Ұстаздар сабақтастығы жарасымды

«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», – дейді Жүсіп Баласағұн.  «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуге балаға…» дейді Абай һәкім. Расында да, шынайы ұстаз болып, шәкірт жүрегі мен санасына терең бойлап, кеудесіне рух, жанарына жалын сыйлайтын да – ұстаз. Өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, әр шәкіртіне аса зор ықыласпен ден қойған ұстаз қатары аз емес. Мұғалім көп, ұстазы аз заманда қатарынан озық болып, ұстаздық жолды мамандығым деп қана емес, өмірімнің мәні деп бағалайтын жанның бірі – Әуесбай Бақбергенұлы десем  сөзімнің әбестігі жоқ.

Әуесбай Бақбергенұлы – 70 жаста

Әуесбай ағаның ұстаздығы мен өз ісіне берілген шеберлігін биіктік деп бағалар болсақ, оның ортасына сіңімді кісілік келбетін бөлек бір шың дер ем. Ұстаздың талапты шәкіртіне шапағат шуағын шашып, маңына топтастырып, білім беру өз алдына, адами тұрғыда берген тәлімінің ғибраты зор. Сол себепті де барлық студент білімпаз да ұжымы да  Әуес ағайын құрметтеп, жақсы көреді. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» қағидатына толық сай келетін асқар бел азаматпен сыйластығымыз алғашқы танысқан күнімізден бастап, бертінге дейін жалғасып келе жатқанына бек разымын.

1994 жылы отыз жасымда сол кездегі Абай атындағы педагогикалық училищеге математика пәнінің оқытушысы боп қызметке тұрдым. Аты аңызға айналған педучилищеге орда бұзатын, тепсе темір үзетін дейтіндей дүр жігіт шағымызда келіппін. Ауылдық мектепте мұғалім, директордың орынбасары боп еңбектеніп жүрген жерімнен ұстаздар дайындайтын беделді білім ордасына ауыстым. Бұл қара шаңыраққа мені қазақтың қайраткер азаматы, бүгінгі колледж директоры, курстас досым Айдархан Дүкенбайұлы шақырып еді. Осы шежірелі ұжымның 20 жылдай отымен кіріп, күлімен шықтық дейтіндей ыстық-суығын бір кісідей көргенімізді қазір жылы сағынышпен еске аламыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында училище ұжымының басым бөлігін әйел педагогтар құрайтын. Шамамен он бес шақты ғана ер азамат ұстаз болдық. Білім ордасының аға буын ұстаздары қатарында музыкант, сазгер, асаба, ел ағасы Қаршыға Стамқұлов, бейнелеу өнерінің майталманы Рәт Өмірзақов, математик Еңсебек Сейтбеков, суретші Бура Оразымбетұлы, физик Қуан Сарин  сияқты ағалардың орны ерек болды. Орта буын ұстаздардан музыканттар Әуесбай Тоқпанбетов, Асылбек Жанғарин, Серік Қалмағамбетов, математик Қалдан (Қаңлыбек) Асанов, суретші Бастар Маханов дене тәрбиесінің маманы Қыстаубай Шормановтың, суретші Сырдалы Сатовтың ұжымдағы беделі зор еді.

Жас буын санатындағы біз – суретші Уәлихан  Әшімбаев, Болат Сапарұлы, физик Айдархан Биназаров, музыкант Мұхит Мулкаразов және математик өзім алдыңғы буын ағаларға қарап бой түзеп, мол тәжірибе жинадық. Ер азамат ұстаздардың ішіндегі ең кіші кенжесі де мен болдым-ау. Бәріміз де «Жаны жақсы ағаның, етегін баспа, жолын қу. Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ізгі ұстанымда ағалардың ақылына арқа сүйеп еңбек еттік. Ұжымдағы ат төбеліндей ғана ер азамат ұстаз бір үйдің баласындай тату едік. Әр салаға маманданған үш буын оқытушылардың ынтымақты сабақтастығы жарасымды болды. Өкінішке қарай, аты аталған алдыңғы толқын ұстаздардың кейбірі бүгінде өмір керуенінен ертелеу көшіп кеткені ағаларға деген сағынышымды одан сайын маздатқандай.

1997 жылы елімізде жаппай жүрген оңтайландыру шарасы нәтижесінде, Абай атындағы педагогикалық училищемізге қалалық музыка училищесі қосылғанының куәсі болдық. Орта-кәсіптік білім беру саласында өзіндік орны бар екі бірдей байырғы еңбек ұжымы бірігіп, бұдан былай Абай атындағы Тараз гуманитарлық колледжі боп аталды. Сол жылдары қатарымызға жаңа қосылған музучилищенің мұғалімдерімен де тез тіл табысып, тонның ішкі бауындай дейтіндей бауыр баса араласып кеттік. Сағымдай бұлдыраған сыйлас күндер бүгінде тарих күнпарағына жазылып, еріксіз мұрағат дерегіне айналып отыр.

Дос ағам Әукеңмен Тараздағы Аса мөлтек ауданы, бұрынғы 10 ықшам ауданда көрші тұрдық. Ол он алты үйде, біздің отбасы он үйде қоңсылас едік. Жұмыстан көбіне автобуспен бірге қайтып, жол-жөнекей әңгіме-дүкен қызатын. Көбіне өміріміздің өткелдері туралы сырласамыз. «Менің екі туған күнім бар. Ақпан айның 25-і және сәуірдің жиырма бесі. Біреуі төлқұжатта жазылғаны, екіншісі шын туған күнім»» деп жолшыбай айтып отырады. Мен 1964 жылы дүниеге келгенмін. Әуес ағадан бір мүшел кішілігім бар. Өзі де осы жас ерекшелігін нұсқап: – Сен менен бір мүшел кішісің. Мектеп бітіре салып үйленген болсам, сен баламдай болады екенсің ә?!, – деп қалжыңға сүйеп, үйге барар жолда қызықты әңгіменің шетін шығаратын. Аға досымның мені баласына телігенін өзім де іштей ұнатып: – Несі бар, Әуке, өзіңіздей әкем болса, жаман болмаспыз, – деп кәдімгідей баласы сияқты еміреніп қоям.

Кешегі ақтаңгер жігіт, бүгінгі атанжілік азамат ниетінің құтханасы – жүрек болса, ақылының құтханасы – бас болып, ұлағатты өмір жолы өнегемен өрілгенін аңдаймын. Әуесбай аға расында да мені баласындай көріп, өмірден білген-түйгенін айтып, әкелік ақыл-кеңесін айтып жүреді. Әукең әкеден ерте айырылған, мен де солай әкеден тым ерте көз жазған тағдырымның аға досыммен ұқсастығы да бар. Одан қалды, Асқар тауымызға деген кеудеміздегі сағыныштың лебі ескен кезде әкесіз өскен тауқыметімізді айтып, мұң шертісетініміз де сондықтан. Әкелі-балалы адамдардай ізгі қарым-қатынасымыз әлі күнге үзілмей, имандылық жолында қайта жаңғырып-жандана түскендей бүгінде.

Әуес аға мен Құдай қосқан қосағы Рабиға жеңгей екеуінің шаңырағы шаттыққа, ырыс-несібеге толы құтты мекен. Осы құтты мекеннің құрылғанына биыл 43 жылдың жүзі болыпты.  Әулеттің куәлігі – Жанат, Қанат, Қуаттай перзенттері мен олардан тараған он бір немере жетістігімен тәнті етіп, ата-әжесіне қуаныш сыйлап жүр. Отбасының бақыты мен жақұты Рабиға жеңгеміз де ардагер ұстаз. Мұғалімдерге берілетін ең жоғары – «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. Ұстаздар әулетінде тәрбие алған балалары да білікті маман иесі атанып, қоғам игілігіне қызмет етуде.

…2022 жылдың наурыз айының соңы-тұғын. Астанамызда қыс аяғының тоңы ептеп жібіп келе жатқан мезгіл болатын. Смартфоным кенет безілдеп, дисплейімнің бетінде Әуесбай Бақбергенұлының номері көрінді. Тұтқаны көтеріп, алды ақжайлау ағамның ашық-жарқын дауысына құлағымды тостым. Ақжолтай жаңалығын жеткізейін деп хабарласқан беті екен: – Бақытжан, саған жақын жүрейін деп міне, елордаға көштім. Осында Жұматаев бар деген соң келдім ғой», – деді әзілқой әдетіне басып. Есім шыға балаша қуанып: – Оһо, міне керемет. Енді мешітке бірге баратын болдық», – дедім жүзім бал-бұл жанып. 

 …Швейцария. Цюрих қаласы. Еуропаның ең дамыған мемлекетінде қызмет ететін ұлымның отбасына қонақ боп келгенімізге бірнеше апта болды. Орталық Еуропадағы мемлекетте сағат тілі таңғы бесті көрсетіп тұр. Таң намазымды аяқтап, аз-кем таза ауамен тыныстайын деп есік алдына шықтым. Астанамыз бен Цюрих қаласы арасында төрт сағат уақыт айырмасы бар. Қазақстанда таңғы сағат тоғыз.  Қазақ елі күнделікті күйбең тірлігіне қызу кіріскен уақыт. Бітпейтін шексіз ойларға беріліп отырғанда уақыт шіркін білінбей өтіп, аспан әлеміне қызыл сары рең кіріп, таң қылауланып ата бастады.

Жетпіске жүк артқан Әуес ұстаздың көзінде оттың ұшқыны, көкірегінің көрігін әлі де басып қалса, талай арманның шығатыны шүбәсіз. Кісіліктің, іріліктің қадір мен қасиетін тең ұстаған, аяғын жерге, арқасын елге тіреп жүретін, жаны жайлау, көңілі ояу аға талай шәкірт шоғырына темірқазық болды, әлі де болып келеді. Швейцариядағы таң намазынан кейін Әукең жайында көңілімның төрінде тізбектелген көрікті ойдың бірпарасы осы болды. Адамгершіліктің өнегесі тұрғысында Әукеңнен үйренгенім көп менің.

Бақытжан ӘЛМАХАНҰЛЫ,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық
колледжінің 1994-2014 жылдардағы
математика пәні оқытушысы,
Швейцария,
Цюрих қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий