Жанкүйер жастардың жеңісі

Қала күні қарсаңында жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Фан-клубтар шеруі» ұйымдастырылды. Шаһар жетекшісі екінші мәрте қолдау жасаған «Шымкент жастар лигасы – 2022» чемпионатына жанкүйерлер қатысып, жеңімпаздар марапатталды, – деп хабарлайды Шымкент қаласындағы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Салтанатты шара барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жеңімпаз жанкүйерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады. – Әрине, спорттың төрт түрінен бақ сынаған чемпионатқа мектептің барлық оқушысы бірдей қатысып, жеңімпаз бола алмауы мүмкін. Бірақ, әрбір оқушы мектебінің командасына жанкүйері болуға құқылы. Олар командаларына қолдау білдіріп, замандастарына шабыт сыйлап отырды.

Келер жылғы чемпионатта қалыптасқан қағиданы бұзып, фан-клубтар арасына жігіттерді қосып, ұлттық нақышта, қазақылықтың иісі аңқып тұратындай командалар жасақталса деген тілек бар, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Кезекті додаға 151 мектептен фан-клубтар жасақталып, спорттың төрт түрінен сайысқа түскен командаларға 2265 оқушы жанкүйер болды. Оқ бойы озық шыққан 16 команда финалға жолдама алып, бесеуі жүлделі орындардан көрінді.

– Шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Былтыр командамыз жүлделі үшінші орынды иеленген еді. Биыл дайындығымызды пысықтап, костюмдеріне де ерекше мән бердік. Жалпы, мектебімізде би үйірмесі жиырма жылдан бері жұмыс істеп келеді. Республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүрген үздіктермен мақтанамыз, – дейді, – жеңімпаз атанған Циалковский атындағы №84 жалпы орта мектептің фан-клуб жетекшісі Құралай Ыдырысова.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий