Балабақшадағы жазғы сауықтыру кезеңі
Жаз мезгілі – балаларды сауықтырып және физикалық дамытуға бағытталған іс-шаралар жүйесі қолға алынатын маусымдық уақыт кезеңі. Жазғы кезеңде мектеп жасына дейінгі балалардың таза ауада болуы, уақытын тиімді пайдалануы – олардың денсаулығына оң ықпалын тигізе отырып, тұлғалық қабілетінің дамуына да әсер етеді. Яғни, бала тек қана ойынмен күнді жоспарламай, арнаулы шеберлігін шыңдауға бағытталған апталықтар мен сайыстарға қатыса отырып, өзінің жетістікке қабілеттілігін сезіну арқылы, белгілі деңгейде қалыптаса алады.
Бұл уақыттағы біздің негізгі міндетіміз – өсіп келе жатқан ағзаның демалуға, шығармашылық белсенділікке және қозғалысқа деген қажеттілігін мүмкіндігінше толық қанағаттандыру. Сауықтыру, танымдық және ойын-сауық сипатындағы іс-шаралардың нақты жоспарланған жүйесі балалардың физикалық және психикалық дамуының қажетті деңгейін қамтамасыз етуге көмектесуін қадағалай отырып ұйымдастырылады.
Осы ұстанымды әдіскер ретінде басшылыққа ала отырып, балаларға берілетін әрбір тапсырма мен ойынның астарында оны өмірге дайындайтын шеберлікті қоса меңгертуге тырысамын. Мектеп жасына дейінгі балалардың жазғы уақытын тиімді өткізу өте маңызды, сондықтан күн сайын оларға жаңа нәрсені білуге, қызықты мазмұнға толы дүниені игертуді жоспарлай отырып, түрлі ойындар, серуендер, мерекелер мен ойын-сауықтар, қызықты эпизодтар туралы естеліктер дайындап, олардың уақытты көңілді өткізу міндетін өзіме жүктеймін.
Балабақшадағы тәрбиеленуші балалармен жазғы сауықтыру жұмыстарының сәтті өтуі көбінесе оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушыларының оған қаншалықты сауатты және уақтылы дайындалғандығымен анықталады. Сауықтыру жұмыстарын жоспарлау кезінде мен әдіскер ретінде келесі қағидаларды ұстануды жөн санаймын: профилактикалық, шынықтыру және сауықтыру технологияларын кешенді пайдалану, шынықтыру және сауықтыру іс-шараларын үздіксіз жүргізу; қарапайым және қол жетімді технологияларды қолдану.
Және балалардың, ата-аналар мен педагогтердің профилактикалық шынықтыру және сауықтыру іс – шараларын өткізуге оң уәждемесін қалыптастыру; қарапайым ережелер мен нормативтерді сақтау есебінен профилактикалық және сауықтыру іс-шаралары жүйесінің тиімділігін арттыру: оңтайлы қозғалыс режимі, дене жүктемесі, мекеменің санитарлық жағдайы, тамақтандыруды ұйымдастыру, таза ауа режимі және сумен жабдықтау, қауіпсіздікті сақтау.
Бұл әрекетті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз -тәрбиеленушілермен сауықтыру жұмысының сапасын арттыру және жазғы кезеңде тәрбие-білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Осы аталған іс-шараларда балалардың қалауын ескере отырып, жас ерекшеліктеріне сай түрлі байқаулар, жарыс сипатындағы ойын-сауықтарды өткізу жолға қойылған. Сөзімнің тұздығы ретінде, төрт аптаға жоспарлаған төрт түрлі апталықты атап өткім келеді, олар: Сәлем, жаз!; Жазғы қуаныш; Денсаулық аптасы; Жол жүрудегі сауаттылық аптасы.
Бұл аталмыш жоспардың өзіндік мәні мен маңызы ерекше. Бірінші: «Сәлем, жаз» атты аптада, балаларға жаз мезгілінің маңызы, оның заңдылықтары мен ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат беріледі. Сондай-ақ, бұл уақытта күн сәулесінен басқа жыл мезгілдерінен көбірек бөлінетіндігін ескерте отырып, оның пайдасы мен зияны туралы толыққанды хабарлаймыз. Және де бұл айлардағы уақытты игерудің тиімділігін айтып, осы айда барынша белсенді білім алумен қатар, тұлғалық дамуға, денені шынықтыруға үндейміз.
Осы кезге дейінгі оқытылып келе жатқан оқу қызметтері тоқтағанымен, осы ұйымдастырылатын іс шаралар арқылы да балалар өз деңгейінде ақпараттармен сусындап, күнделікті өзіне қажетті айналысындағы тылсым жайттармен байланыс орнатып, белгісіздік тудырған жайттарымен танысуына жол ашылады. Ал, «Жазғы қуаныш» апталығында, барынша көңілді ойындар ойнатылып, қазіргі уақыттағы гаджет пен интернетке тәуелді болмай, сауық құру арқылы денені шынықтырудың әдіс-тәсілдерін практика жүзінде орындатамыз.
Сол арқылы тәрбиеленушілердің бұл мезгілді асыға күтетініндей көтеріңкі көңіл сыйлап, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықта, біріге отырып, берілген ойын шарттарын жұмыла орындауының, топ құра білудің алғышарттарын үйретеміз. «Денсаулық» аптасы, бұл өте маңызды. Себебі, жарқын мемлекеттің келешегі бүгінгі біз тәрбиелеуші жастардың қолында. Ал, олардан талап етілетін бірінші нәрсе – сауаттылық пен салауаттылық. Яғни, дені сау бала – дамыған елдің іргетасын қалауға қабілетті болады.
Осы мақсатта, олардың өз денелеріне жауаптылықпен қарауына, аурудың алдын алып, иммундық жүйесін дұрыс қоректендіре білу жайында пайдалы мәліметтермен бөлісеміз және соған сай әрекет етулерін қадағалаймыз. Соңғы апталық, ол – «Жолда жүрудегі сауаттылық» Бұл баланың қауіпсіздігі үшін өте қажетті деп санаймын. Себебі, олардың жанында белгілі бір ситуациялық жағдайға байланысты кей уақытта үлкен адам болмай қалған сәтінде, оның жолдан өтуі немесе үйінің жанында, ойын ойнап жүргенде көліктерден абай болуын ескертеді.
Техникалық тараптардан өзіне зақым келмеуін, жалпы ата-аналарынсыз үлкен жолдарда жүрмеуін, аулада уақыт өткізген кезінде де сауатты қозғалысының болуы үшін, бұл апталықтың берер тәлімі зор. Бала бүгінгі сәби, ертеңгі елдің егемендігі жолында еңбек ететін жасампаз тұлға. Сондықтанда, оның қазірден бастап білімді болуы, әрбір ойналған ойын мен қатысқан сайысынан келешегіне қажетті дүниені алуын, өзімізге міндеттейміз.
Балабақша сәтінен бастап-ақ, өз өміріне жауапты адам екендігін сезіндіре отырып, сергіту оның болмысын дұрыс қалыптастыруға деген саты екенідігін алға тартамыз. Сондықтан да, баланың білімді игерудегі қабілеті мен қоса, шеберлігін шыңдауды, ойын арқылы дене тұрқының жас ерекшелігіне сай қалыптасуына, физикалық тұрғыдан да мықты болуына жәрдемесе білуіміз керек.
Жан –жақты дамыған баладан, келешекте елдің көсегесін көгертетін жалынды жас шығатыны анық. Бүгінгі ұрпақ, келер заманның жаңалығын тудырушы, ұлттың ұйытқысы болатын жаңашылдықтың «кемелді» тұлғасы болмақ.
А. ДОСАН,
РМҚК «Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін – өзі тану»
балабақшасының әдіскері, Алматы қаласы