Республикалық спартакиада: Рухани астанадағы дүбірлі дода

Түркістан қаласында өткен аптаның жұма және сенбі күндері еліміздің аумағындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасындағы тұңғыш республикалық спартакиаданың тұсауы кесілді. Бұл дүбірлі дода ҚР Оқуағарту министрлігі (бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрлігі) мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының арасындағы әлеуметтік әріптестіктің аясында ұйымдастырылған болатын.

 

Екі күнге жоспарланған жарыстың ашылу салтанаты облыс орталығындағы «Turkistan arena» стадионында өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева, салалық министрліктегі техникалық және кәсіптік білім департаментінің студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Алтай Советұлы Рахимберлин, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми- практикалық дене тәрбиесі орталығы республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны директорының кеңесшісі Қалкен Жакин және Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мәдірбайұлы Нұрлыбаев қатысып, түрленген Түркістан қаласында жаңадан салынған заманауи ашық стадионға жиналған үш мыңға жуық көрермен қауымға жалынды сәлем жолдады.

Және жүлделі жарыстың барлық қатысушыларына бәсекелестік ойындарда сәттілік тіледі. Бұл спартакиадаға еліміздің барлық өңіріндегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық қызметкер қатысып, бақтарын сынады. Жарыс негізінен мақұлданған ойын ережесіне сәйкес волейбол (ерлер, қыздар), футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері бойынша өткен болатын.

 

Мұндай ауқымды спорттық дода техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасында алғаш рет және түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында ұйымдастырылғандықтан барлық команда мүшелері жарысқа жақсы дайындықпен келіп, белсенді түрде қатысқанына куә болдық. Республикалық спартакиаданың алғашқы күнінде додаға түскен аймақтық әріптестер финалдық ойындардан көрінуге барын салып, шеберліктерін танытқанмен, ең үздіктері дараланып, мықты командалармен жарысу жолына шықты.

– Салалық министрлік бұқаралық спортты дамыту аясында студент жастармен, оқушылардың арасындағы және мектеп ұстаздарының қатысуының негізінде көптеген спорттық жарыстарды республикалық деңгейде ұйымдастырып жүргенін барша жұрт жақсы біледі. Бұл тұңғыш спартакиаданы өткізудің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынған оңтүстік өлкедегі жергілікті колледж педагогтерінің пайымды пікірі министрліктің тарапынан қолдау тауып, арнайы бағдарламаға енгізілуде.

 

Алдағы уақытта да осы жарысты жыл сайын еліміздің әр облысында тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы нақты нәтижелерін көрген соң көкжиегін кеңейту қажеттілігі алғашқы қадамынан ақ байқалуда, – дейді Қалкен Елеукенұлы. – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы салалық ведомствоның осы тұңғыш спартакиаданы ұйымдастыру жөніндегі бастамасын қуана қолдап, жан-жақты көмектесуге шешім қабылдаған болатын.

Нақты нәтижесін қаншама қатысушылар мен жанкүйер қауымның керемет көңіл-күйі мен қуанышынан көрудеміз. Жаңадан танысқан аймақтардағы әріптестер бір-бірімен спорттық жарыстарда бәсекелесумен қатар басқа да басым бағыттар бойынша ой-пікірлерін ортаға салу арқылы тәжірибелерімен алмасуда. Қолы босаған сәттерінде жаңадан облыс орталығы ретінде көптеген құрылыс кешендері бой көтерген шырайлы шаһардың көрікті де әсем ғимараттарын аралап, тарихи тамыры терең қасиетті мекендегі киелі орындарға тағзым жасауда.

 

Ең бастысы еліміздің барлық облыстарынан келген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлері білім алушы студент жастарға үлгі өнеге көрсетіп, салауаттылық салтын ұстану жолында биік белестерді бағындыра алатындықтарын дәлелдеді. Олармен еркін әңгімелесу барысында әр облыстан келген команда жетекшілерімен топ мүшелері осындай дүбірлі доданың рухани астанамыздан бастау алғанына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.

Және алдағы уақытта жыл сайын тұрақты түрде дәстүрлі ұйымдастырылуы қажеттілігін айтуда. Салалық кәсіподақ басшылығы тарапынан бұл бағыттағы ұсыныстарды мақұлдап, министрлік және жергілікті атқару билігімен келісу арқылы қай аймақта өткізу жөнінде шешім қабылдаса сол өңірде келесі спартакиаданы жоғары деңгейде үйлестіруге барлық мүмкіндіктерді жұмылдырамыз. Осы жарысты ұйымдастыру аясында баршамызға қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен жергілікті салалық басқарма басшыларына ризашылығымыз шексіз, – деді Айгүл Мақсатқызы.

 

– Арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындарындағы педагогтермен қызметкерлерінің түрлі спорттық жарыстарда бақ сынауы біздің тәуелсіз еліміздің отыз жылындағы алғашқы қадам. Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан кәсіби білім беру саласын жаңа заман талабына сай ілгері дамытудың түрлі мүмкіндіктері жасалып, жаңа жобалар қолға алынуда. Үкімет арқылы республикалық бюджеттен және облыс әкімдіктері бойынша жергілікті қазынадан бәсекеге қабілетті жас мамандарды дайындауға қажетті қаржылар бөліне бастады.

Біздің колледж оқытушыларымен студенттері уақыт үдерісіне сәйкес жақсы жаңалықтарды барынша меңгеруде. Спартакиадаға әр өңірден келген әріптестерімізбен осы бағытта ой өрбіттік. Дүбірлі додаға келсек, қатысушылар шаралардың ұйымдастырылуына дән риза. Жаңадан құрылған Абай облысының намысын қорғау үшін арнайы келген әріптестеріміз келесі басқосу өздерінің өңірлерінде өткізілгенін қалайтындықтарын айтып отыр.

Және біраз команда мүшелері кезекті екінші спартакиададағы жарыстарға жеңіл атлетиканы қосуды ұсынып отыр, – дейді Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің директоры Абзал Абпазов. Финалға шыққан үздік командалар бәсекенің екінші күні өзара бақ сынасып, ең мықтылары жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындар мен алтын, күміс және қола медалдарды сарапқа салды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне министрлік өкілдері мен салалық кәсіподақ төрағасы және Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қатысып, жеңімпаздарға сыйлықтарды табыстады. Үстел теннисі бойынша бірінші орын Қызылорда екінші орын Қарағанды, үшінші орын Ақмола облыстарына берілді. Тоғызқұмалақ бойынша бірінші орын Қарағанды, екінші орын Ақтөбе, үшінші орын Алматы облыстарына берілді.

Ерлер арасындағы волейбол ойындары бойынша бірінші орынды Қызылорда, екінші орынды Түркістан және үшінші орынды Павлодар облыстары еншіледі. Әйелдер арасындағы волейбол бойынша бірінші орынмен Қызылорда, екінші орынмен Павлодар және үшінші орымен Түркістан облысы марапатталды. Футбол жарысында бірінші орынды Түркістан облысы иеленсе, екінші орынға Алматы облысы жайғасты. Үшінші орын Алматы қаласының командасына бұйырды.

Жалпы командалық есеп бойынша жүлделі бірінші орынды иеленген Түркістан облысының командасы салалық кәсіподақтың жеті жүз мың теңгені құрайтын сертификатқа қол жеткізді. Екінші орын алған Қызылорда облысының командасына алты жүз мың теңге берілді. Үшінші қатардан көрінген Қарағандылықтарға жүлде қорындағы бес жүз мың теңге табысталды.

Қазақстан Республикасы Оқуағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны директорының кеңесшісі Қалкен Жакин рәсімнің соңында тұңғыш спартакиаданы ұйымдастыруға белсене қатысқан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева мен Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжінің директоры Абзал Абпазовтың жеке өзіне және ұжымдарына министрліктің Алғыс хаттары берілді.

Екі күнге созылған спартакиаданың ашылу салтанаты мен марапаттау рәсімінде қатысушылар мен жанкүйерлерге жергілікті өнерпаздардың мәдени бағдарламасы ұсынылды.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ,
Нұр-Сұлтан – Түркістан – Нұр-Сұлтан

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий