Шалқарда балалар жылы аясындағы форум ұйымдастырылды

Ес білгеннің бақыты мен жақұтын бала деп білсек, ұлт жойылмайды. Саналы ұрпағымен мың жасап отырған құт қонған мекен Шалқар ауданының жастарына қарап тамсануға болады. Бұл жолғы салтанатты форум 2022 жыл – Балалар жылына арналды. Ақтөбе облыстық басқарма өкілдері, ауданнан келген делегация мүшелері алдымен 25 жылдық тарихы бар өнер ордасына бет бұрды.

Оқу ғимаратының кіреберіс залына озат оқушылардың үздік жұмыстары қойылған. Мұнда әр түрлі қолөнер туындылары, жүннен тоқылған бұйымдар,макеттен құрастырылған ғимараттар балалардың көз-майын тауысып жасаған еңбектері. Оқушылардың көпшілігі – қылқаламға жаны жақын екенін аңғаруға болды. Бақытты бала, тату-тәтті отбасы секілді түрлі тақырыптағы суреттердің бірсыпырасы қабырғаға ілінсе, ал майлы бояумен салынған суреттер үстел үстіне орналастырылған.
Делегация мүшелері әсіресе, ерекше балалардың қол маторикасы арқылы жасаған жұмыстарына оң бағасын берді. Көрме «Шалқарым-бақыт пен шаттықтың мекені» деп аталды. Форум одан әрі орталық саябақта жалғасын тапты. Лицей оқушылары мен жас маман мұғалімдері түрлі-түсті бояулармен кішкентай бүлдіршіндердің беттеріне өз қалауларына сәйкес сурет салды. Мерекелік кеште құммен сурет салған оқушылар да болды. Жиналған қауым балалардың шеберліктеріне сүйсінді.

«Жаңа Қазақстан: Жас ұрпақ. Жарқын келбет. Жаңа қадам». Шалқарда өткен облыстық балалар форумы осылай аталды. Ауқымды шарада алғашқы сөз кезегі Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановқа берілді. Аудан әкімі Балалар жылының маңыздылығына тоқталып, оқушыларға сәттілік тіледі. Білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева мұндағы білім мен спортқа қатар ден қойып жүрген оқушылардың көптігіне қуанды. Тәрбиелік маңызы жоғары осындай шаралар әлі де жалғасатын айтты.
Форумда үздік жастар сахнаға шығып, ұрандатып сөз сөйледі. Бірі 90 жылдық тарихы бар киелі мекеннің өткені мен келешегіне көз жүгіртсе, енді бірі елдің болашағы — жастардың қолында екенін айтты. Сонымен бірге Мұғалжар ауданын келген Ж.Зинелғабылова, Байғанин ауданынан келген Н.Асхатқызы туған жерге деген сүйіспеншілік қалыптастыру бағытында баяндама жасады.

Форум соңында делегация мүшелері аудандық тарихи-өлкетану музейін аралады. Есет-Дәрібай кесенесіне барып, баба рухына құран бағыштады. Аудан әкімі келген қонақтарға алғыс білдіріп, белсенділік танытқан жастарға алғыс хат табыстады

Гүлия ШОҚАНҚЫЗЫ,
Ақтөбе облыстық білім басқармасының
баспасөз қызметкері