Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған жиын өтті. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан Ғылым академияларының басшылары әріптестерін құттықтауға келді, – деп жазады ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Президент өз сөзінде академияға мемлекеттік мәртебе беру туралы шешім қабылдап, кейін оны қазіргі қоғамдық ұйым мәртебесінен қайта құру туралы мәлімдеді. Сонымен қатар Президент академияның ғылыми журналдар мен ғылым туралы ұлттық баяндаманы шығару жөніндегі функцияларынан басқа, ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, форсайт зерттеулерін жүргізу, атаулы ғылыми стипендиялар мен сыйақы беру және құру, ғылымды танымал ету және тағы да басқалар бойынша қосымша құзыреттер беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы академия мүшелерін сайлауда ашықтықты қамтамасыз етіп, оның құрамына мықты ғалымдарды қосу қажеттігін жеке атап өтті. Сондай-ақ Президент ғылымды дамыту, атап айтқанда, кейбір ғылыми-зерттеу институттарын (ҒЗИ) зерттеу университеттеріне беру, ғылыми дәйексөздердің қазақстандық индексін әзірлеу және енгізу, отандық ғылыми журналдарды қолдау бойынша бірқатар міндет қойды.