Ақтөбелік NIS оқушысы халықаралық стартап байқауында жеңімпаз атанды

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шығарылды. 2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

«Dioth.tech» жобасын қорғаған Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушысы Арман Жалғасбаев «Caspian Startup-2022» халықаралық байқауында жеңіске жетті. Арманға Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттарын иеленді. Мектеп қабырғасында республикалық ғылыми жобалар байқауы мен физика пәні бойынша желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған Арман биыл Ақтөбедегі NIS-тің үздік оқушысы атанды.

«Dioth.tech» – тауардың түпнұсқалығын тексеретін смарт жапсырма. Арманның жаңа стартапы кез келген брендке өз өнімдерінің бірегейлігін анықтауға көмектеседі, осы орайда бір түрту арқылы клиентпен тікелей байланыс орнатуға болады. NFC көмегімен белгілі бір брендтің киімдерін цифрландыру өндірушілерге сатылымдарды ұлғайтуға және бәсекелестерден ерекшеленуге мүмкіндік береді.

Тауарды сауда желілерінде және таратуда оның түпнұсқалығын дәл көрсете отырып, жалғандардан қорғайды. Енді тауардың түпнұсқалығын көп күш жұмсамай-ақ бірнеше секундта тексеруге болады. Бұған дейін өндірушілер контрафактілік тауарлардың жаппай өндірілуіне байланысты өз өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр болды. Менің технологиянымды қолдану арқылы өндірушілер тауардың бағасын көтермейді, – дейді Арман Жалғасбаев.

Оқушы бұл мәселенің экологиялық жағы бар екендігін де жеткізді. Өйткені, жаһандық шығарындылардың 8 пайызы киім өндірісінің көміртегі ізі. Өндірілетін киімнің басым бөлігі контрафактілік екенін ескере отырып, жалған бұйымдарды жаппай өндіру мәселесін шешу планетамызды көміртегінің үлкен шығарындыларынан және ауаның ластану проблемаларынан құтқара алады. Белгілі брендтердің атымен жалған өнімдерді жаппай өндіру түпнұсқа өнімдердің барлық эксклюзивтілігін жоққа шығарып қана қоймайды, олар компаниялардың пайдасын айтарлықтай төмендетеді және олардың беделіне теріс әсер етеді.

2020 жылы сән индустриясы жалған тауарларды сату салдарынан 50 миллиард доллардан астам шығынға ұшырады. Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды. Ең мықты авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіпқойларынан іріктелген беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.

Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Caspian Startup байқауының финалдық туры қатысушылары үшін ауқымды оқыту ұйымдастырылды, интерактивті сессиялар мен мастер-класстар бизнес-коммуникациялар, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналды. Криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арналған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» атты жоспарлы шеберлік сағаты үлкен қызығушылық тудырды.

«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Дастарханның басты асы әзірленген бауырсақ-пати бизнес пен IT-саласының болашақ жұлдыздарына жаңа серпіліс пен қуаныш сыйлады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий