Гимназиада жеңімпаздары марапатталды

Кеше елордасындағы жеңіл атлетика спорт кешенінде Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған салтанатты жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ қатысып, оқушыларға бағалы сыйлықтар мен білім грантарын, ал жаттықтырушыларына алғыс хаттар табыстады.

Бұған дейін қазақстандық оқушылар алғаш рет халықаралық деңгейдегі додаға қатысу барысында Францияның Нормандия қаласында әлемнің жетпістен астам елінен келген жасөспірімдермен сынға түсіп, үшінші орынды иеленген болатын. Нәтижесінде ұлттық құрама 86 медаль жеңіп алды.

– Мен баршаңызды тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын. Сондай-ақ оқушыларымыздың жаттықтырушылары мен ата-аналарына әлемдік аренада осындай жоғары жетістіктерге жетуге көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсырмай-ақ, отандық жоғары оқу орындарындағы бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды. Бүгін бұйрыққа қол қойылды және енді гимназиадан олжамен оралған 11-сыныптың елу жеңімпазы, мектеп түлектері өз мамандығы бойынша таңдаған жоғары оқу орындарында білім алу үшін грантқа ие болады, – деді еліміздің бас педагогы жиналғандарға арнаған сөзінде.

Салалық ведомствадағы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Технодом» компаниясы бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың ішінде ұялы телефондар, смарт-сағаттар, ноутбуктер, пауэр-банктер және тағы да басқа тартулар бар. Қазақстан құрамасындағы 234 үміткер спорттың 18 түрінен (баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу және тағы да басқа) сынға түскен болатын.  

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий