Білім өмір шырағы
Ел ертеңі, халық болашағы өскелең жас ұрпақтың қолында екендігі мәлім. Сол үміт артып отырған жастарымыз алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді селге жықпас ізбасар екендіктерін дәлелдеген шақ, нағыз аяғынан нық тұрған ел екендігіміздің айқын көрінісі болар еді. Білім – адамзат мәдениетінің ең көрнекті және ауқымды ұғымдарының бірі. Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтап тұрушы негізгі фактор.
Әуелі адам баласының басқа жаратылыстан ерекшелігі саналылығы болса, сол саналы жаратылыс иелерін бір-бірінен үстем көрсетіп, бір-бірінің алдында шынайы құрмет пен атақ-абыройға бөлейтін осы білімнің жемісі болмақ. Ол турасында ұлы ойшыл, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген. “Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің ұстаздары да балалардың тәрбиелі әрі білімді болуы үшін еңбек етіп жатқан жандар.
Ғұлама әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,- деген сөзін, ұстанымын берік ұстанатын мұғалімдер қауымы жас жеткіншектердің демалысын жақсы өткізу мақсатында, оларға білгенін үйрету жолында қызмет етіп келеді. Д. Қонаев атамыздың “Көргені жақсы көш бастайды” деген орамды сөзі бар. Жалпы балалар айтқанды емес, көргенін істейді. Ұстаздардың әрбір іс-әрекеттерінен және сөйлеген сөздерінен адам болудың қағидаларын көріп. жақсысын бойына жинайды.
Бір сөзбен айтқанда оқушының айнасы – ұстаз. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген ұғымды жадында сақтаған бұл балалардың алар асулары мен бағындырар белестері көп болатынына мұндағы ұстаздар сенеді. Себебі әр бала елдің болашағы. Ал олардың дұрыс тәрбие мен жақсы білім, ілім алғаны жетістікпен пара-пар. “Жастық шақта алған білім – тасқа таңба басқандай”, – демей ме дана халқымыз? Жас шағыңда алған білімің ешқашан ескірмек те, ұмытылмақ та емес.
Сол үшін жастайымыздан білім алуға, жастарымызды білімге шақыруға, білгендерімізді өскелең ұрпаққа үйретуден ешқашан жалықпайық. Тәрбиеші ретінде мен де балаларды шығармашылыққа баулып, «Хантәңірдің мұзбалағы М Мақатаевтың 90 жылдық мерей тойына» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім. Тәрбие сағатында балаларға «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын оқытып, олардың ойын біліп, ортаға салдық. Балалар өз керектерін алып, шығармашылыққа деген қабілеттерін ашты.
Балалардың поэма сынды ұзақ жырларды оқуға деген құлшыныстары ашылып, ойлау қабілеттері жоғарылай түсті. Тіпті кей балалардың поэманы мәнерлеп оқуға деген қызығушылықтары артып, өздері де өлең жазып көрді. Бастамалары жаман емес. Балалардың осындай алғырлықтарына қуанып, білім жолында сәттілік тіледік. «Оқу- білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп бекер айтпаған қазақ атамыз. Білім – асыл қазына.
Білім инемен құдық қазғандай. Адам өмірінің соңына дейін білім алады, ал кейде тіпті оның өзі аз болады. Адам қаншалықты білімді болса, соншалықты бай-қуатты болады. Адамның білімсіз өткен бір күні бос күні. Батыл бірді жықса, білімді мыңды жығады. Білім адам бойына біткен ең мықты қару. Адамзаттың жетер ең биік шыңы білімді толық меңгерген күні. ХХІ-ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Ендігі адамдардың білім алу деңгейі мүлде жаңа деңгейге көтерілді, сапасы артты.
Ізденген адамға білім ақпарат алу көздері жетерлік. Тіпті технологияның арқасында адам тілді ешқайда шықпай бір орында жатып-ақ үйрене береді. Мұның бәрі білімнің шексіз құдіреті. «Білім өмір шырағы»,- деп бекер айтылмаса керек. Білімді адамның жолында қашанда дұрыс жолдан адастырмайтын шырағы жанып тұрады. Сол шырақтың көмегімен талай шыңды бағындырып, келешек ұрпаққа білімнің бастауын қалдырады. Себебі, «Ақыл – тозбас киім, білім – сарқылмас бұлақ». Сол бұлақтан келешек ұрпақ өз керегін алады, келесі бір ұрпаққа өз үлесін қосады.
Лаура Мұхаметжановна ҚАЛЫҚОВА,
«Бөбек» ҰҒПББС орталығы «Өзін-өзі тану»
оқу-сауықтыру кешенінің тәрбиешісі