“Болашақтың” дәрігер түлектері – ауыл ауруханаларында

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері өзге елден жиып-терген білімдерін енді ел кәдесіне жаратуда. Жетекші шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен мамандар заманауи медициналық технологияларды пайдаланып, өз елімізде, әсіресе, ауыл-аймақтарда күрделі кардио және нейрохирургиялық оталар жасауда.

Оташы дәрігер Марат Бердімұратов «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өткен болатын. Кореяның тың медициналық игіліктері енді Ақкөл ауданының тұрғындарына да таңсық емес. Анығында, Марат қазіргі уақытта аталмыш аудандық ауруханада лапароскопия әдісін пайдаланып, заманауи хирургиялық операциялар жасайды.   

«Бұрын осындай оталар облыс орталықтарында жасалатын. Ал, қазір аудандық ауруханамыздың өзінде жылына 150-ден астамын жасаймыз. Оталарды жасаудың заманауи әдісінің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, операциядан соң асқыну қаупі  мейлінше сейіледі,  және жарақат алу қаупі де аз», – дейді стипендиат.

Ал, онколог Бағдат Нұрмағанбетов Израильде бір жылдық тағылымдамадан өтті. Қазір Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық ауруханасында жұмыс істейді. Мұнда ол онкологиялық аурулардың алдын алуды мақсат етіп, ісіктерді алып тастаудың миниинвазивтік хирургиялық оталарын, химиотерапиялық емдеу шараларын жүзеге асыруда.

«Миниинвазивті оталар шағын тесіктер арқылы жасалады және соның арқасында  науқас тезірек қалпына келеді. Бұл асқынудың даму қауіпін айтарлықтай төмендетеді. Оқу барысында мен түрлі елдерден келген әріптестеріммен таныстым. Олармен әлі де байланысып, пайдалы кеңестермен бөлісіп отырамыз», – дейді білікті маман.

Шет мемлекеттерден жиылған тың тәжірибенің өз кәдемізге жарауы – құптарлық іс. Айта кеткен лазым, «Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласы үшін 800-ден астам маман даярланған болатын. Олардың басым көпшілігі – тәжірибелік дәрігерлер. Халықаралық стипендия түлектері бүгінде ел дамуына қомақты үлестерін қосып жатқандығы көңіл қуантады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий