Қос ішекті домбыра сазы
Қазағымның үнісің сен домбыра,
Бабамыздың мұңысың сен домбыра,
Даламыздың үнісің сен домбыра, – деп қазақтың көрнекті ақыны Шөмішбай Сариев жырлағандай қос ішекті домбыра кең даланы мекен еткен көшпелі қазақ халқының аяулы да қасиетті музыкалық аспабы. Халық даналығы « Құдай әрбір қазақтың жанына оның дүниеге келген сәтінен бастап, күй бөлшегін салған, – деп бекер айтпаса керек,

Қазақта күй жайын сұрап, амандығын біліп «қалайсың?», – деп жөн сұраса, яғни адам басынан өткен жағдайды баяндап, көңіл-күйін білдіру болып саналады. Қазақ халқы ән – күй десе ішкен асын жерге қояды.Қай заманнан бері ән айтып, жыр тыңдап, өлең оқып оның мән мағынасына терең үңіле қараған қазақ халқының бұл ерекшелігі айқын көрінеді. Сондай ерекшеліктің бірі қос ішектен шыққан домбыраның қоңыр үні тыңдаушыларды толғандырып, толқытып күймен бірге жылатып, күймен бірге күлдіріп ,алай-дүлей сезімге бөлей алады.
Домбыра ертеден келе жатқан қазақ халқының ең сүйікті, ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай көне аспап. Домбырамен асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен өнерпаз халқымыз асылынан артық қастерлеп, үкі тағып, жалғызындай аялап қақ төріне ілген, ең қымбат аспап боп табылады. Халқымыздың мұңы мен зары қуаныш күйініші қайғысы мен қасіреті аңсаған арманы іздеген мұраты сол киелі қара домбыраның қос ішегінен күй болып төгіледі.
«Сырт көзге сұрықсыздау көрінгенімен шебер орындаушының қолына тигенде, өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне таң қаласың», – деп жазды белгілі музыка этнографы А.В Затаеевич. Қазақ халқы басынан қандай күй кешсе де, оны айна қатесіз күй тілімен жеткізе білді. Екі ішекті қоңыр үнді домбыра, бүкіл бір халықтың тіршілік болмысын көз алдыңа жайып салады.
Бүкіл бір ұлттың ,халықтың осыншама баға жетпес сол мұрасын шашау шығармай араға мыңдаған жылдар салып бізге жеткені қуантарлық жағдай екені сөзсіз. Халық композиторлары Құрманғазы, Сейтек, Дина сынды талантты күйшілердің өз заманындағы ауыр тұрмыс, тауқымет пен тақсыретті көріп, өз күйлерінде өзегін жарып шыққан ел жұртының мұң – мұқтажын, арман – қиялын әсерлі, айшықты, табиғи қалыпта жеткізе білді.
Құрманғазының «Ақсақ киік» күйінде киіктің ақсаңдағаны анық естілсе, «Аман бол шешем, аман бол» күйінде анасымен қоштасқаны басынан аяқ баяндалады.Сонымен қатар қос ішекті домбырада құстың сайрағанын, аңдардың ақырғанын дәлме – дәл жеткізіп, образды аша алады. Қазіргі таңда қазақтың домбырасын әлем мойындап, таң қалуда. Домбырада жалғыз қазақ емес барлық ұлттардың да шығармаларын орындап, импровизация жасап таң қалдырып жатыр.
Домбыра үйреніп, игеруге жастардың да қызығушылығы артып, көптеген жетістіктерге жетіп жатқаны қуантарлық жағдай. Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл – пәл кем бұра.
Қазақ нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра, – деп қайталанбас қолтаңбасымен ұлтының құрметіне бөленген аяулы ақын Қадыр Мырзаәлі жырлағандай қазақ халқының қос ішекті домбырасын қадірлей, қастерлей білуіміз керек.
Роза БАЙБУЛАТОВА,
«Жас шабыт» балалар мен жасөспірімдер
шығармашылығы орталығының «Ақмол
сазы» домбыра үйірмесінің жетекшісі,
Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылы