Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында CLIL оқыту технологиясының қолданылуы
“Білімді дамыту үшін жаңа ұғым, жаңа үлгі, жаңа тәсілдер қажет”, – дейді Жүсіпбек Аймауытов. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.
Мемлекет үштілді білім беру жүйесін енгізе отырып қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ал әлемдік экономикаға үйлесімді тіл ретінде ағылшын тілін меңгерту мақсатын көздеп отыр. Осы мақсатта тіл емес пәндерді ағылшын тілінде оқыту арқылы ел болашағын дамытуды көздейтініміз сөзсіз. Ағылшын тілінде оқытуда тиімді әдістердің бірі «Content and Language Integrated Learning» деп аталады. Бұл әдістің ерекшелігі CLIL – информатика физика, биология химия сияқты пәндерге қолдану арқылы тілді үйретуде өте тиімді болып келеді.
CLIL әдісін қолданудың барысында мақсаты пәнді басқа тіл арқылы оқу. Бұл үйренушіге мақсаттылық және мотивация, материалды игеруге қызығушылық береді. Сондай жағдайларда CLIL әдісі студенттің ағылшын тілін меңгеруіне көмектесе алады. CLIL әдісін пайдалану ұстаздан тіл және контентті игерту мақсатында алдын ала дайындықты талап етеді. Бұл әдістің басты ерекшелігі пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісі негізінде сабақта берілетін тапсырмалар мен жұмыстар тілді дамыту бағытында жүргізіледі.
Тілдік дағдыны қалыптастырумен қатар, CLIL әдісі сабақтың өтілуіне байланысты жаңа тәсілді талап етеді.Студенттерге оқу материалын берерде, жұмысты ұйымдастырғанда түрлі формаларды қолдануды, студенттің шығармашылық және жеке іс-әрекетіне назар аударуы қажет. Бұл студенттің пәнді оқуына деген қызығушылығы артып, ынтасы оятары сөзсіз. Оқытушы кәсіби даму мақсатын студенттердің сөйлеу дағдысын қалыптастыру негізінде ала отырып, топтық, жұптық, жұмыстарды ұйымдастыру барысында тапсырмаларды дайындауды дағдыдыға айналдырады.
Көбінесе сабақ барысында студенттерді жазу және көру арқылы есте сақтайтын сөздіктен, тапсырма түрлерінен, бейнесабақтан түртіп алу әдістерін кеңінен пайдалануға бағыттау қажет. Сабақ барысында берілген тапсырмаларда жазылған түрлі терминдерді айту, оқу арқылы студенттердің сөйлеу дағдысының қалыптасуы байқалады. Бұл әдісті өзім меңгере отырып, студенттерге, оқытушыларға да тигізер пайдасының мол екеніне көз жеткіздім.
Бастапқы жылдары CLIL әдісінің элементтерін қолдануды «Алгоритмдеу және бағдарламалау» пәнін оқыту барысында сабақта тақырыпқа қатысты терминдерді қолдану арқылы студенттердің тілге бейімделіп, сабаққа дайындықтары арта түскенін байқалды. Сабақ өту барысында CLIL әдісін оқытуда әр түрлі әдістерді қолдану арқылы, тілдік қабілетімізді , сойлеу дағдымызды қалыптастыруды мақсат еттім.
Clil оқыту әдісін меңгере келе өз сабағымда күнделікті «Жүгіру кезіндегі диктант» (Running dictation), «Граффити»( Graffity), «Скимминг және скэннинг» (skimming аnd scanning), «Дөңгелек үстел» (Round table), «Ақиқат/жалған»(TRUE/FALSE) , «Көру-ойлау-ойлану», (See-Think- Wonder), «Сөздермен жұмыс» (Working with words) , «Сөз-фраза-сөйлем»(Word-Phrase-Sentence), «Джигсо» (Jigsaw) және тағы да басқа әдістерді қолданудамын.
Сабақ өту барысында әр тақырыпты меңгеруде сабақ басында «миға шабуыл» әдісін ұйымдастырып, берілген суреттерге байланысты студенттер өз ойларын, идеялары мен сабақ тақырыбының сан алуан аспектілерін қозғап, ойлау дағдыларын қалыптастыруға және тақырыпқа қатысты бейнематериал ағылшын тілінде көрсетіліп, сол бейнеден скимминг және скэннинг, мәтіндерді толықтыру, сұраққа-жауап беру, ақиқат/жалған сияқты тапсырма түрлері берілу арқылы, студенттерді сөйлетуге тырыстым.
Осындай тапсырмаларды орындау студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, тілдік қорын дамытуына ықпалын тигізеді. Осылайша олардың сөйлеу-ойлау дағдылары қалыптасып, сөйлеу тәжірибесі артатынына көз жеткіздім. Бастапқыда сабақ өткізу барысында төмендегідей қиындықтарды кездестірдім. Ағылшын тілінде сөйлеу кезінде қиындық тудыруы; ағылшын тілін тыңдаудағы қиындығы; студенттердің ағылшын тілін білу деңгейлерінің әр түрлілігі; ойын жеткізуде толық сөйлемдерді қолдана алмауы; тыңдау және түсіну, студенттер мен оқытушылардан ұзақ уақытты талап етеді.
Уақыт өте пән бойынша сөздік қорлары молая түседі. Бұл әдісті қолдану сабақ барысында тілдік дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берсе, оқытушыға студенттерді үштілділік бойынша қолдауға мүмкіндік береді. CLIL әдісінің негізінде студенттердің берік білім негізі қаланады; сөйлеу қабілеті, тілдік қоры дамиды; тұжырымдап, топшылау дағдылары қалыптастады; танымдық процесі нығаяды; қарым-қатынас қажеттілігі қанағаттандырылады; пәнге деген қызығушылығы артады; шығармашылығы шыңдалады.
Сабақта әр түрлі әдіс тәсілдерді қолдану арқылы студенттермен кері байланысты орнатып, күтілген нәтижелерімізге жеттік деген ойдамын. Нәтижесінде оқытушының да, студенттердің де жасампаздығы артып, жаңашылдыққа бет бұрады.
Дария Кемелбайқызы ҚҰСАЙЫНОВА,
Талдықорған политехникалық колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы, Алматы облысы