Жастар – жаңа Қазақстан бастамасының жарқын жұлдызы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес республикалық референдум өткізу туралы жарлық шығарды.  Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктеледі.

Референдум мәселесі бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі ұйымдарда қызу талқылануда. Әрине, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университтеті де мемлекеттік маңызы бар бұл іс-шараға жан-жақты қолдау білдіреді.  Осыған байланысты университетте ұжымдық жиындар мен арнайы кездесулер  өткізілді. Мәселен, «Жаңа Қазақстан – екінші Республика» атты Алматы қаласы студент жастарының пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Турнирге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Сайфоллақызы, Айдос Әміроллаұлы, Жұлдыз Досбергенқызы және Алматыдағы «Аманат» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Батырбекұлы, танымал журналист Сергей Понамаревтер қатысты. Турнир мақсаты – талантты да дарынды, азаматтық ұстанымы берік, саяси көқарастары айқын,  белсенді заманауи жастарды ой-талқы тартысына тартып, бүгінгі жаңа Қазақстан құрудағы жаңғыру мен жаңару ұстанымдарын, қоғамдық-әлеуметтік және саяси бағыт-бағдарын пайымдаудағы білімі мен біліктілігін сыннан өткізу.

Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін!» деп ұлт келешегі жастарға үміт артса, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан қоғамының жаңаша даму кезеңінде: «Қазақстан жастары білімді, жан-жақты дамыған әрі дарынды. Біздің еліміздің болашағы солардың қолында» деп жастарға сенім артты. Демек, жастарға деген сенім ешқашан ортаймақ емес, қайта замана талабына, уақыт сұранысына сай, ұрпақ қажеттілігіне орай өсіп-өркендеп, кеңге қанат жайып отырады. Бүгінгі қазақ жастары – таным-түйсіні биік, уақыт сұранысына сай білімпаз, заманауи өзгерістердің ішкі және сыртқы құбылыстарын тереңнен пайымдай алатын алдыңғы аға толқынның лайықты ізбасарлары. Сондықтан да еңселі елімізді ертеңгі жетістіктерге жеткізу – бүгінгі жастар еншісінде екендігі еш талассыз тұжырым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 22 наурызда Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатын басшылыққа аламыз!» деп тәуелсіз Қазақстан елінің жаңаша дамуының мақсаттарын нақтылап, міндеттерін айқындап берді. Басты  мақсат – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту.

Президент алматылықтарды биылғы жылғы Наурыз мерекесімен құттықтау сәтінде “Екінші республика” деген жаңа анықтама қолданды. Тереңнен тамыр тартқан анықтаманың түбіріне ой жүгіртер болсақ , «Жаңа Қазақстан», “Екінші республика” сынды ұстаным атаулары – сыртқы мазмұны да, ішікі мәні де тектес,  қоғамдық құндылықтарды жаңарту және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру қажеттілігі туралы ұғымдар екеніне көз жеткіземіз. Екінші республика – Мемлекет басшысы бастама еткен саяси реформаларды, мемлекеттік басқару моделінің өзгеруінің  мемлекеттік және қоғамдық дамуға қатысының жаңа сипатын жүзеге асырудың жақын  уақытта жүзеге асар мақсаттар жүйесі. Яғни Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңғыруы, ал Екінші республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы болып табылады. Бұған әлемдік мемлекеттер тарихынан көптеген мысалда келтіруге болады.  Мәселен Франциядағы 1848-52 жылдардағы, 2017 жылғы Түркиядағы тарихи қоғамдық-саяси  жағдаяттар бұған нақты мысал бола алады.

Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстанды жаңаша дамытудың алғы шартты қоғамдық-саяси бастамалары жүзеге асырыла бастағанын шынайы сезіне бастадық. Соның нақты да айқын бір көрінісі – Республикалық референдум. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға қатысты: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» деген ойы жаңарудың бастамасы. Президент халыққа  барынша еркіндік беріп, сөз бостандығы мен жеке адамдық құқық теңдігі негізінде мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдайға жеткізу үшін референдум өткізуге шешім қабылдады. Елімізде 1995 жылдан бері  27 жыл бойы референдум өткілген емес. Ендеше, жаңа Қазақстанның бүгінгі күндегі аса жауапты өзгеше құрылымдық кезеңге аяқ басар сәтіндегі өзгерістердің басы Референдум мәселесінен жастар сырт қалмауға тиіс. Ел тағдыры шешілер аса жауапты тарихи тұста азаматтық ұстанымын айқын таныту – әрбір жасқа басты парыз. Жастар тәрбиесіне жауапты ұйымдар мен ұжымдар жетекшілерінің басты мақсатының бірі – референдумның мән мен маңызын алдымен, өздері терең түсініп, сонан-соң қоғамдық өмір қозғалысына белсене араласатын көшбасшы жастар арқылы кеңінен тарату. Еркін елдегі қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын жастардың үлес салмағы басым. Бұл қуанышты жағдай. Әсіресе жоғары оқу орындарында бұл үлестің қомақтылығы тіптен айқынырақ танылады. Бұл ретте ел болашағы үшін әрбір жас азаматтың белсенді болуы өте маңызды. Сондықтан білімгер жастарға референдум сауалдарының мән-мағынасын ашу мен олардың мәні мен маңызын сараптау жастар тәрбиесінің басшылығындағы жетекшілерге қиындық туғызбасы белгілі. Өйткені бүгінгі жастар – уақыт үдерісімен қадамын қатар басқан, ертеңнің үмітіне айналған алғыр жастар! Қоғам өмірінде өтіп жатқан әрбір жаңашыл игілікті бастамалардың болмысын терең түйсініп, олардың өмір салтының жарқын көрінісі айналуына  өз үлесін қосуға ұмтылған жастар ғана – келешектің келбеті, елдің ертеңі, болашаққа бет түзеген көш керуеннің ту ұстарлары деуге болады. Олар ертеңгі күні Қазақстанның кемел келешегін қалыптастыратын жас ұрпақ!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Есімова Жұлдыз Дәпенқызы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий