Ұлағат үкілеген білім ордасы

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан…», – деп кемеңгер Абай Құнанбаев айтқандай, тәуелсіз Қазақстанның жастарына бұл өлең жолдары айнымас темірқазық болып танылады. Жас түлектер өмірде өз орнын тауып, биік асуларды бағындыруда мамандықты тура таңдауы аса маңызды.

Осы орайда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі барлық дерлік мамандықтардың қалыптасып, даму кезеңдерін ұлағатты тұлғалар қызмет жасаған парасаттың жәдігері, ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы деп тани аламыз. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, тіпті студент жастарының шығармашылық талмас күш-қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған десек, артық айтпаған болармыз.

Қазақстанның болашағы үшін ұлағатты ұстаздардың атқаратын еңбегі  ұлан-ғайыр. Олай болса, «ұлағатты ұстаз» дегеніміз кім? Әрине, ол – ақыл-парасаты толысқан, үлгі-өнегесі орныққан, тәлім-тәрбиесі зор, өзінің қызметтік саласында аянбай терін төккен, болашақ ұрпағына мол мұра қалдырған тұлға. Сондай ұлағат үкілеген мекеннің бірегейі, 60 жылдық тарихы бар «Музыкалық білім» мамандығына жас түлектерді ат басын бұрғандарын қалаймыз.

Ұрпақтар сабақтастығы негізінде дамып келе жатқан бұл мамандықтың үлгі-өнеге тұтатын ұлы тұлғалардың, сонымен қатар шығармашылықтың шыңында өзіндік орны бар өнерпаздардың-осы мамандық түлектерінің өмірлік ұстанымдары оған дәлел болмақ. «Музыкалық білім» мамандығының университет қабырғасында  қалыптасып, дамуына бірден бір себепкер – композитор Бақытжан Байқадамов болатын.

Сонымен қатар мамандықтың бастауында жүрген, есімдері елге танымал ғалымдар мен композиторлар Ө.Байділдаев, Тен Чу, К.Ошлаков және тағы да басқалар музыкалық көркем шығармаларымен белгілі болса, ғалым-музыканттар М.Балтабаев, Р.Жәрдемалиева, Қ.Меңдаяқова, Ш.Құлманова, Т.Қоңыратбайдың іргелі ізденістері, музыканы оқытудың теориясы мен әдістемесінің ғылыми тұрғыдан негізделген тұжырымдамалары, музыка тарихының кезеңдеріне бағытталған зерттеулері республика көлемінде кеңінен қолданылуда. 

Қазақстандағы музыкалық білім беру мәселелерін зерттейтін ең алғашқы ғылыми мектеп (80-ші жылдары) біздің Қазақ қыздар педагогикалық институтының негізінде педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының академигі, профессор Джердималиева Ритта Рамазановнаның бастауымен қалыптасқан. Бірнеше ғылым кандидаттарын даярлаған, тұлғалы ғалым, профессор Р.Жәрдемалиеваның айналасына шоғырланған, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген зерттеушілер қауымдастығының іргелі ізденістері, әдістемелік жұмыстары ғылыми талдаудың тереңдігімен, проблемалық көзқарасымен, жаңалығымен және қорытындыларының салмақтылығымен ерекшеленеді.

Жалпы, ғылыми мектептер зерттеу саласы ретінде әр уақытта басты функцияны атқарды, яғни бағдарламаларды анықтауда бірауызды болған ғалымдардан тұратын «білім эстафеталары», ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми қоғамдастықтың қызметіне ықпал ететін болашақ ғалымдардың орталығы деп танылады. Республика деңгейіндегі жалпы білім беретін мектептерге арналған «Музыка» бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерінің екі бірдей авторлары, профессор Ш.Құлманова, М.Оразалиева өзіміздің кафедрамыздың белді мүшелері екенін үлкен мақтанышпен айта аламыз.

«Музыкалық білім» мамандығы – сарқылмас рухани қазына. Жалпы білім беретін мектептерде музыка пәнінің әдістемесін терең меңгеру, қазақ әндері тарихының шығармашылық мұраларын зерделеу, насихаттау, музыкалық аспаптарды, әнді нақышына келтіріп орындау – мамандықтың басты мәселелер қатарында қарастырылады. Музыкалық туындылардың адам тәрбиесіндегі маңызы мен мәнін анық көрсету, жеке адамның қасиеті, оның жан дүниесінің тазалығы, мәдениеті, өнері, талғамы, қажеттілігі, мақсат-мүддесі деп тани аламыз.

Олай болса, өзіміздің университетіміздің түлектері, осы киелі мекемеде қызмет еткен ән өнеріндегі үлгі тұтарлық тұлғалар да біршама, атап айтқанда Ағайша (Агима) Исағұлова, Галина Қарамолдаева, Мәдина Ералиева, Ұлжан Айнақұлова, Алма Аманжолова, Дина Хамзина, Тамара Асар, Гүлнұр Оразымбетова, Маржан Арапбаева, Гүлнұр Өмірбаева және тағы да басқалар. Әлеуметтік-гуманитарлық білім және өнер институты келесідей мамандық бойынша құжаттар қабылдайды.

6В010600 – Музыкалық білім (бакалавриат, магистратура). Қазірде «Музыкалық білім» мамандығы халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік жоғары оқу орнымен, атап айтқанда Нийде Өмер Халисдемир университетімен (Түркия) бірлескен академиялық ұтқырлық бағдарламасын құрастырып, келісімшарт орнатты. Академиялық ұтқырлық негізінде студент белгілі бір академиялық кезеңге, мәселен семестрге немесе оқу жылына, сол жоғары оқу орнына оқуға ауыстырылып, білім беру мекемесінде баға жетпес тәжірибе алмаса алады, кәсіби білім мен практикалық дағдыларын меңгереді.

Сәйкесінше, білім беру үдерісінде инновациялық технологиялар, жаңартылған білім беру бағдарламалары негізіндегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялар кеңінен қолданылуда. Олай болса, «Өткенге – салауат, білім, мәдениет пен дәстүр-мұра, болашаққа – аманат» дегендей, тарихы тереңде жатқан «Музыкалық білім» мамандығы киелі шаңырағынан, танымал, ұлағат үкілеген ұстаздардан озық білім-тәрбие алған әрбір студент мемлекетіміздің, еліміздің мақтан тұтар болашағы болады деп сендіре отырып, өздеріңізді – жас түлек асыға күтеміз!   

Майра СҰЛТАНОВА,
музыка кафедрасының доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий