Жаңартылған білім мазмұнының тиімділігі
ҚР тұңғыш Президенті халыққа кезекті Жолдауында ең алдымен, «Білім беру мазмұнын жаңарту қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс» делінген. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озық жүруі тиіс, білім беруде оқушының жеке тұлғасына бағыттай оқыту тиімді болып табылмақ. Жаңартылған білім мазмұны қолданысқа енгелі білім беру саласына көп өзгерістер енді. Өзгермелі қоғамда жаңартылған білім мазмұны, өте тиімді дер едім. Жастар өзгерістерге бейім, шығармашыл, көшбасшылық қабілеттері жоғары тұлға.
Қоғамда болып жатқан кез –келген өзгерістерге бей – жай қарамай, туындаған сұрақтарды қызығушылықпен шешуге тырысады. Жаңартылған білім мазмұнын білім беру саласына енгізбес бұрын, педагогтарды оқыту, біліктілігін арттыру, аттестаттаудан өткізу арқылы жаңартылған білім мазмұнын қолданысқа енгізді. Сонымен қатар ұстаздар мәртебесін көтеру мақсатында талай конференциялар мен баяндамалар оқылып, реформалар жасалды. Педагогтардың еңбек жалақысын көтеріп, сабақ беруде сағаттық жүктемелерді азайтуды қолға алды.
Қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұны ерекше тиімді екендігі айқындалды. Жаңартылған бiлiм беру жүйесiнің басты мақсаты – өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, өздігінен білім алуға, алған білімін өмірлік жағдаяттарға сәйкес қолдана білуге, шығармашылыққа бейім, бәсекеге қабілеті, жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту мен көшбасшылыққа тәрбиелеу болып табылады. Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқыту мен оқу тәжірибесіндегі жаңа әдіс – тәсілдердің тиімді жақтарын көрсетіп, оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалана білу, олардың функционалдық сауаттылығы мен танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ету керек.
Жаңартылған білім беру мазмұнын сапалы және тиімді түрде жүзеге асыру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Ең әуелі жаңартылған білім мазмұны бойынша арнайы курстан өту, әріптестердің сабақтарына қатысып, өзара әдіс – тәсіл алмасу. Түрлі семинарларға қатысу, онлайн конференциялар, қашықтық олимпиадалар мен зерттеу жұмыстарына қатысып өз білімін көтеру. Семинарлар, тренингтер өткізу. Redx, tedx конференцияларға қатысу, өткізу. Өмір бойы оқу, іздену, үйрену керек.
Осы бағытпен түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысып, өзімнің кәсіби өсу деңгейімді көтердім. Үнемі ізденіс үстінде болдым. Соның нәтижесінде өзім үйреніп қана қоймай іс-тәжірибемде қалай тиімді қолдануды қолға алдым. Жаңартылған білім беру мазмұны оқушыларға мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар оқушылар жаңа идеяларды әр түрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алады.
Мұғалім де оқушыда ең алдымен өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға ат салысуы керек. Өйткені, бұл тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке үйлестіруге апаратын сара жол. Бүгінде рухани құндылықтар жаңарып, адамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңыздылығы туралы қағидалар түбегейлі өзгерді. Әлемдегі құндылықтардың өзгеруі жаңа ғасырға жас ұрпақты дайындау міндетімен байланысты.
Біздің қоғамға жаңа мағлұматтарды қабылдап қана қоймай, оны ойлана отырып, сыни талқылап, ой елегінен өткізе білетін оқушылар керек. Оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, оқу – танымдық үдерісінде «жаңалық» ашу, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде үйренеді, дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасады. Мұғалім тек білім көзі ретінде ғана емес, оқу – танымдық әрекеттерінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
Қалыптастырушы бағалау– бұл тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың білімді игергендіктеріне қалай көз жеткіземін? Ол үшін сабақтағы қалыптастырушы бағалау атқаратын функциясы маңызды қызмет атқарады. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесінде алынған ақпараттың негізінде оқушылар оқу барысында өздерінің тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын біле алады. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушы оқыту үдерісіне белсене араласып, одан қандай нәтиже күтілетінін түсінеді.
Не білдім? Нені білмедім? Нені білгім келеді? Сабақты үнемі кері байланыспен аяқтаған өте тиімді. Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады деп есептеймін.
Ал жиынтық бағалау белгілі бір бөлім, тарау бойынша алған білім деңгейін, оқушының сол тарау бойынша алған білімін дәлелдеу. Ендеше жаңартылған білім мазмұны оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеумен қатар, алған білімдерін өмірде қолдана біліп, биік жетістіктерге жетуіне ықпал етеді. Қорыта айтқанда, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Білімгерлер оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын түсінеді. Оқушы өз ой-пікірін ашық еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бағдары анық, бәсекеге қабілетті, рухани бай тұлға қалыптастыра алатынымызға сеніміміз мол.
Гулжанат Дуйсебаевна АЙМАШОВА,
Т. Жүргенов атындағы № 80 мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі, Қызылорда облысының
Қармақшы ауданындағы Төретам кенті