Референдумды қолдау: Халықтық шешімнің тиімді тетігі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы маусым айының 5-і күні еліміздің азаматтары үшін Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдайтындығын немесе қалыс қалатындығын анықтайтын бүкіл халықтық референдум ретінде жарияланғаны баршамызға белгілі. Осыған орай әр түрлі деңгейдегі халық қалаулылары, ресми тіркелген партияның өкілдері мен қоғамдық ұйым белсенділерінен жасақталған арнайы топ республиканың өңірлерін аралап, жұртшылықпен пікірлесуде.

Өткен аптаның сәрсенбісінде елордасында ҚР Мәжілісінің депутаттары Нұрбек Саясат, Жәмилә Нұрманбетова және тағы да басқа танымал тұлғаларға қоса Білім және денсаулық сақтау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен конституциялық реформаны түсіндіру бойынша Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің отырысы ұйымдастырылған болатын.

Жиналғандардың алдында сөз сөйлегендер Мемлекет басшысының отандастарымызға арнаған осы тақырыптағы маңызды үндеуіне басымдық берді: Мен биыл халыққа Жолдауымда саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсындым. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсенді азаматтар осыған қатысты өз пікірін білдірді. Қалың көпшілік қолдау көрсетті. Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту.

Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді.

Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар, – деген болатын ел азаматтарына жолдаған сол бейне үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.

– Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс. Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр.

27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгін мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым, – дегенін естідік ҚР Президентінің барша отандастарымыздың алдында сөйлеген сөзінен.

– Конституцияға енгізілетін өзгерістердің бірінші ерекшелігі бұдан бұрын болған барлық сайлаулар мен Парламент депутаттарының мақұлдауымен толықтырылған баптар билікті бір орталыққа шоғырлындыру, жинақтау мақсатына бағытталған болса, ендігі кезектегі тарихи шешім осы жүйеден бас тарту арқылы билікті тарату, құзырды шектеудің мүмкіндіктерін көздейді, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нұрбек Саясат. 

– Ата Заңымыз түбегейлі өзгерістің алдында тұр. Енгізілетін толықтыруларды бұрынғы қалыптасқан үрдіс бойынша ел Парламенті депутаттарының дауыс беруімен қабылдау қажеттілігі де талқылаулар барысында Мемлекет басшысының назарына ұсынылған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірақ бұл бағыттағы пікірлерді қолдамастан, республикалық деңгейдегі референдум арқылы халықтың мақұлдайына шығару жөніндегі шешімнің дұрыстығын алға тартты.

Себебі бүкіл халықтық референдумның ең бір маңызды тұсы Ата Заңымызға енгізілуі көзделген толықтыруларды қолдайтындарды айтпағанда, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді сынау арқылы әлеуметтік желіні шулатып жүрген топтардың да маусым айының бесі күні өздері тіркелген учаскелерге келіп қарсылықты дауысын білдіруге барлық ел азаматтары үшін тең мүмкіндік берілуі дер едім.

– Біз көптеген отандық мекемелерге қоса кәсіпорындарға барып, ұжымдағы әр түрлі сала мамандары мен қарапайым еңбек адамдарының еліміздегі жаңғырулардан хабары бар және Конституцияға енгізілетін тарихи шешімдірдің мәні мен мағынасын түсінетіндігін айтуы бізді қуантады. Жүздесулерде жұртшылық көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, атқарушы биліктің басшылары мен жоғары заң шығарушы құрылым өкілдерінен нақты жауап талап етеді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Жәмилә Нүсіпжанқызы.

– Amanat пар­тия­сының кезектен тыс XXIII съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев билеу­ші пар­тияның төрағасы өкілет­тігі­нен бас тартты. Сондай-ақ Конституциялық түзетулер нәтижесінде Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүшелі­гін уақытша тоқтата тұруға міндеттелмек. Аталған норма елдегі саяси бәсекені арттырып, саяси монополияны жояды, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Сайлауға қатысатын әрбір күшке тең мүмкіндік туғызады. Өзге партияларды Президенттің мысы басып тұрмайды. Сөйтіп саяси жүйеде әділдіктің орна­уына жол ашады.

Басқосудың қорытынды кезеңінде жиналғандардың сұрақтарына жауап беріліп, тақырып аясында ой-пікір алмасқан сәтте сөйлегендердің сөзі бүкіл халықтық референдум мемлекеттік маңызы бар мәселелерді халықтың талқысына салу арқылы ортақ пайыммен бірлесе шешудің тиімді тетігі екендігі туралы түйінді тоқтам жасалды.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий