Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауға көмектес

“Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауға көмектес”, – дейді байырғы бабамыз Жүсіп Ьаласағұн. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру-әр ұстаздың, әрбір білім жолында қызмет еткен жандар үшін маңызды міндет болып есептеледі. Қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын оқып-үйреніп, күнделікті сабақтарда шығармашылықпен пайдаланып отырса, нәтижесін берері сөзсіз.

Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды. Міржақып Дулатов қазақ арасында көбіне көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі.

Ол «Туысында қанша зеректік болса да – ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанда көріп тұрғандай боласың…» деп түйіндейді. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім», – деп қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Қабілет – іс–әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Қазірге дейін ғылым мен тәжірибеде дарындылық туралы екі түрлі көзқарас бар. Біреулері кез келген бала дарынды, тек уақытында нақты қабілетін анықтап, дамыту керек дейді. Ал қарсы көзқарастағылардың айтуынша, дарындылық – өте сирек құбылыс, жалпы адамдардың өте аз тобына ғана тән. Сондықтан дарынды балаларды іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей.

Біз дарынды деп белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшеленетінін айтып жүрміз. Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшеліктің одан әрі дамуына көмектеседі. Қолайлы ақуал, тамаша кәсіби ұстаздық ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады. Дарындылықты дамытуда оқытудың әртүрлі жаңа технологияларын тиімді пайдалануы керек. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жұмыс жоспарына сәйкес «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Айталық дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында “Зерде” республикалық конкурсы, “Бастау” республикалық олимпиадасы, «Ділмар» шешендік өнер байқауы, Республикалық Мәшһүр – Жүсіп оқулары, «Ұшқыр ой алаңы» республикалық пікір-сайыс турнирлері секілді бірнеше шаралар мен олимпиадалар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар баланың қабілеттіліктерін дамыту және ынталандыру, сезімталдығы, тапқырлығын ұйымдастыру және қарым-қатынас жасай білу қасиеттерін ұштау.

Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.

Гүлназ Аманжолқызы БЕКЕНБАЕВА,
«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік
қосымша білім беру орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий