“Family Steam Challenge” байқауының жеңімпаздары анықталды

«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен биылғы балалар жылына орай «Steam Lab» компаниясымен бірге өткен аптаның сенбі күні елордасындағы «Binom school» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ұлы дала мектеп-лицейінің» базасында «Family Steam Challenge – 2022» республикалық отбасылық сайысының қорытынды кезеңін ұйымдастырды.

Бұл жаңа жобаның басты мақсаты: оқушылардың жаратылыстану пәндері мен техникалық ғылымдарға деген қызығушылығын арттыруды; балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйретуді; қазіргі заманғы отбасы бейнесін қалыптастырумен қатар отбасылық және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауды көздейді.

Бұл басқосуға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Өмірбайқызы Нұржігіт, экономист және белгілі блогер Дәулет Төлеутайұлы Мұқаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Таңшолпан Ерманова, «Сенімен болашақ» республикалық бірлестіктің құрылтайшысы, меценат, қоғам қайраткері Нұркен Жарылқапұлы Асанов, «Steam.kz» республикалық порталының негізін қалаған танымал тұлға Айдын Болатұлы Түсіпжанов жиналғандарға отбасындағы ата-аналар мен балалардың байланысын бекемдеуге бағытталған бастамаларға қажетті қолдау мен көмекті күшейтудің маңыздылығына тоқталып, еліміздің әр аймағынан келген үздік қатысушылардың бәсекелі жарысына сәттіліктер тіледі. 

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек биылғы мамыр айының 10-30 күндері аралығында онлайн өткен іріктеу сынына еліміз бойынша 444 отбасы тіркеліп, байқау шартының ережелеріне сәйкес 9 бен 13 жас аралығындағы балалар ата-анасымен бірге берілген тапсырманы (гидравликалық кран) үй жағдайында жасау барысын бейнероликке түсіру арқылы инстаграм әлеуметтік жілісіндегі парақшаларына жүктеген.

Білікті мамандардан арнайы жасақталған комиссия әр бейнероликті қарап, жұмыстың сапасы мен уақытына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа мұқият мән бергенін білдік. Нәтижесінде әр өңірден үздік деп танылған 16 жоба екінші кезеңге жолдама алыпты.

– «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысу барысында отбасылық сайыс ұйымдастырып жатқанын естідім. Қоғамдық ұйымның балалар жылында жаңаша жобаны қолдау арқылы отбасылық қарым-қатынасты қалыптастыруға көңіл бөлшендерін қуана құптаймын. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде оқушылармен күнделікті тығыз жұмыс жасайтындықтан қазіргі заман жастарының жан дүниесін жақсы түсінемін. Аңсар баламмен бірге осы сайысқа келіп, үміткер қатысушылармен танысқаныма ризамын, – дейді павлодарлық Есбол Айдарұлы Дәулетов.

Шешуші сәтте бақ сынаушыларға ұйымдастырушылар тарапынан екі жүз дана ағаш таяқшадан 90 минутта ыстық желімнің көмегімен көпір құрастырып шығу тапсырмасы жүктелді. Белгіленген уақытта отбасымен бірге жасаған бұйымдарының сапасы мен беріктігін еселенетін ауыр салмаққа шыдамдылығымен сынау ұйғарылды.

– Бірлестік былтырғы тамыз айында жұмыс бастады. Осы қысқа мерзімде «Ата-ана – ұлттың ұясы» және «Ата-ана-ұстаз-окушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында аймақтық ата аналар форумы сынды бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырғанымыз баршаға белгілі. Қоғамдық ұйымның ел аумағында 12 филиалы бар. Негізгі ұстаным – қазіргі заманғы отбасы бейнесін қалыптастырып, ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау. «Steam» дегеніміз күнделікті тұрмыста пайдаланатын және керексіз заттардан пайдалы танымдық дүниелер жасау.

Бұл еліміздің аумағында алғаш рет қолға алынған бірегей оқу жобасы. Осы арқылы біз техникалық ғылымдарға арнайы құрылғыларды сатып алмай үйдегі қолданыстан шығып қалған қолжетімді кез-келген заттан қажетті құралдарды жасауға болатын көрсеткіміз келді, – дейді «Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахымбек Қуатбекұлы Жолаев. – Еліміздегі миллиондаған жанұяның үлкендері балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, мектеп жасындағы ұл-қыздарымен түрлі тақырыпта жиі сөйлесіп, оқу үлгеріміне қоса тәрбиесін де ұдайы қадағаласа өскелең ұрпақтың болашағы баянды болары даусыз.

Себебі перзентінің бойындағы қандай қарым-қабілеті барын байқайтын ең алдымен олардың әкесі мен шешесі. Ата-ана балаларының бейімділігін білу арқылы таланты мен дарынын дамытуға керемет мүмкіндіктер жасайтындығын ұмытпауы қажет. Біздің мақсатымыз осы қарым-қатынастың тереңдеуіне дәнекер болу. Ата-ана мен баланың арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылған республикалық деңгейдегі отбасылық сайыстың тұңғыш жеңімпаздары белгілі болды.

Атырау облысынан келген Жұмабаевтар отбасы (анасы Меруерт Оташева және қызы Әдемі Жұмабай) бас жүлдеге ие болып, бұл отбасына 500 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, екінші орын алған қатысушыға 300 мың, ал үшінші орын алған қатысушыға 200 мың ақшалай сыйлық табысталды. Бірінші кезеңнің үздіктеріне республикалық бірлестік тарапынан жүз мың теңгеден берілген болатын.

– Басқа бәсекелестерімізге қарағанда жұбайым мен қызым екеуі құрастырған кішкентай ағаш көпірдің тірегі өте мықты болғандықтан шығар алпыс килограмнан жоғары ауыр салмаққа да шыдас бергеніне барлығы көз жеткізді. Сол себепті де біз жеңдік. Келіншегім сызу мен дизайнға жақын. Сондықтан соңғы сынақтың да тапсырмасын еш қиналмай, жұмыстарын барынша мұқият жасағанына куә болдым.

Үздіктер шоғырынан көрінуге талпынған едік. Үлкен үмітіміз ақталғанына қуаныштымыз. Бірлестіктің облыстық филиалы басшылығына биылғы наурызда бекітілген белсенді жерлесіміз Гульфия Жардемова жауапты жұмыстарды жүйелі атқаруда. Республикалық деңгейдегі ұйымдастырушылар мен жергілікті аймақта қолдау білдірген жанашыр жандарға алғысымыз шексіз және барлық өңірден осы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген қатысушылармен танысқанымыз үшін олардың отбасына бақыт тілеймін, – дейді отағасы Ербол Құсайнов.

– Әлемді гаджет билеп, сананы тұрмыс төстеген жаһандану заманында алысымыз жақындап, жақынымыз алыстағаны жасырын емес. Ата-аналардың басым көпшілігі баланың қолына смартфон беру арқылы тыныштандыруға әдеттеніп алды. Жұмыстан шаршап келген әке баламен, ана қызымен бірге уақыт өткізу сәті күнде туа бермейді. Қазақы қоғамда саналы ата-ана мәдениетiн калыптастыруды басты мақсат еткен рспубликалық ата-аналар қоғамдық бiрлестiгi  осы орайда көптеген игі бастамалар көтеріп жүр, – дейді жарысқа ұлы Мұхаммеджанмен бірге қатысқан түркістандық ата-ана Бағылан Мырзаев.

– Сайыстың алғашқы кезеңі туралы жақсы жаңалықты балам нағашы тәтесінен естіп, маған қатысқысы келетіндігі туралы ұсынысын айтқанда дереу қолдаған болатынмын. Оңтүстік өлкеде бақ сынаған жерлестеріміздің арасында биік белесті бағындырып, шешуші сәтте республиканың әр аймағында үздік танылған мықтылармен кездесу үшін ел астанасына арнайы келдік. Қорытынды кезеңде жеңімпаз атанған жүйріктерді жүлделі орындарымен шын жүректен құттықтап, бұл бағалы бастаманың дәстүрлі түрде жыл сайын көкжиеге кеңейе түсетіндігіне сенім білдіремін.

«Тәрбие басы – тал бесік» деген қағида қазақтың өнегелі шаңырақ иесі Ерболат Әбілмәжүннің отбасында ешқашан өзгерген емес. Жанұя мүшелері дамыған елдердің бала тәрбиесіндегі кейбір ұтымды тұстарымен келіскенімен кейбір келеңсіз көріністері дәстүрлі қазақ отбасының ұстанымына кесірін тигізбеуі тиіс деп біледі.

– Қазақ жұртының ұрпақтарға сабақтасқан отбасылық құндылықтары бар. Ол –  халқымыздың тарихымен біте қайнасқан салт-дәстүрі, отбасы мәдениеті мен этикасы. Ал тіршілігі қайнаған үш миллионға жуық адам қоныстанған алғашқы мегаполистің маңайында қоғам құбылнамасына жұтылып кетпеу ең қиын амал. Сондықтан заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңашылдықпен ұштастыра білуіміз  керек, – дейді республикалық сайыстың тапсырмасын ұлы Еларыс Ерболатұлымен бірге орындаған отанасы Үкінгүл Құрмет.

–    Әр отбасы бала тәрбиелей отырып қоғамды да тәрбиелейтінін ескерсе, тәуелсіз еліміздің келешегі бұдан да зор болар еді. Іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы қоғамның дұрыс қалыптасуына да тікелей ықпал ете алатыны айтпаса да түсінікті.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий