Өрелі істер өркені

Күні кеше ғана қазыналы Қарағанды аймағындағы өркениет өріне «Өрлеу» деген атпен қадам басқан жаңа ұйымның тұсауы кесіліп еді, көзді ашып жұмғанша он жыл өте шығыпты. Осы бір ордалы онжылдықта оқыту орнының оза шауып, биік белестерді бағындырғанына куә болдық. Сәл шегініс жасасақ. «ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында педагог кадрларды даярлау және білім беру жүйесін жоғары кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету күн тәртібіне көтеріліп, олардың біліктілігін арттыру мәселесі алға қойылған еді.

Нәтижесінде, 2012 жылдың күзінде Қарағанды облысының білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты болып қайта құрылды. Осы уақыттан бері, киелі қарашаңырақ – Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының он жеті филиалының қызметтері, жобалары мен жетістіктерінің жарқын калейдоскопы болды.

Білім ордасының өткеніне көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерін жіпке тізсек, жан семіріп, көңіл марқаяды. Мәселен, 10 жыл ішінде Қарағанды институты электрондық оқыту (e-learning), робототехника, 3D-принтинг жүйесін енгізу бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асырды. Алғаш рет ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде Blended Learning (аралас оқыту) форматындағы курстар ұйымдастырды. Педагогтердің IT-құзыреттерін дамыту «Өрлеудің» барлық білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізілді.

2012-2017 жылдары институтта «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» деңгейлік бағдарламасымен Қарағанды облысының 2300 педагогы дәріс алып, оның 42 пайызын – ауыл мектептерінің мұғалімдері қамтыды. Аталмыш курсқа Кембридж халықаралық сарапшылар кеңесімен сертификатталған 17 институт тренерлері тартылып, Кембридж университетінің серіктестері тренерлер мен мұғалімдерге тьюторлық қолдау көрсетті.

2016-2020 жылдар аралығында Педагогикалық шеберлік орталығымен сертификатталған институттың 36 тренерімен өткізілген курста «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» бағдарламасы бойынша жаңартылған білім беру мазмұнында Қарағанды облысының 14474 мұғалімі оқытылды. 10 жыл ішінде қысқа мерзімді курстарда өңірдегі балабақшалардың, мектептер мен колледждердің 19 922 педагогы өз біліктіліктерін арттырды. «Өрлеу» бағдарламасының модульдік құрылымы тыңдаушыларға олардың кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып, өзекті білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік берді.

2012-2020 жылдар аралығында институтта облысымыздағы 204 мұғалім «Бөбек» орталығының «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтіп, кәсіби тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда білім ордасы біліктілікті арттырудың маңызды ресурсы ретінде педагогтерді кәсіби конкурстар мен жарыстарға тарту жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Мыңдаған мұғалім «Өрлеу» ұйымдастырған республикалық білім беру қызметкерлерінің педагогикалық оқулары, үздік ұстаздар арасындағы «Виртуалды білім беру бағдары» эстафеталары мен «Жылдың үздік әдіскері», «Жылдың үздік психологы», «Өрлеу» SMART-педагогы», «ТжКБ-да инклюзивті білім берудің үздік педагогы», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Үздік бейнесабақ», «Өрлеу» атты жоғары деңгейдегі байқауларда табысты өнер көрсетіп, түрлі марапаттар мен сертификаттарға ие болды.

Сертификатталған мұғалімдерді курстан кейінгі қолдау аясында деңгейлік бағдарламалар орталығы тренерлерімен «Өрлеу» әдістемелік десанты – аймақ педагогтеріне» атты игі шара қолға алынып, ауыл мектептерінің ұстаздарына жергілікті жерлерде әдістемелік қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, 2020 жылы институттың «Жеңімпаздар лигасы» атты лига құрамы арқылы педагогтерді кәсіби дамыта түсуді, мансаптық өсу жолында заманауи білім беру ресурстарының мүмкіндіктерін көрсетуді мақсат еткен авторлық жобасы құрылып, облыстағы «Өрлеу» кәсіби конкурстарының жеңімпаздарын бір арнаға біріктірді.

Нәтижесінде осы лиганың мүшелері Шет ауданы «Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының» мұғалімдері Б.Түсіпханова 2020 және Ә.Бөлкенбаева 2021 жылы «Жыл мұғалімі» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды. Жыл сайын ннститут ұжымы педагогтерге көмек құралы ретінде ғылыми – әдістемелік басылымдар, монографиялар, ұсынымдар, білім беруді дамытудың өзекті мәселелері, заманауи сабақты ұйымдастыру, тәрбие қызметі сынды тағы да басқа көптеген оқу құралдарын әзірледі.

Сонымен қатар, мұғалімдерге мақалалар дайындауға, өз зерттеулерінің нәтижелерін «Өрлеудің» он жеті филиалының ғылыми – әдістемелік басылымдарында жариялауға қолдау көрсетіліп келеді. Мақаламыздың басты кейіпкері «Өрлеу» институты өз біліктілігін арттыру мақсатында өзге де білім ордаларымен серіктестік орнатып, оны «Мықты аймақ – мықты орталық» стратегиясына сәйкес жүзеге асыруда.

Даму міндеттері Қарағанды облысының білім басқармасымен, Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығымен, Қарағанды қаласы бойынша педагогикалық шеберлік орталығымен, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен, колледждермен, мектептермен және балабақшалармен өзара іс-қимылда сәтті шешімін табуда. «Өрлеу» институты құрылған алғашқы күннен бастап институт оқытушысын әдіскер, зерттеуші, коммуникативті, шығармашылық тұлға ретінде анықтайтын «Өрлеу» SMART-педагогы» тұжырымдамасы іске асырылуда.  

2012 жылы «Өрлеу» БАҰО» АҚ мен EDUCARE International Consultancy Сингапур оқытушылары Одағының халықаралық бөлімшесі арасында өзара серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында 2012-2017 жылдар аралығында Институттың оқытушылары мен қызметкерлері Англия, Аустралия, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей, Сингапур, Франция, Чехия сынды алпауыт мемлекеттерде тағылымдамадан өтті. 2017 жылдың 30-шы қаңтарында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Филиалдың қызмет көрсетулерінің ҚР СТ ИСО 9001-2009 (ISO 9001:2009) «Сапа менеджменті жүйелері. Талаптар» талаптарына сәйкестігін растайтын Сертификат алды.

Қазіргі уақытта Институттың оқытушылары Таллин университетінің Edcrunch бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыруда. Осы жылдар ішінде Институт менеджмент академиясына, педагогикалық кадрлар ұстаханасына айналды. 18 адам философия докторы PhD, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми және академиялық дәрежелерін қорғады. Бүгінде институттан тәжірибе жинақтап, қанаттанған қызметкерлердің бірі Білім және ғылым министрлігінің ұлттық орталықтарын басқарса, бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрылымдарында, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде табысты еңбек етуде.

Дана халқымызда «Білікті басшыдан – білімді маман шығады»,- деген аталы сөз бар. Білім ордасының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігі мен бағындырған бедерлі белесінде «Өрлеу» Қарағанды филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы Мұқанованың еселі еңбегі мен көнермес қолтаңбасы бар. Иә, кенді аймақтағы қазыналы орда өз тарихының екінші онжылдығына қадам басты. Мақсаты айқын, міндеті межелі. Ол – облыстағы педагогтердің кәсіби дамуына даңғыл жол салу, байыпты бағыт – бағдар беру.

Сана салмағына салып, сараптай қарасақ онжылдыққа берер бағамызда белгілі болмақ. Алдымен, осы жылдары «Өрлеу» корпоративтік және жеке тұлғалық жауапкершілікке ие ынтымақтастық ортаны құра отырып, әрбір жеке ұжым мүшесінің нәтижесі арқылы бүтін бір ұйымның абыройын асқақтатып жүрген қызметкерлерді марапаттау мен мадақтау жүйесін бір жолға қоя алдық.

Жуырда ғана, мәртебелі мерейтой аясында білім ордасында еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері еңбек етіп, ұстаздардың ұстазына айналған «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы Смағұлова Қазиза Ғабдоллақызы Қарағанды облысының білім басқармасының «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен, директордың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Жетписбаева Мейрамгуль Асылбекқызы мен бірқатар кафедра оқытушылары «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ, институт мамандары «Алғыс хатпен» марапатталған еді.

«Адал еңбек – көнермес құрмет» деген осы болар. Бейнеттің зейнетін, еңбектің өнгенін көрген қандай бақыт. Ләйім ұлағатты ұстаздарымыз ұлықталып, ынтымақты ұжымның абыройы асқақтай берсе екен деймін. Қорыта айтқанда, киелі қарашаңырақтың онжылдағы асқан асуын, жеткен жетістігін жіпке тізгендей жалпылай қамту мүмкін болмас. Біздікі тек, білім ордасы бағындырған биік белестерінің бір парасымен бұқара қауыммен бөлісіп, торқалы тойға арналған төрт ауыз лебізімізді жеткізу ғана.

Алда атқаруын күткен алқалы істер мен жүйелі жоспарлар тұр. Сондықтан да ұйытқысы берік ұжымның әлі де ілкімді істерді жүзеге асыру жолында күш-қуаты мен шығармашылық әлеуетін аянбай жұмсап, жағымды жаңалықтардың жалғасын табатынына сенімім мол. Облыс педагогтерінің кәсіби тұлғасын қалыптастыру жолында еңбек етіп жатқан әріптестерімді Өрлеудің онжылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өрлеуіміз өрге шығып, білім сапасы арта берсін!

Алуа БУХАРБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды
облысы бойынша КДИ ӘҰМБ басқарма бастығы,
Тілеу ТУҒАНБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды
облысы бойынша КДИ бас маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий