Жазғы мектеп: Жас педагогтер жиналды

Ақтоғай ауданының «Факел» сауықтыру лагерінде Қарағанды облысының жас педагогтеріне «Заманауи білімге бірлескен қадам» жазғы мектебі ұйымдастырылды. Жазғы мектептің мақсаты: жас педагогтердің кәсіби қалыптасу проблемаларына назар аударту, олардың кәсіби өсуі үшін жағдайларды жақсарту, шығармашылық әлеуетін дамыту, педагогика саласында әдістемелік инновациялар мен шығармашылық шешімдермен алмасу, оқыту, тәрбиелеу, түзету әдістемелері, педагогтердің кәсіби мәртебесін арттыру.

Жазғы мектепке қатысуға бес жылға дейінгі педагогикалық өтілі, кәсіби жетістіктері бар жас педагогтер, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері, әдіскерлер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, тәлімгерлер жұмыс тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік алды. Осындай форматтағы іс-шара білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Мұғалімдерге арналған лагерь ұйымдастырушылары  «Қарағанды облысының білім басқармасы», «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы», Қарағанды облысының «Өркен» педагогтер қауымдастығы, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі болды. Лагерь жұмысы аясында спорттық, танымдық, ойын-сауық және оқыту іс-шараларынан, шеберлік сабақтардан тұратын үш күндік бағдарлама жасалды.

Лагерьдің бірінші күні педагогтер аймақтың жетекші жас мамандарынан шеберлік сабақтарына қатысып, заманауи педагогикалық технологиялар мен формалар мәселелерін қозғап, дискуссия алаңында кездесті. Сонымен қатар спорттық ойындармен жалғасты. Іс-шара барысында педагогтерге жаңа оқу жылында білім беру процесін жетілдіру, құндылықтарға негізделген білім беру, заманауи сабақты қалай әзірлеу керек?, Заманауи педагог: SoftSkills, Педагогтің жеке бренді тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.

Екінші күн Қазақстанның 100 киелі жері қатарына кірген ауданның киелі жерлерінің бірі Әулие-ата үңгіріне сапардан басталды. Жергілікті гидтер Бектау ата қасиетті шатқалына қатысты қасиетті әңгімелерімен сөз қозғады. Күннің екінші жартысында шеберлік сабақтар және ұлттық дәстүрімізді ұлықтау мақсатында бауырсақ пісіру, самаурын қайнату секілді жарыстар мен командалық ойындар ұйымдастырылды.

Мұғалімдер үшін жазғы лагерьдің үшінші күні шеберлік сабақтар, тренингтер және жабылу салтанатымен аяқталды. Жазғы лагерьдің жабылу салтанатында орталық директоры Бакиткул Абдикерова жазғы мектеп жұмысы бойынша белсенді қатысқан педагогтерге алғыс хаттар табыс етті. Лагерь қатысушылары жыл сайын осындай іс-шараларды өткізу туралы тілектерін білдірді.

– Осы іс-сапардан көп тәжірибе алдым. Әріптестеріммен бір-бірімізбен ой бөлісу барысында тек ой жағына ғана емес, сонымен қатар құндылықтарымыз да артты десек те болады. Шеберлік сабақтар барысында педагогтер өздерінің жан-жақтылықтарын, актёрлік шеберліктерін, таланттарын, ситуациядан шыға алатындарын, сыни ойлауларының жетік екендігін жақсы дәлелдеді. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы көп нәрсе ала алдық деп ойлаймын, – дейді Саран қаласы Абай атындағы ЖББМ мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі Түркенова Айгерім.

Аида РАХИМКУЛОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий