«Қазына» этнолагері бастау алды

Маусым айының 1-інен Ғ.Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейде «Қазына» этнолагері бастау алды. Этнолагерь мектеп жасындағы балаларды ұлттық өнерге баулу, дәстүрлі ән мен қолөнерін үйрету, ұлттық ойындар ойнату, ұлттық тағамдар түрлерінің жасалу технологиясын меңгертіп, туған өлке тарихымен таныстыру арқылы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіру мақсатын көздейді.

Үйірмелердің негізгі бағыттары: қолөнер, дәстүрлі ән-би өнері, ұлттық ойындар, ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, туған өлке тарихы, қылқалам. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтер болсақ, қолөнер бағыты бойынша ұлттық киім үлгілері, киіз үй бау-басқұры, ши тоқу технологиясы, текемет басу, жүннен бұйымдар дайындау; дәстүрлі ән-би өнері бағыты бойынша дәстүрлі ән айту, айтыс, ұлттық би; ұлттық ойындар ойнату бағыты бойынша асық ату, жамбы ату, аударыспақ, алтыбақан; ұлттық тағам түрлерін әзірлеу бағыты бойынша ұннан жасалатын тағамдар, сүт, ет өнімдері; туған өлке тарихы бағыты бойынша тарихи-өлкетану тақырыбында кездесулер ұйымдастыру, жүрмелі мұражай қызметі; қылқалам бағыты бойынша түрлі жанрдағы сурет көрмесі басты назарға алынды.

«Үркер», «Ақберен», «Бойтұмар», «Алтын сақа», «Мұзбалақ», «Сәйгүлік» топтарымен бірге мектеп ұжымынан құралған 12 тәрбиеші, 15 үйірме жетекшісі тынығу алаңы жұмысының жоспары бойынша балалардың алғашқы күнін ерекше дайындықпен бастады. Мектеп алаңына киіз үй, жер ошақ құрылды. Бірінші күні-ақ оқушылар таңғы жаттығуды «Қара жорға» биімен бастады. Таңғы асқа балаларға ошақта қазанда пісірілген ыстық бауырсақ пен шұбат ұсынылды. Сәлден кейін ошақта қалған шоққа көмілген күрең қызыл таба нан да дастарханға жеткізілді.

Тынығу алаңының ашылуы құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылып, одан соң әр топ киіз үйдің құрылымы бойынша толық мәлімет алды. Тынығу алаңының бірінші күні балалар үшін ерекше есте қалды. Осындай үрдіспен күн жалғасын табуда. Тынығу алаңына арналған он төрт күн ісмермен, сәулетшімен, құсбегімен, атбегімен, суретшімен әр бағыт бойынша жоспарланған кездесулер балалардың ұлттық құндылықтарды танып-білуіне зор ықпалын тигізеді.

Ботагоз ҚАЗБЕКОВА,
Маңғыстау облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий