Ғылымда ұрпақтар сабақтастығы өте маңызды

Әлемдік білім мен ғылым жүйесіндегі бәскелестікке дайын болып, жаңа заманның талабына сай жоғары санаттағы оқу орнында білім алып, жақсы маман атану, өмірдегі өз орнын тауып, қатарға қосылу – әрбір жастың арманы. Айта кету керек, бүгінгі қазақ жастары білім мен ғылымды игеруден қорықпайды. Көптеп келіп жатыр. Өйткені, олардың алдында ғылымның жарық жұлдыздары, аға ұрпақтың дәстүрлі жолын жалғастырып келе жатқан көрнекті өкілдері тұр. Олар еліміз үшін кәсіби жоғары білімді маман даярлаумен қатар ұлттық мәдениетті бойына сіңірген, рухани тұрғыдан шыңдалған, жан-жақты, парасатты, ізетті, мәдениетті қоғам иелерін өсіріп, қатарға қосуды ұстаздық борышы деп біледі.

Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу- мен байланыстырған сондай ұла- ғатты ұстаздың бірегейі, білім беру саласының көшбасшы тұлғасы туралы ой толғамақпын. Ол халықаралық ғылыми орта қадір тұтатын – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін жиырма жылдан артық басқарып келе жатқан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, шетелдің 14 жетекші жоғары оқу орындарының құрметті докторы және профессоры атанған Есполов Тілектес Исабайұлы.

Мен де бар ғұмырымды ұстаздыққа арнадым. Ұстаздық еңбек- тің қыр-сырын, салмағы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін жақсы білемін. Осы бір қиындығы, қызығы аралас, уақытпен санаспайтын күнделікті қайнап жататын білім ұйымдарының толас- сыз жұмыстарының бірінде Тілектес Исабайұлымен таныстым. Одан бері де, міне, аттай отыз жылдың бедері өтті. Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында руханият пен білім-ғылымның орталығы болып саналатын Алматы қаласында ұлттық білім ошақтары санаулы ғана болатын.

Қазір көбейді ғой. Сол 1993 жылы Тілектес Есполов Индус- триалды колледжінің директоры болып тағайындалды. Тамыз конференциясы, семинар, дөңгелек үстел сияқты түрлі жиындарда жиі бас қосамыз. Сонда байқағаным, жылы жүзді, өте сыпайы, парасаттылығымен де, ұйымдастырушылық шеберлігімен де әркез әріптестерінің арасында ерекшеленіп жүретін. Күні бүгінге дейін сол биязы, кішіпейіл, салмақты қалпынан еш айныған емес. «Тәрбие басы – тал бесік» деген ғой ата-бабаларымыз. Ұлттық тәрбие, ұлттық сана-сезім- нің қайнар көзі – ел қадірлейтін осындай көшбасшы тұлғалардың сөзі мен іс-әрекетінің бір арнада тоғысуынан басталады.

Колледж басқарған жылдары ойға-қырға шапқылаған Тілектес Есполов өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан тұралап қалған оқу орнының еңсесін көтеру үшін бар күш-жігерін салды. Қалада ғана емес, еліміздің барлық аумағында электр жарығы жоқ, жылу мен су тапшы, мұғалімдерге жалақы төлеу мұң болған кезеңде кемесін қайраңға соқтырмай аман-есен алып өткен капитан секілді, колледждің материалдық-техникалық күш-қуатын әлсіретпей, сынақтан аман-сау алып шықты. Жаңа заманның талабы мен ағымына сай орта арнаулы оқу орнының мәртебесін жоғарыла- туға бастамашы болып, колледжден Алматы индустриалды-педагогикалық академиясы дәрежесіне көтеруге зор еңбек сіңірді әрі тұңғыш ректоры атанды.

Басшылық және оқытушылық қызметпен қатар Алматы қалалық мәслихатының үш шақырылымының депутаты, Білім, мәдениет, жастар саясаты комиссиясының төрағасы, «Nur Otan» партиясының мәслихаттағы фракциясының жетекшісі ретінде қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, шаһар аумағында жаңа мектептер, балабақшалар салуға ықпал етіп, білім мен ғылым- ның, мәдениет пен әлеуметтік саланың қарқынды дамуына үлкен үлес қосты. Сол тынымсыз еңбектің бәрі – ұстаз, ректор, депутат Тілектес Есполовтың еңбексүйгіштік, ел мүддесі жолындағы табандылық, қайсарлық, азаматтық болмысының өсу баспалдақтары біздің көз алдымызда болып жатты.

Оның бойындағы тектіліктен тамыр тартқан, осындай іскерлік қабілеттерін тап басып таныған Елбасы 2001 жылы республикамыздағы аграрлық білімнің локомотиві саналатын Қазақ ұлттық аграрлық университетін басқаруды сеніп тапсырды. «Қайратты ерге бақ тұрақтайды» деген осы. Мені тәнті еткен дүние – Тілектес Исабайұлының басшы ретінде осы университетті басқарудағы өзіндік тәсілі, заман тынысын уақытынан бұрын байқап, алдын ала қимылдайтын көрегендігі.

Алдына айқын мақсаттар қоя біліп, оған жетудің жолдарын нақты жоспарлап, оған өз әріптестерін жұмылдыра отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізетін көшбасшылық қасиеті көп басшыда кездесе бермейтіні рас. Ол іргелі істердің үдерісін әрдайым көңіл көзінен өткеріп отырады, кез кел- ген істің елге пайдалы болуын қамтамасыз етеді, жеті рет өлшеп, тексеріп барып мұқияттайды. Бұл – ұжым басқарамын дейтін кез-келген жанға үлкен үлгі-өнеге. Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін жақсы сөз бар, ер азаматқа сүйінгенде қолданылатын.

Мен Тілектес Исабайұлына «Бір сырлы және сексен қырлы!» деп баға берген болар едім. Артық айтқандық емес, өмір шындығы осы. «Тұлпар сыны – біреу, ер сыны – мың» дегендей, қатардағы университетті білім берудің әлемдік деңгейдегі ЖОО қатарына көтерудегі ұшан-теңіз еңбегі, алуан қырлы істері көзге көрініп тұр. Ең алдымен, оның басшылы- ғымен университет болашақ мамандарды: «бакалавр – магистр – PhD докторы» үш деңгейлі даярлауға көшуді жүзеге асырды. Екіншіден, оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді, университет Еуропалық білім беру кеңісті- гіне кірді, Болон декларациясына қосылды және университеттердің Еуропалық қауымдастығына мүше болды.

Тоқсан жылдық тарихы бар қара шаңырақ іскер ректордың бастамасымен жо- балық басқарудың халықаралық стандарттарын қолдана отырып, әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орын- дарының 13 халықаралық сарапшыларымен бірге ұлттық зерт- теу университетіне айналды. 2020 жылғы қазанның 23-інде ҚР Үкіметінің қаулысымен ЖОО-ға «зерттеу» мәртебесі ресми берілді. Осылайша Қазақстанда алғаш рет трансформация мәселесі бойынша университет тәжірибесімен бөлісу үшін 20-ға жуық жоғары оқу орындарының өкілдері арнайы келіп, инновациялық жаңалықтармен танысып, заманауи жетістіктерді өздеріне енгізуге шешім қабылдады.

Нәтижесінде, 2021 жылы білім беру жүйесіндегі үлкен жетістіктері үшін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті QS әлемнің үздік университеттері рейтингінде 551-ші орынды иеленді. Ал биыл QS-2023 әлемнің үздік университеттері рейтингісінде 481 орынға көтеріліп, отандық білім мен ғылымның абыройын асқақтатты. Сондай-ақ QS WUR-2022 пәндік рейтингінде алғаш рет «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ401-ге кірді. Ал үстіміздегі жылы сәуірдің 6-сында ҚазҰАЗУ QS World University Rankings by Subject 2022 жоғары оқу орындарының халықаралық пәндік рейтингінде «Ауыл шаруашылығы және ор- ман ресурстары» бағыты бойынша топ-401 қатарына еніп, тұңғыш рет көшбасшылық позицияға көтерілді.

Онда QS WUR өз аясында 85 елден 1543 ЖОО-ның қызметіне бағалау жүргізді. Олардың арасынан жақсы көрсеткіштерге ие болған ҚазҰАЗУ Қазақстан мен ТМД жоғары оқу орындары арасында ең жоғары орынға ие болып, өзінің сапалы тамақтану және қоршаған ортаны дамыту саласындағы әлемдік деңгейдегі жетекші университет екенін тағы да дәлелдеді. Тілектес Исабайұлының өзі айтқандай, ендігі мақсат – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет атану екен. Әрине, бұл ҚазҰАЗУ-дың жа- һандық ғылыми-білім беру кеңістігіне белсене интеграцияланып, даму көрсеткіштерін әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының халықаралық стандарттарына жақындату бойынша үлкен жұмыстар жүргізудің нәтижесінде қол жеткен жетістіктер!

ҚазҰАЗУ өзінің инновациялық дамуында QS рейтингісінде «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша соңғы бес жыл ішінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алады. 2019 жылы ҚазҰАЗУ-да Вагенинген университетімен бір- лесе жұмыс істеу институты ашылды, онда 2020-2021 оқу жылында пилоттық режимде студенттерді «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым», «Ветеринариялық тамақ қауіпсіздігі және технологиялар» атты екі инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша даярлау басталды.

Сондай-ақ қазіргі уақытта университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізеді. Жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі болып табылады. Университет ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесінде, Алматы аймақтық ректорлар Кеңесінде төрағалық етеді. Университетте АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің жетекші серіктес жоғары оқу орындарымен 11 қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын басқару» қос дипломды магистрлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2021 жылдың қазан айының 15-інде Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің (SGGW) «Қашықтан зондтау және қоршаған ортаны зерттеу» кафедрасының меңгерушісі, әлемге танымал профессор Ярослав Чорманский «қос диплом» бағдарламасы бойынша оқуды табысты аяқтаған түлектерге екінші дипломдарды сал- танатты түрде табыстады.

Сондай-ақ ҚазҰАЗУ базасында шетелдік оқымыстылардың қаты- суымен 15 ғылыми бағыт бойынша Халықаралық жазғы және қысқы мектептер жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Осындай инфрақұрылымды құру университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді. Университет ғалымдары отандық агрокешен жүйесінің бәсекелестікке қабілетін арттыру бағытында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, ғылыми-практикалық жобаларды іске асыруда. Тағы бір ең үлкен жетістік – Тілектес Исабайұлы- ның тікелей бастамасымен университетте 2016 жылы Халықаралық агротехнологиялық Хаб – «Агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық технологиялардың халықаралық ғылыми-зерттеу институты» құрылды.

Оны құрудағы мақсат – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету үшін, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу болып табылады. Агрохабтың құрамында: АҚШ, Нидерланды, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, Ресей, Беларусь сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Зертханалар халықаралық агенттіктермен аккредиттелген және өзге де жоғары оқу орындары, ҒЗИ мен агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық.

Агрохабта, сонымен қатар, идеядан бастап коммерцияландыруға дейін стартап-жобаларды акселерациялау жеделдету жұмыстары жүргізіледі. Ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың көмегімен жерді қашықтан зондтаумен айналысады. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынады. Бұл технологиялар фермерлерге тыңайтқыштарды, гербицидтерді және тағы да бас- қаларын қолдануды оңтайландыруға көмектесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Университет білім алушыларға сапалы білім беру үшін заманауи зертханалар ашуда. Соңғы үш жылда үш инновациялық орталық, екі заманауи зертхана ашылды. Соның бірегейі – 2020 жылы университеттің Халықаралық вакцинология ғылыми-зерттеу орталығында «Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығымен» бірлесе отырып, шетелдік серіктестер – Огайо штатының Университеті (АҚШ) және Vaxine биотехнологиялық компаниясының (Австралия) қолдауымен COVID-19 қарсы 2 вакцина жасалды: олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне COVID-19 қарсы вакциналық үміткерлер ретінде енгізілген.

Университеттің «Рухани жаңғыру» орталығында ұлттық тәрбие аясында халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнегелі ісімен тарихта іздері қалған ғұламалардың өмір жолы, перзенттік қарыз бен парыз, отансүйгіштік сезім, патриоттық тәлім-тәрбие үйретіледі. Осы құндылықтарды жоғары бағалайтын Тілектес Исабайұлының өмірлік ұстанымы мен мақсаты: «Жастар – ғылымның болашағы» деген ұғым. Өткен жылдың соңында Алматыда өткен «Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті: қалыпта- суы мен дамуына 30 жыл» атты Халықаралық жас ғалымдар форумына қатысып, ойларымен бөлісті.

«Қазіргі уақытта біздің университеттің жақсы аты кәсіби біліктілігі жоғары, ісінде шығармашылық көзқараспен және жаңашылдықпен ерекшеленетін адамдардың жанқиярлық және жемісті еңбегінің арқасында қалыптасқаны сөзсіз. Жаңаша бағыттағы ғылыми-зерттеу әлеуетіне ие бола отырып, біз ғылымдағы бар жақсыны игере алатынымызға және жетістіктерімізді айтарлықтай арттыра алатынымызға сенімдімін», – деген еді Тілектес Есполов. Иә, орынды айтылған ақиқат. Мен университетке жолым түсіп барған сайын үлкен өзгерістерді байқаймын.

Соңғы жылдары ғана ҚазҰАЗУ оқытушыларының қатарына дамыған шет елдерде білім алған екі жүзден астам жас ғалымдар келіп қосылды. Кафедра меңгерушілерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының 58 пайызы – жас PhD докторлары. Былтыр Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 үздік жас ғалым», «30 ғылыми жоба», «30 үздік стартап-жоба» бойынша көптеген жас таланттар анықталды. Бұл қадамдар жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін дәлелдейді. Мысалы, университеттің жас ғалымдар кеңесі еліміздің жоғары оқу орындары арасында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «Үздік жас ғалымдар кеңесі» атағына ие болғаны баспасөзде кеңінен жазылды.

ҚазҰАЗУ докторанттары Айдана Мыржықбаева, Баян Байхожаева және Жанар Үсенова ТМД ғылыми-білім беру мекемелері арасында өткізілген «Үздік жас ғалым-2021» халықаралық байқауының екінші және үшінші дәрежелі дипломдарымен, төсбелгімен марапатталғанын әлеуметтік желілер қуана таратты. Жас ғалымдарға қарап бой түзеген студенттер қатары да аз еместігін естіп, қуанып отырмыз. «ҚазҰАЗУ-дың отыз үздік стартап жобасы» онлайн байқауында ветеринария факультетінің студенті Магамед Жапаров «Жаңа буындық дезинфекциялық құрал» стартап жобасы үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапатталыпты.

2021 жылдың қарашасында Сербия Республикасы ұйымдастырған «Ковид және білім: алға жол» атты халықаралық байқауда «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының 3-курс студенті Гүлнұр Сәрсенованың «Университет старт» номинациясы бойынша екінші орынға ие болғаны – ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ биылғы сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт- тық университетінде өткен «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумында ҚазҰАЗУ-дың «Парасат» орталығының белсенді студенттері – «Технология және биоресурстар» факультетінің 2-курс студенті Назерке Күзен «SANALY URPAQ» ең үздік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба байқауына қатысып, бірінші орын, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 2-курс студенті Ұлдана Алик ең үздік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында «Аза- маттық борыш» номинациясы- ның иегері атанды.

Сонымен қатар жақында ҚазҰАЗУ-де 2021-2022 жылғы оқыту процесінің қорытындысы шығып, «Жылдың үздік студенті» байқауының 34 жеңімпазы анықталды. Жүлдегерлерді университет басшысы Тілектес Есполов өзі құттықтап, марапаттарын тапсырды және рухани астанамыз Түркістан қаласына саяхаттап қайтуға тегін жолдама берілді. Бүгінде білім алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Жаңаша жабдықталған зертханалар, кітапханалар, «Рухани жаңғыру» кешенді орталығы, спорт залдары, көптеген үйірмелер студент жастардың жан-жақты білім алып, толыққанды азамат ретінде қалыптасуы үшін қызмет көрсетеді.

Жастарды тәрбиелеу бойынша университетте О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты жүйелі үлкен жұмыс атқаруда. Бұл институттың қызметі жастардың адамгершілік және азаматтық жауапкершілігін дамытуға бағытталған. Басты бағдар – толеранттылық, ұлтаралық келісім, патриотизм, заңға бағыну және еңбексүйгіштік қасиеттерін сіңіру. Оның құрамында «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, «Достық» Кіші студенттік ассамблеясы, Бикен Римова атындағы «Әдеп» клубы, Бауржан Момышұлының «Қарыз бен парыз» клубы, сонымен қатар «Парасат» сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру орталығы, «Саналы ұрпақ» клубы, «Адалдық Алаңы» орталығы жұмыс істейді.

«Еріктілер» орталығының жастары жетім балалар, қарттар үйлеріне, ҰОС және еңбек ардагерлеріне, қала тұрғындарына және әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көмек көрсетеді. Әрине, оқу дегеніміз – сертификат, диплом алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасатын, толыға беретін асыл қазына. Тек өз ісінің нағыз маманы ғана алған білімін, тәлім-тәрбиесінің нәтижесін өмірде нақты істерде қолдана алады. Аграрлық университеттің барлық түлектері мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Өйткені, олар шежірелі бай тарихы бар университеттің білім мен ғылымдағы, қоғамдағы, өнер мен спорттағы игі дәстүрлерін жалғастырып келеді.

Тілектес Исабайұлының өзі де волейбол спортымен жүйелі айналысады әрі 2005 жылдан бастап Алматы және Алматы облысы ардагерлер волейболы Федерациясының тұрақты президенті ретінде ЖОО базасында жыл сайын дәстүрлі түрде Олжас Сүлейменов пен ҚазҰАЗУ ректорының жүлделері үшін ардагерлер турнирлерін тұрақты өткізіп келеді. Бұл жарыстардың мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және ардагерлердің үлгісінде студент жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру.

Еліміздің ауылшаруашылық саласы, міне, осындай жан-жақты дайындалған, денсаулығы мықты, білімді, алғыр жастармен, білікті мамандардың жаңа буынымен толығып отырғаны қуантады. Университеттің толассыз қыруар шаруаларына бас-көз бола жүріп, Есполов Тілектес Исабайұлы Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқаруға, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бес жүзден астам ғылыми-оқу әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде отыздан астам монографиялардың, оқулықтардың, оқу құралдарының авторы, 40-тан астам патенттер мен өнертабыстарының иегері атаныпты.

Оның ғылыми жетекшілігімен 66 кандидат, 25 ғылым докторы және 7 PhD докторы дайындалғанын да естіп-біліп, ризашылық сезімде отырмыз. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы! Қарап отырсам, Тілектес Исабайұлының ізін жалғастырып, өзі тәрбиелеген мыңдаған шәкірттері еліміздің әр қиырында, экономикамыз бен ауыл шаруашылығы саласынада абыройлы қызмет етіп жүрген танымал азаматтарға айналыпты. Ұстаз үшін ең үлкен қуаныш, ең мерейлі жетістік осы деп ойлаймын! Шын ер табысқа ешқашан тасымас демей ме! Кішіпейілдікті кісі бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі деп білетін Тілектес Исабайұлы өзінің «Ұлық болсаң – кішік бол» кредосынан еш ауытқыған емес.

«Ердің сыншысы – елі» дегендей, студенттердің, әріптес ғалым педагогтердің, елдің құрметі мен ықыласына бөленуде. Ел мұратын өз мұраты санайтын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, зерделі ғалым-экономист, ардақты ұстаз Есполов Тілектес Исабайұлын мерейлі 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, басшылық, ғылыми және ұстаздық жолын одан әрі табысты жалғастыра беруіне сәттілік және зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отба- сына береке, жақсылық, қызме- тінде жаңа белестер тілеймін!

Аягүл МИРАЗОВА,
«Қазақстанның Еңбек Ері», «Алтын жұлдыз»
және «Отан» орденінің иегері, Қазақстанға
еңбегі сіңген қайраткер

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий