Ұлағатты ұстаз есімі ұлықталды

Белгілі ғалым, білікті басшы Ғалымжан Нұрышев көзі тірі болғанда 65 жасқа толар еді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұжымы, әріптестері, туыстары ғалымды еске алып, жарқын естеліктерімен бөлісті. Ғалымжан Нұрышевті еске алуға арналған жиынға Атырау қаласынан ғалымның әріптестері арнайы келіп, іс-шараға ғалымның достары, шәкірттері, ұлы Санжар Нұрышев, оқу орнының  профессор-оқытушылары қатысты.

Алдымен университет ұжымы мен қонақтар ғалым тұрған үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан кейін университеттегі Ғалымжан Нұрышев атындағы кабинетке соғып, ұлағатты ұстаз туралы естеліктермен танысты. Сондай-ақ, қонақтар профессордың жұбайы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Күлімхан Шөптібаева жайында да жылы лебіздерін ақтарды. Университет ректоры Лаура Қарабасова бүгінгі іс-шараның үлкен мәнге ие екеніне тоқталды.

– «Ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Ғалымжан Жұмабайұлының  мол мұрасы кейінгі ұрпаққа әлі де азық болатыны сөзсіз.  Біздің университет ұжымында Ғалымжан Нұрышевті жақынырақ таныған, азаматтық тұлғасын, шапағатын көрген, бірге жұмыс жасаған  жандар көп. Әрбір ұжымның өзінің тарихи қалыптасу кезеңі болады. Сол кезеңде маңызды рөл атқарған профессор туралы қанша естеліктер айтылса да  артық емес, – деп атап өтті университет басшысы.

Дөңгелек үстелде Ғалымның ұлы Санжар Нұрышев те сөз сөйлеп, қонақтар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Әкем біреуге дос, біреуге ұстаз, біреуге басшы болғанымен, біз үшін «Әке» бола білді. Қазірдің өзінде еліміздің қай қаласынан болса да, «Сен Ғалымжанның баласысың ба?» деп әкемді танып жатады. Әкемнің азаматтық тұлғасы бізге әркез мақтаныш. Әкемді құрметтеп, осылай еске алу іс-шарасын ұйымдастырып жатқан Ақтөбе жұртшылығына, оның ішінде университет ұжымына әулетіміздің атынан алғысымды білдіремін, – деді Санжар Нұрышев.

Кездесу барысында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов,  Радиациялық физика ғылыми орталығының директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қуанышбек Шүңкеев, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының профессоры, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов, профессордың шәкірті, «Аманат» партиясы Әйтеке би аудандық филиалының сектор меңгерушісі Нұргүл Сатанова тағы басқалары өмірі өнегемен өрнектелген тұлғаның артына қалдырған мол мұрасы, азаматтық келбеті туралы айтты.

Жадыра АРЕН,
Қ.Жұбанов атындағы АӨУ
Маркетинг және коммуникация
департаментінің маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий