“Жас маман” жобасы жаңашылдыққа жетелейді

Газеттің өткен (№22 (234) 14. 06. 2022ж) Түркістан облысының орталығында маусым айының 9-10-11 күндері ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің (бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрлігі) бастамасы бойынша Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен осы аймақтағы кәсіби және техникалық білім беру ұйымдары басшылары мен өкілдерінің қатысуында семинар кеңес пен ел аумағындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасындағы тұңғыш республикалық спартакиаданың тұсауы кесілгені туралы арнайы мақалалардың жарияланғаны белгілі.

Киелі топыраққа елордасынан арнайы барған салалық министрліктегі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Алтай Рахимберлин мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева жетекшілік жасаған құрамында облыстық адами әулетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев бар делегация мүшелерінің іс-сапары басқа да шаралардың қосымша ұйымдастырылуымен ерекшеленді деуге толық негіз бар.

Солардың бірі де бірегейі ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес республикалық деңгейде кеңінен қанат жая бастаған «Жас маман» жобасының жергілікті аймақта жүзеге асырылуын зерделеуге бағытталған еді. Мәртебелі меймандар мемлекеттік қолдауды иеленген үш колледждің тыныс тіршілігімен танысулары барысында студент жастарға қоса оқытушы педагогтермен әңгімелесті.

Алғашқы кезекте облыс бойынша арнаулы оқу орындарының маңдайалды үздігі атанған Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжіне барған делагация құрамына ұжым жетекшісі Айдос Абпазов атқарылған жұмыстардың барысын баяндап берді. Алтай Советұлы «Жас маман» жобасы ел аумақтарындағы кәсіби және техникалық  білім беру ұйымдарын мемлекеттік қолдау арқылы осы саланың республикалық деңгейде заман талабына сай ілгері дамуына тың серпін үстейтіндігін еске салып, бәсекеге қабілетті және нарықтағы сұранысқа сай білікті мамандарды даярлау барысында халықаралық тәжірибенінің тиімді тәсілдерін сараптау қажеттілігін ескертті.

Айгүл Мақсатқызы дуальді оқыту жүйесі бойынша оқу бағдарламаларын өңдеу, модульді-технологиялық жүйеге көшу осы жаңа жобаның басты талабы екендігіне тоқталып, осы сала мамандарын толғандыратын кез-келген маңызды мәселенің дұрыс шешім табуы салалық кәсіподақтың басты назарында болатындығын айрықша атап айтты. Нұржан Мәдірайұлы осы жоба бойынша жергілікті өңірде атқарылған жұмыстардың барысын қысқаша әңгімелеп, мемлекеттің қолдауына риза колледж ұжымдарының алғысын жеткізген соң алдағы уақытта жүргізілуі жоспарланған шаралардың жай-жапсарын түсіндірді.

– Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы жанындағы жарты ғасырлық тағылымға толы тарихы біздің оқу орны оңтүстік өлкедегі «Жас маман» жобасы аясында «IT» және «Қол өнер» құзыреттіліктері бойынша жетекші орталықтар болып табылады. Колледждің жұмыс жасаудағы негізгі мақсаты – кадрларды дайындау, материалдық базаны нығайту, халықаралық стандарттарды енгізу үшін шетелдік серіктестер тартуға бағытталған.

Осы ұстанымдардың негізінде жүргізілетін барлық жұмыс біріншіден, колледждің ұсыныстарына, екіншіден, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес жасалынуда. Әрбір мамандықтың оқу жоспарлары, жұмыс оқу бағдарламалары WorldSkills талаптарына сәйкес кіріктірілгендігімен айрықша маңызға ие, – дейді білікті басшы, тәжірибелі тәлімгер, тарих ғылымдарының кандидаты, көптеген мәртебелі марапаттардың иесі Айдос Кенжеханұлы.

Жоба аясында инженер-педагогтарды «Talap» КЕАҚ тарапынан біліктілікті арттыру курстарынан өткізу жылдарға жоспарланып, жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында арнайы пән оқытушылары Түркия мемлекетінің  «Мехмет Зеки Балджы» колледжінде тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік жұмыстарды теориямен ұштастырудағы білімдеріне қоса біліктліктерін де жетілдірді. «Жас маман» жобасы аясындағы IT саласы, қолөнер мамандықтары бойынша қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды.

Нәтижесінде түрлі кәсіпке мамандануды таңдаған жастар үшін сапалы білім беруге мүмкіндіктер ашылғанын көрдік. Атап айтқанда, білім алушылардың қолдануына заманауи компьютерлік техникалармен жабдықталған сыныптар берілген. Сыныпта топтық жұмыс істеуге арналған интерактивті сенсорлы панельдер алынғаны да айрықша атап айтылды. Оқытушылардың сабақ беру сапасын арттыру үшін сенсорлы интерактивті тақталар қойылып, студенттер бейне және графикалық мәліметтермен жұмыс істеу үшін 16 дана MacBookPro 15” Core i5 компьютер техникаларын тиімді пайдалануда.  

3D принтерлерді қолданған білім алушылар жаңаша жобаларды дайындауға кірісіпті. Осы жобалардың шеңберінде алты кабинет-зертхана ашылған екен. Арнайы жабдықталған шеберханада ағаш пен саз-балшықтан және басқа да материалдардан түрлі бұйымдар жасалуда. Осы мүмкіндіктер нәтижесінде колледждің білімгерлері мен оқытушылары республикалық, облыстық байқауларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе бастағаны белгілі болды.

«Сән технологиясы» бойынша облыстық «Үздік шебер-2022» байқауында білікті педагог Бас жүлдемен марапатталса, «WorldSkills Turkestan – 2022» облыстық байқауында сегіз құзыреттілік бойынша бақ сынаған талапты жастар Алтын медалды иеленген екен. Делегация мүшелері келесі кезекте Кентау қаласындағы №7 колледжге ат басын бұрып, Қуанышбаев Мақсат басқаратын арнаулы оқу орнының оқу ғимаратындағы республикалық жоба бойынша жаңадан жабдықталған оқу бөлмелері мен заманауи құрылғылар орнатылған шеберханаларды аралады.

– «Жас маман» жобасы аясында былтыр біздің колледж «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша 295 миллион теңгені құрайтын құрал-жабдықтармен қамтамассыз етілді. Құрал-жабдықтарды толығымен іске қосып, жауапты мамандар біліктіліктерін арттыру курстарынан өту арқылы сертификаттарды иеленді. Алдын-ала уағдаласылған ортақ мақсаттағы тараптардың шешіміне сәйкес Кентау трансфарматор зауыты акционерлік қоғамымен келісім–шарт бойынша бірлескен жұмыс жасауды жоспарланған.

Алдағы уақытта колледж студенттері шаһардың инфроқұрылымдарын дамытуға үлес қосатын болады, – дейді Мақсат Әділханұлы. – Бұл қалай жүзеге аспақ? Нақты мысал келтірсек скверлер мен аллеяларға қойылатын қоқыс жәшіктері мен орындықтар, басқа да қажетті құралдарды колледж студенттерінің жұмыстарының негізінде жүзеге асыру жоспарда тұр. 2016 жылдан бері білімгерлер мен оқытушылардың бірлескен түрдегі ортақ жобасы бойынша үздіксіз Worldskills чемпионатынада бақ сынау үдерісін бастады.

Нәтижесінде үш жыл бұрын облыстық Worldskill байқауында төрт құзыреттілікке сай бірінші орынды иелендік. Қырық алты жылдық шежіреге тұнған ұйымшыл ұжымның мақтаныштары осы мамандық бойынша елордасында ұйымдастырылған республикалық сайыста токарлық ісінен алдыңғы қатардан көрініп, арнайы медальонға қол жеткізген. Ал облыстық чемпионатта төрт құзыреттілік бойынша бірінші орын алып, республикалық байқаудан жаңа жетістіктермен оралыпты.

Биылғы облыстық Worldskills чемпионатына он құзыреттілік бойынша қатысқан үміткерлер төрт мамандық бойынша биік белестерді бағындырып, республикалық сайысқа жолдама алған. Үшінші кезекте “Кентау көпсалалы колледжінің” жұмысымен танысқан құрметті қонақтарға ұжым басшысы Гүлжан Шаймерденова республикалық «Жас маман» жобасының негізінде атқарылған жұмыстардың барысын баяндап берді.

«Worldskills Turkіstan – 2022» облыстық чемпионатына 25 құзыреттілік бойынша қатысқан бұл арнаулы оқу орны он басым бағытта бірінші орын иеленулері арқылы аймақтағы әріптестері арасында көшбастаған екен. – Біздің колледж републикалық деңгейдегі осы жобаға екі мамандық бойынша қатысып, сұранысқа сай қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді. Және ақпараттық модульдер зертханалары іске қосылды.

Осы құрылғылардың негізінде екі мамандықтың барлық тақырыптарын заманауи ақпараттармен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Заман талабына сай бүкіл әлемдегі өндіріс орындары түгелдей автоматтандырылуда және роботтармен жабдықтаудың жұмыстары жедел жүргізіліп жатыр, – дейді Гүлжан Әлиқызы. – Осыған орай болашақ мамандарымыз ертеңгі күні еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін аймақта теңдесі жоқ «Датчик пен релеге негізделген өндірісті автоматтандыру және роботтандыру» зертханасы орнатылды.

Жоғары сапалы халықаралық стандарттағы құрал жабдықтар мен заманауи станоктар алдық. Сондықтан мемлекеттің қолдауындағы бұл жаңа жобаның игілігі зор. 

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий