Келелі кездесу, маңызды міндет
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевпен кездесті. Кәсіподақ басшысы партия хатшысына Салалық кәсіподақ қызметіне қатысты ақпарат беріп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.

Әңгіме барысында саладағы оң өзгерістермен қатар, көптеген түйткілді мәселелер де көтерілді. Педагогтардың құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты еркін пікір алмасу форматындағы кездесуде ұстаздарды кәсіби қызметіне тән емес жұмыстарға тарту, газетке мәжбүрлі түрде жазғызу және тағы да басқа заң бұзушылықтарға жол бермеу жайы талқыланды.
Ұстаздардың сайлау науқандарына қатысуы мен МӘМС жүйесіне жарна төлеу туралы да сөз болды. Өз кезегінде Эльдар Тынышбайұлы «Amanat» партиясының «Қоғамдық қабылдау» және «Партиялық бақылау» құралдары арқылы мұғалімдер қауымдастығына жаппай құқықтық қорғау көрсетуге дайындығын жеткізді. Тараптар алдағы уақытта сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға келісті.
– Салалық кәсіподақ педагогтар игілігіне бағытталған жұмыстарда еліміздегі бас партиямен ынтымақтастық орнатуға дайын. Болашақта бірлесіп, жаңа форматта жұмыс жасаймыз деген сенімдеміз, – деп атап өтті Айгүл Мұқашева.
Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері
кәсіподағының баспасөз қызметі