Жастар лигасының жеңімпаздары

Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен екінші мәрте жүзеге асырылып, үш айға созылған спорттық бәсекенің қорытынды нәтижесінде N65 мектеп командасы N90 білім шаңырағының тобын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан биылғы жастар лигасының чемпионы атанды, – деп хабарлайды үшінші мегаполистегі білім басқармасының баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның аясындағы бұл жаңа жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі.

Дүбірлі додада жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Білім алатын алтын ұясының абыройын биікке көтерген жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын абыройлы азамат боларына сенемін. Сондықтан бұл жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! – деді қала басшысы Мұрат Әйтенов. 

Алғашқы жарысқа былтыр 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен жергілікті 151 білім ордаларынан алты мыңға жуық үміткер футбол мен волейбол және баскетбол, интеллектуалдық шахмат ойындарынан бақ сынаған болатын. Жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрап, жеңімпаз командаларға жиырма миллион теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Спорттық шараның төрелігі мен ұйымдастыру жұмыстарына төрт жүзге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий