Тұлпар – ердің қанаты

Ұлттық рухани жаңғыруда дәстүрлі мәдениеттің негізі ретінде жалғасын тапқан ұлы даланың жеті  қырының бірі – ат таңдау, жылқы өсіру, баптау өнерінің болашақ ұрпақ үшін маңыздылығы зор. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 7 қазандағы №  670 Жарлығымен 10 Ұлттық жобалар тізбесі бекітілген. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Өрлеу»БАҰОАҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша  кәсіби даму институтымен қызу қолдау тауып, мектептермен байланыс жасай отырып іске асырылып жатқаны белгілі.

Осыған орай «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дегендей  өткенді еске алсақ, Ордабасы  ауданының Аққойлы елді мекенінде орналасқан  «Ақмешіт» өлке тану мұражайында 2018 жылдың 9 ақпанында «Ықылас Дүкенұлының шығармашылық өмірі» тақырыбында іс – шара өткізілді.

Арнайы шақырылған сол кезеңдегі атауы бойынша  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы  бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының  «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты Айдарбек Бәкіржан Әшірәліұлының және осы аталған  кафедраның аға оқытушысы ретінде, Қазақстан білім беру ісінің үздігі,  Республикалық «Жыл мұғалімі -1998» байқауының  жүлдегері ретінде өзім арнайы шақырылып, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының жасалуы жолдары туралы «Жусансай» жалпы орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдеріне қазақтың музыкалық аспаптарының жасалу жолдарын, ерекшеліктерін  насихаттау, қазақтың ұлы тұлғаларын, қолөнерін өнеге тұтуға тәрбиелеу, мұғалімдер мен оқушылардың  эстетикалық-музыкалық талғамын дамыту мақсатында  шебер сынып өткіздік.

«Қажымұқан» және «Ақмешіт» өлкетану мұражайы қызметкерлерінің тікелей ұйымдастыруымен өткізілген «Ықылас Дүкенұлының шығармашылық өмірі» тақырыбындағы тәрбиелік тағылымы мол   іс-шара оқушылар мен мұғалімдер үшін     әсерлі де қызықты өткенінің белгісі оқушылар мен мұғалімдер көпке дейін көненің көзіне айналған қобыздар мен көркем жасалған ожаулардан  ғибрат алып, кете алмай оқушылар таңданысының ерекше болуынан көрінді.

Ал қазіргі толғанатын тақырып адамзат баласына өте жақын Ұлы даланың жеті қырының бірі – ат таңдау, жылқы өсіру, ат баптау өнерін жас ұрапақтың санасына сіңдіру болмақ. Тұлпар – ердің қанаты, азамат мініп рухтанар қасиетті жануар. Біле білсек осыншама ұшса құс қанаты талатын, шапса ат тұяғы тозатын қасиетті ұлан байтақ жерді қорғап қалу даналықтың, парасаттылықтың, найзаның ұшымен, білектің күшімен жеткен ержүректілік пен батырлықтың арқасы десек, осы ұлы істе қасиетті, киелі жануар – тұлпарлардың қосқан үлесі шексіз! 

Қазақтың аттан түсуі рухының кемуіне, момындыққа әкеліп соқты. Жылқы мінездес халықпыз! Тұлпарлық, намысқойлық, қайсарлық қасиетті болашақ ұрпағымызға сіңірсек, ата баба дәстүрін сақтасақ, сәйгүліктей алда болуымыз айқын! Мәңгілік ел болудың тамырын сақтап, қамын жасау, кемшілігімізді жою өзімізден бастау алмақ! «Дүние адаммен дүние болса, адам жануармен адам»- деген  даналар.

Жақсы аттың түрі де жақсы болады. Оның тісі таза, түгел ақ болады. Төмен ерні салпы, мұрны жоғары, танауы кең, маңдайы жазық, құлағы ұзын, бір-бірінен қашық, мойыны тура, алқымы кең, түбі жуан, арқасы биік, кеуделі,  қол аяғының арасы алшақ, құйрығы ұзын және қатты,  сүйектері мықты әрі жуан,  бұлшық етті,  кірпігі, көзі  қара болуы керек. Жол жүргенде қағылез, белі қысқалау, жал- құйрығы ұзын, сауыры кең, сан еті тола, бір-біріне жабысып тұруы керек.

Жылқының ең жақсы түстісі – құрма түстес (тобылғы торы) болады.  Ең шипалы сүт  көк ала биелерде болады.  Көзі шегір, алапаш  айғырлардың  мінезі жаман, кектенгіш болады. Көрген қорлығын, таяқ жегенін еш ұмытпайды, кек қайтаруы әбден  мүмкін. Ондай аттардан аулақтау жүру керек… Жүйрік, қағілез, сезімтал аттарды таңдауда алдына келіп, алдыңғы тұяғын таптайтындай жерді жылдам бірден басып қалғанда, ат тұяғын тартып қалса сол аталған қасиеттер сол аттан табылғаны.

Ал арбакеш жүк таситын аттар ондай қимылға елең етпейді. Жылқы малын өсіргенде тазалықты қатты қадағалау керек. Тарихқа сүйенсек небір жаугершілік заманда жылқы жануар адамдарға қорған бола білген. Жылқы өте ақылды, сезімтал жануар, лас суды ішпейді. Ежелгі дәуірлерде  әдейі  жаулар улаған құдықтардың суын атқа беру арқылы тексеріп, біліп отырған. Ат иіскеп, осқырынып, керемет сезімталдығымен адамдарды ажалдан арашалап қалған оқиғалар көптеп кездеседі. «Ер қанаты-ат» деп білген қазақ елі  жылқы мен қой  шаруашылығын ерекше бағалаған.

Өйткені  қақаған аяздарда, жем шөп таусылып, қыс созылып көктемнің шығуы  ұзап кеткенде қар теуіп, өз азығын таба алатын жылқы мен қой ғана болғандықтан осы малдарды ерекше қастерлеген. Ат баптау өнері қазақ болғалы ата бабалардан келе жатқан үрдіс. Тарихқа сүйенсек ежелгі Сақ дәуірінен, Ботай мәдениетінен бастау  алатын, бүкіл әлем бойынша  бірінші болып ата-бабаларымыз  жабайы жылқыларды қолға үйретуі үлкен мақтаныш сезімін ұялатады.

«Бақ шаба ма? Бап шаба ма?»-деген мақал бар дана халқымызда.  Ат баптау  өнеріне ерекше шыдамдылық керек. Аттың тұратын жері тап-таза болып, ішетін суы бұлақтай мөлдір болып, уақтылы дер кезінде жем, шөбі белгіленген мөлшерге сай беріліп отырылса, серуендету, аунату, өзенге шомылдыру, тарау үстін тазалау сияқты жұмыстар және  тағы басқа да барлық жағдайы жасалып тұрса жылқы құлпыра түспек.

Ат та адам сияқты бәрін ұғынады, неге үйренсе соған қарай бағытталады,бірте-бірте күнделікті соны әдетке айналдырады. Жүріс,желіс, шабыс бойынша  баптағанда жақыннан алысқа қарай, жеңілден ауырға қарай, оңай нәрседен қиынға қарай бағыт алу керек. Ерекше мейіріммен қаралған жануар бәрін түсінеді, мейірімге мейіріммен жауап береді. Тұлпарын жақсы көрген жан үнемі онымен сөйлесіп, сырласып жүруі керек. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген сөз де бар.

Әсіресе  шегір көзді аттар өте кекшіл, намысты болатыны аңыздарда айтылған. Қатты зәбір көрген, ешқандай себепсіз қамшының астында сабауда жүрген шегір, алапаш  көзді аттар түптің түбі кек қайтаратыны  кітаптарда  жазылғанын ұмытпауымыз керек. Тағы бір ескеретін дүние  ұзақ жолдан терлеп келген аттың  ер тоқымын бірден алып тастаудан  қан айналымы бұзылып, үсті қотыр жараға айналады.  Сондықтан  тоқымын қалдырып, жылы орап, қашан тері әбден басылып, кепкенше  алмау керек.

Сосын әбден ентігі  басылып, үсті басы терден құрғағаннан соң барып су беруге болады. Жол жүрер алдында атты суғарып алып мінген дұрыс. Шынында жылқы өсіру денсаулықтың кепілі! Оны күнделікті қарауға жас өркенді үйрету, табиғатта ат үстінде  бірге серуендеу – үлкен бақыт!  Жылқыны жанындай жақсы көрген бала мейірімді, еңбекқор, қағілез, елін, жерін қорғайтын палуан болып өспек! Жылқы өсіруді, оны таңдай, баптай білген жас ұрпақтың болашағы зор, келешегі кемелді.

Ата баба дәстүрін жалғап, оны ұрпақтарымызға ұғындыру – біздің парызымыз! Ойымды өз жүрегімнен туындаған «Тектілік» атты өлеңіммен қорытындылаймын:
Тектіден текті шығады,
Ата жолын қуады…
Тұлпардан тұлпар танылып,
Жүйріктен жүйрік туады…
Қырандар қанмен қырағы,
Шың менен биік тұрағы…
Қайсар мінез қасқырды,
Бұра алмас цирк сынағы…
Мөп-мөлдір тоғай бұлағы
Тазалықты құрады…

Тектілік деген таза нұр…
Имандылықтан тұрады…
Даланың заңы-шырағы…
Арғымақ, жүйрік, пырағы…
Намыс пен ары жібермес,
Озғанда көңілі тынады…
Перзенті Ұлы даланың,

Ер болып туар ұланы…
Биікте иман құраны…
Полаттай қайтпас, майыспас,
Иілмес, бірден сынады….
Тектілік түптен жалғасқан…
Арпалыс өмір арбасқан…

Ешқашан мәңгі жойылмас
Қанменен келіп қанға асқан…
Танылған тұлпар тектілік…
Оқисың жазу жартастан…
Тектілік  тұғыр түрленіп,
Жалғасар мәңгі талмастан…

Бертай Есмаханұлы ТӨКЕЕВ,
Білім беру процесін психологиялық
педагогикалық қолдау кафедрасының
аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий