Ұлыларымызды ұлықтаудың үлгісі

«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткен аптаның сенбі күні елордасындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде «Ұрпақ тәрбиесі: өткені мен бүгіні» тақырыбында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, алаш зиялыларының бұрын жарық көрген құнды еңбектерінің қайта басылған нұсқалары жиналғандардың назарына ұсынылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік кезеңде саяси көзқарасы үшін қудаланып, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықта жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды ақтау туралы ҚР Заңы (14. 04. 1993 ж, № 1612) қабылданып, ел Президентінің Жарлығымен 1997 жыл Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жариялаған соң жыл сайынғы мамыр айының 31-і ұлттық күнтізбемізге саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде жазықсыз жазаланғандардың рухына тұрақты түрде тағзым жасау мақсатында енгізілгені баршамызға белгілі. Осыған орай биыл да мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен түрлі іс-шаралар үйлестірілуде.

– Құрылғанына көп болмаса да қалың көпшіліктің қошаметіне бөленіп, зиялы қауымның ықыласын сезінген біздің қоғамдық ұйым тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде күні бүгінге дейін республикамыздың 12 өңірінен жергілікті филиалдар ашылып, мүшелікке қабылданған жеке азаматтардың саны отыз мыңнан асты. Бұл бірлестіктің негізгі ұстанымы қазақы қоғамда саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру. Яғни басым бағыттар отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы өскелең жастарға тағылымды тәрбиесіне ерекше мән беру мұратында тоғысады, – деді қатысушылардың алдында алғашқы сөз сөйлеген бірлестіктің төрағасы, парасатты педагог, білікті басшы Жолаев Рақымбек.

 

 

– Сондықтан ата-аналар қауымы үшін психологиялық және педагогикалық сауаттылықтарын жетілдіруі үшін үлес қосу жолында сұранысқа сай қажетті мүмкіндіктерді жасауға барынша жұмылудамыз. Бүгінгі шараны ұйымдастырудың да түпкі өзегі қазіргі ұрпақтың бойына ұлтжандылықты сіңіруге бағытталған. Республикалық деңгейдегі ұйым басшылығы қысқа мерзім аралығында әлденеше рет елімізге есімдері белгілі, танымал тұлғаларды түрлі кездесулерге шақырып, басты тақырып шеңберінде кеңінен әңгімелескен болатын.

Сол жүздесулердің бірінде зеттеуші ғалымдарыз Алаш қайраткерлерінің рухани мол мұрасын қайта жаңғырту үшін құнды деректер мен шығармаларын «Асыл мұра» сериясымен қайта басып шығару арқылы жұртшылыққа тарату туралы жақсы ұсыныс айтылған еді. Бұл бағалы бастаманы қаржылай қолдаудың нәтижесінде бұл бағыттағы жауапты жұмыстарды жүйелі жүргізетін кәсіби мамандардан топтастырылған арнайы бөлімнің зерделеуімен алғашқы кезекте Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!», Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ!», Әбілқасым Омар Арғынидың  «Жатпа, қазақ» еңбектері жарық көргеніне баршаңыз куәсыздар. Бұл кітаптар жиынға қатысушыларға сый ретінде тегін таратылуда және қалған бөлігі филиалар арқылы жергілікті кітапханаларға үлестірілмек.

Рақымбек Қуатбекұлының мәлімдеуінше алаш зиялыларының тағдырлы туындыларының түпнұсқасында қайта жариялануына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш тану» ғылыми зерттеу институты осы жоғары оқу орны ректорының келісімі бойынша авторлық құқығын қоғамдық бірлестікке берумен қатар ортақ мүддені көздеген ізгілікті іске жан-жақты қолдау көрсеткен. Ол қоғамдық ұйым жұмысының ілгері дамуына көмектескен жанашыр жандардың барлығына алғыс айтып, жиналғандарға ризашылығын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл бастамасымен әділетті қоғамға негізделген «Жаңа Қазақстан» құруға бағыт алғанымызды бәріңіз білесіздер. Маусым айының алтысына белгіленген бүкіл халықтық референдум арқылы ел Конситуциясына енгізілетін толықтырулардың жиынтығы осы мақсаттағы нақты қадамдардың бірегейі саналады. Қоғамдық пікірді сарапқа салсақ, жұртшылықтың дені бұл өзгерістерді мақұлдайтындығын байқатуда.

 

Демек барша әлеумет жаңаруды қолдайды. Өткен дәуірлерге көз салсақ байырғы бабаларымыз негізінен жаңалықтарға ұмтылған. Алаш арыстарының қайраткерлік күресі мен ұрпаққа қалдырған мол мұрасынан ілгері даму ұстанымын байқаймыз. Қазіргі кезеңде ақпараттық технологияның қарқынды ілгерілеуінің нәтижесінде бүтін әлем өзгерісті бастан кешіруде. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың бір мүшесі ретінде біздің мемлекетіміз де тәуелсіздіктің отыз жылдығында қайта түлеуге берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы үлкен көштен қалмауы қажет, – деді кіріспе сөзінде еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлес қосқан қоғам қайраткері, танымал дипломат, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік.

– Батыс елдерінің тұжырымдамасын зерделесек бақытты ұрпақ тәрбиелеуге басымдық берілген. Туысқан түрік халқында  «Әрбір бала жауынгер болуы қажет», – деген ұлттық идеология бар. Бұл – қаншама ғасырлар бойы ұрпақтарға сабақтасқан қатаң қағида. Мемлекеттің басшысы ұсынғандай баршамыздың ортақ мақсатымыз ұл-қыздарымызды отаншыл азамат ретінде қалыптастыруға бағытталғаны дұрыс. Осы орайда шешімін таппаған көптеген сұрақтардың бары жасырын емес.

 

Жауап іздеген кезде данағөйлердің «Тәрбие басы-тал бесік», – деген аталы сөздің астарына үңілеміз. Яғни бізге керегі – ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиенің түп тамыры – халықтың бай салт-дәстүріннен нәр алатындығы даусыз. Қайнар көзі ежелгі ауыз әдебиетінен бастау алатын жауһар шығармаларда. Қазақтың қабырғалы қаламгері Төлен Әбдік ақсақал жуырда беделді бір басылымға жариялаған мақаласында: «Бізге керегі ұлттық иеделогия. Бұл ұстаным Алаш зиялылары темірқазық ретінде ұстанған мақсат-мұраттармен үйлесуі қажет», – деген парасатты пайымын білдірген болатын.

Мәлік Нұржанұлының айтуынша жастардың ертеңгі болашағына алаңдайтын аға буын өкілінің кемел көзқарасына келіспеске амал жоқ. Себебі жаһанданудың жаңалықтарымен қатар кертартпа құндылықтары қаптаған құбылмалы қоғамның тіршілігімен тыныстайтын өскелең ұрпаққа жақсы мен жаманның ара жігін ажырататын ақыл-кеңестер айтылып, дұрыс жол нұсқамалмаса олардың әлі де талай адасатындығы айдан анық.

 

Бұл бағытта алаш арыстарының арада жүз жылдар өтсе де өзектілігін жоймаған құнды дүниелерінен сусындаудың маңызы зор. Демек осы орайда күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқыға салуымен республикалық қоғамдық бірлестік ұйымдастырған бұл басқосудың орны бөлек. Сол үшін де бұл ұйымның халықтық құндылықтар негізіндегі ұлттық ұстанымдары құрылған күннен бері ҚР Президенті әкімшілігі тарапынан қолдауға ие болғаны айрықша атап айтылды.

– Ең алдымен айтарым, жаңару жолындағы тәуелсіз мемлекетіміздің басқару билігіне ұлтжанды азаматтар келуі қажет. ҚР Президенті әкімшілігінің жаңа құрамына шет елдерде мол тәжірибе жинаған, қоғамдық пікірмен үндесетін көзқарасын мемлекеттік тілде еркін жеткізе алатын отаншыл жас буын саясаткерлердің келгеніне қуанып отырмыз. Алаш зиялыларының төл тарихымыздағы тағылымдық тұлғасы да туған еліне ақысыз еңбек етіп, қалтқысыз қызмет атқарған ерекше өнегесі бойынша өскелең ұрпаққа үздік үлгі ретінде дараланады.

 

Мәскеудегі ғылыми-зерттеу орталықтарындағы ізденістер арқылы елімізде алған жоғары білімді жетілдіру мүмкіндігіне ие болған аға буын өкілі ретінде көптеген көрнекті ғалымдармен жүздесудің сәті түскені үшін бақытты жан сезінетіндердің бірімін, – деді қазақтың әдебиет тану ғылымы бойынша көптеген зерттеу еңбектердің авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ісімақова Айгүл.

– Себебі ортақ тақырыптағы әңгімелер барысында мемлекеттік деңгейдегі өте құпия құжаттардың санатында ашылмайтын архивтердің шаң басқан сөрелерінде сақталған ашылмайтын ащы ақтаңдақтардың ақиқатынан сыр суыртпақтап, алаш арыстары жазған құнды дүниелердің мазмұнын ұғындық.

Ресейлік әріптестер патшалық кезең мен кеңес билігі ортаған тұсында қазақ халқының сауатын ашу жолында ағартушылық қызмет атқарған зиялы қауымның білімділігіне тамсанып, қайсарлығына таңдай қағатын. «Педагогика және психология және басқа да ғылымдар бойынша еуропалық терминдердің қазақша дәл баламасы бұрын қазақ тілінде болған ғой. Қазір неге сол тәржіманы пайдаланбайсыздар. Қандай керемет аударма жасалған, неге сол асыл мұрадан көз жазып қалғансыздар», – дейтін.

 

Айгүл Серікқызының айтуынша жоғары оқу орындарында дәріс алатын студент жастардың көбісі өте сауатты және олардың отаншыл рухы биік. Олар педагогтермен пікірлесу барысында Алаш зиялыларының құнды еңбектері орта білім беру бағдарламаларының негізінде неге мектеп қабырғасында терең және жан-жақты оқытылмағандығын сұрап, шет елдер тарапынан ұсыналатын демократиялық ұстаным мен басқа да адами құндылықтардың бастау бұлағы қазақ халқының бойында бар болғанын дәлелдейтін құнды шығармаларды қолдарынан түсірмей оқи бастағандарын ортаға салатын көрінеді.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Басқалардан кем болмас үшін – білімді, бай һмәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейтіні данышпандықтық рәмізіндей. Ұлтқа, ұрпаққа, келешектің тұлғасын тәрбиелеуге бағышталған руханият шамшырақтарының даналық дәрістерімен оқырман қауым қайта қауышып отыр.

Сондықтан осы республикалық қоғамдық бірлестіктің басшылығына Алаш зиялыларының мұрасын зерттеп, зерделеген қазіргі ғалымдардың еңбекті бағалағаны үшін ризашылығы зор, – деді жаңадан басылған екі құнды кітапқа алғы сөз жазған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов. Серік Нығметоллаұлының айтуынша «Асыл мұра» сериясы – халықтық санасын сәулелендіреді, жаңару жолына бастайды, рухани әлемімізді түлетеді.

– Расында да қайта басылып, жарық көрген Алаш қайраткерлерінің шығармалары бүгінгі таңда ұл-қызының тәрбиесіне алаңдаған жалпы барлық ата-аналар мен педагогика саласының қызметкерері үшін аса қажетті әрі пайдалы кітаптар. Осы саланың маманы болған соң айтайын дегенім, қазіргі кезде басты міндетім білім беруге бағытталған сондықтан тәрбие жағында жұмысым жоқ дейтін қасаң түсініктегі ұстаздар саны көбейгені өкінішті әрине.

Мұғалім ең алдымен тәрбиеге мән бермесе, тәрбиесіз берілген білімі бар шәкірттің ертең қандай тұлға болатындығын данышпан әл-Фараби бабамыздың нақыл сөзінен білеміз, – деді осы жиынды жүргізген филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Бұл дөңгелек үстелге жиналған жиырмаға жуық ғалым зерттеушілер мен педагог ұстаздарға қоса қоғам белсенділерінің біразы тақырып аясында ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Қорытынды кезеңде осы республикалық бірлестіктің құрылтайшысы, меценат, қоғам қайраткері Нұркен Асанов еліміздің ұлтжанды зиялы қауым өкілдері тарапынан бағалы бастамалар ұсынылса, халыққа пайдасы тиетін ізгілікті істерді жүзеге асыру жолында іздеріне еруге дайын екендіктерін ерекше ілтипатпен жеткізді.

Нұркен Жарылқапұлының қаржылық қолдауымен іске асырыла бастаған басқа да жаңа жобаларды айтпағанда, қазақ ұлтының ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған жүздесу мен кітаптар жинағы басқа да қалталы азаматтар үшін үйренері бар үздік үлгі іспетті.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий