Қазақ тілім – қадірің бөлек дарасың!
Қазақ тілі дегенде көз алдымызға тілдің қадірін терең білген небір даналарымыз, ғұламаларымыз келеді. Өйткені тілдің мәртебесі – оның қадіріне жетіп, тілдің сөздік қорын байыту жолында, оны әлемге танытуда еңбек еткен саналы тұлғалардың еңбегімен бағаланады. Ұлы Абай, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұқағали Мақатаев сынды көптеген ұлы тұлғалар қалдырған бағалы мұралар еліміздің алтын қоры ретінде құнды.
Олардың еңбегі қазағымыздың қасиетті тілі арқылы халықтың санасына сәуле түсіріп, мол еңбек сіңіру арқылы халыққа қызмет етуді мақсат тұтты. Сол еңбегінің өтеуі ретінде тіліміз қазіргі кезеге дейін өз құндылығын жоймай, мәртебесі күннен-күнге артып келеді. Қазақ халқы небір тарих толқындарында аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткерді. Сол қиын кезеңдерде қазақ тілінің де жойылып кету қаупі туған кезеңдер де болды. Сол алмағайып кезеңдерден абыроймен өте білген қастерлі тіліміздің қадіріне жетіп, бағасын жете түсіне білуіміз керек.
Қазақ тілі – түркі халықтарының ішіндегі өзінің табиғи тазалығын сақтай білген ең ерекше, сөздік қоры бай тілдердің бірі. Таза, терең, өткір қылыштай жарқылдаған, күшті қуатты, байтақ даламыздай кең тіліміз арқылы әлеммен тілдесеміз. Қазақ тілінің мұғалімі ретінде білімімді тереңдетіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында еңбектенуде көп ізденемін. Халықтың рухани өмірінде ерекше орын алатын тілдің маңызы әрқашан зор.
Табиғи тазалығын сақтау жолында еңбек еткен небір ғұламалардың жүрегін тебіренткен тіл қуаты қашанда жойқын болған. Алаш зиялыларының бірі болған Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі» өлеңінде былай жырлаған:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! Нұрлы жұлдыздай халықтың бірілгін сақтап қалған тілдің бағасын терең сезінген ақынның жүрегі туған тілге деген нәзік сүйіспеншілікке толы.
Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деген екен. Бағасыз қазына саналатын туған тіліміз арқылы өткен ғасырлар қойнауындағы небір жауһарларымыз бен өнер туындыларын тіл арқылы жеткізіп, бүгінгі ұрпақтың санасына мол рухани азық болардай құнды дүниелер сыйлаған. Өткен ғасырдағы кітаптарды, көркем туындыларды оқығанда сол кезеңнің адамдарымен, сол кезеңнің ауасымен тыныстап, сол әлемде өмір сүргендей күй сыйлайтын тілдің құдіреті ерекше сиқырлы.
Жақында Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын оқыдым. Соғыс кезіндегі оқиғаны баяндайтын шығарма сюжеті менің көңіліме, өміріме әсері зор болды. Бейбітшіліктің, тыныштықтың, тоқшылық пен тәуелсіз өмірдің бағасын, қадірін терең сезіндім. Ата-бабамызға деген терең құрмет жүрегімнің түбінде қалыптасты. Бұл сезімнің барлығы тіл арқылы жанымызға әсер етіп, жүрекке жетіп, сезім тудырады. Қазақ халқының басынан өткен небір тарихи оқиғалар кітаптар арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Ел мен тіл егіз ұғым.
Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің сонымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Біздің мәңгілік, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Мәңгілік өмір сүруіміз Жартақанға ғана аян дүние. Соған қарамастан мәңгілік құндылықтарын қастерлей білген ел қашанда мәртебесі биік болары сөзсіз. Тілдің қадірін терең түйсінген халқымызда ол жайлы даналық сөздер, көптеп кездеседі.
«Тіл жүйрік емес, ой жүйрік, Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады, Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді, Ми ойлағанды тіл тындырады, Құлаққа кірген суық сөз, көңіліңе барып мұз болар» деген секілді нақыл сөздер арқылы жеткізе білген. Ой қандай жүйрік болса, ойға келетін көркем дүниені тіл арқылы сыртқа шығарамыз. Кез-келген адамның жүрегінің кілтін көркем мәміле арқылы, көркем әңгіме арқылы ашуға болады. Қазақ қашанда тіл қадірін, сөз қадірін жете түсінген дана халық.
Сонау қазақ хандығы заманында үш бидің бір ауыз сөзіне тоқтаған даналық пен парасаттылыққа тұнған қазақ тілінің өне бойы терең мәнге ие. Қазіргі кезеңде тілді шұбарлау, тазалығына, көркемдігіне көлеңке түсіретін жағдайларға жол беріп қойып жатқанымыз жаныма батады. Адамның миына келген небір құнды идеяларды тіл арқылы жүзеге асырамыз. Тіл арқылы адамның көңілін көтеріп, қанат бітіре аламыз, сонымен қатар, тіл арқылы жүрегін мұздатып, жағымсыз сезім сыйлауымызда мүмкін.
Сол үшін тілді жақсы мақсатта, игілікке жұмсау – әр адамның жеке таңдауы деп ойлаймын. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіне бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілінің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз.
Отанға деген сүйіспеншілік тілді сүюден басталады. Қазақ тіліндегі небір тарих қойнауындағы кітаптар, мұралар – рухани байлығымыз. Ол ештеңемен өлшеуге келмейтін баға жетпес байлық. Сол байлықпен етене жақын танысу арқылы тілдің қадірін терең түйсіне білдім. Тілімнің нағыз жанашыры болып, оқушыларға оның құндылығын терең түсіндіру үшін көптеген әдістер қолданамын. Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі асқақ, әрқашан қадірі жоғары болсын деп тілеймін. Тілге қызмет ету – үлкен мәртебе.
Гулим Сембековна МАГУЛЫМОВА,
«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді
дамуы гуманитарлық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің
оқытушысы, Алматы қаласы