықтыру мектеп қабырғасынан қалыптасады. Біз қазір мектеп және студенттік спорт лигаларын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – біз үшін басым бағыттың бірі. Сіздерге жеңіс тілеймін және ұлттық құрамамыздың қоржынына медаль күтеміз!. Халықаралық деңгейдегі бәсекеде әлемнің жетпіске жуық елінен келген құрдастарымен бақ сынаған талантты шәкірттер дүбірлі доданың алғашқы үш күнінде 14 медаль олжалаған еді.
– Барлықтарыңызды лайықты жеңістеріңізбен құттықтаймын! Әр медаль – еңбектің, табандылықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің жемісі. Жақсы дайындық жүргізген мұғалімдеріңіз бен жаттықтырушыларыңызға, сондай-ақ қолдау көрсеткен ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта да Қазақстанды халықаралық деңгейде абыроймен танытуларыңыз үшін жағдай жасауды жалғастырады. Командаға күш-жігер, қайрат және жаңа жеңістер тілеймін. Біз сендерді мақтан тұтамыз!, – деген жедел хат жолдап, жат жұрттан жеткен ақжолтай хабарды естегін бойда ұлттық құрама мүшелеріне алғашқылардың бірі болып ізгі лебізін білдірген еліміздің бас педагогы Асхат Қанатұлы.

Сала мамандарының мәлімдеуінше дүниежүзілік гимназиадаға қатысу мектеп спорты мен мектеп лигасының дамуына серпін береді. Балалар жылы жас спортшыларымыз үшін осындай маңызды оқиғамен ерекшеленіп отыр. Үміткерлер негізінен спорттың 18 түрінен өнер көрсетуге тыңғылықты әзірленіп, алғашқы үздіктер тобынан табылу мақсатын көздеген еді.
Нәтижесінде дүние жүзінің жетпіс елінен келген 3,5 мың қарсыласқа есе жіберген жоқ. Ұл-қыздарымыздың ынтасы мен жігері жоғары. Олардың таудай талабына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесi орталығының директоры Сағдат Садықов.
