Үздіктер үлгісі: Мектеп мақтаныштары марапатталды

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның жетекшілігімен Түркістан облысына маусым айының 9-10-11 күндері барған арнайы делегация мүшелерінің (құқықтық жұмыс бөлімінің жетекшісі Қыдырбаева Райхан Мамашиқызы, ұйымдастыру бөлімінің басшысы Иманбаев Ернар Серікқалиұлы; бас есепші Тоқабанова Гүлзира Аманжолқызы; облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Шайдулла Жандос)  кезекті іс-сапары барысында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Қарнақ» жалпы орта мектебі мен М.Қашғари атындағы мектеп-лицейінің педагогтарымен, ата-аналарымен және оқушыларымен кездескен болатын.

Мәртебелі меймандар республикалық олимпиаданың жеңімпаздары атанған оқушылар мен ұстаздар қауымын биылғы оқу жылындағы жетістіктерімен құттықтап, үздіктер шоғырын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің (бұрынғы Білім және ғылым министрлігі) Алғыс хаты және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Және бір топ ұстазға шипажайға жолдама мен дарабоз шәкірттерге соңғы үлгідегі ноутбуктер  табыстады.

Салалық ведомстваның Алғыс хаты мен шипажайға жолдама алғандардың қатарында М.Қашғари атындағы мектеп – лицейінің директоры Асаев Артур Валиханович; «Қарнақ» жалпы орта мектебінің директоры міндетін атқарушы Матмусаев Мансур Бахадирович; «Қарнақ» жалпы орта мектебінің алғашқы әскері және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Султанов Вахиджан Сабиржанович; “Қарнақ” жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Хашимова Дилдара Нуритдиновна; М.Қашғари атындағы мектеп – лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абдураимова Севара Рустамовна бар болатын.

М.Қашғари атындағы мектеп – лицейінің директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары Турар Ирискулович Маменов пен “Қарнақ” жалпы орта мектебінің директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Дилшод Асатуллаевич Атаметовке және “Қарнақ” жалпы орта мектебінің директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары Шахиста Рахимжановна Садановаға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы мен шипажайға жолдама берілді.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұсынылған ноутбукке М.Қашғари атындағы мектеп – лицейінің 11-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың Алтын медаль иегері Абдурасулова Хайринсо Маммаджанқызы; “Қарнақ” жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың күміс медаль иегері Абдураимова Дилнура Шерзадқызы.

«Sport Fest Kazakhstan»  әскери-патриоттық республикалқ спартакиадасында жүлделі екінші орын алған “Қарнақ” жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Деммиров Дилзод; “Қарнақ” жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сулайманов Алишер; “Қарнақ” жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Юлдашов Сардор ие болды.

– Рухани астанамызда ұйымдастырылған ркспубликалық кәсіби және техникалық білім беру ұйымдарының пегогогтері мен қызметкерлері арасындағы тұңғыш спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінен кейін, салалық кәсіподақ құрамына кіретін екі бірдей білім беру ордасына барып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Ұстаздар ұжымы мен шәкірттердің білім бәсекесіндегі жетістіктері жетерлік екен. Қарнақ жалпы орта мектебі биыл еліміздің 200 үздік мектебінің қатарына кіріп, пән мұғалімдері республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің үздік тобын дайындапты.

Марапат төрінен көрінген әріптестерді биылғы оқу жылын табысты аяқтауларымен шын жүректен құттықтап, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы қажырлы қызметтеріне жемісті жетістіктер тіледім, – деді еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Айгүл Мақсатқызы. – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «бұл жылы тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек» деген болатын.

Салалық кәсіподақ Мемлекет басшысының ұсыныстарына ұйытқы бола отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысу мақсатында білім байқауларында жүзден жүйрік деп танылған озық оқушылар мен шәкірттерді шыңдаған майталман мамандарға әр кезде де құрмет көрсетуге дайын. Жас өрендеріміз үлкендердің үкілеген үмітіп ақтасын. Еліміздің жарқын болашағын қалыптастыру үшін биыл үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің қадамдарына ақ жол.

Осы шараның ұйымдастырылуын қолдаған әлеуметтік әріптесіміз, Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Баянғали Әбдірахманұлы Жұмабаевқа салалық кәсіподақ атынан ризашылық білдіремін. Қазақстан аумағында көне қалалар мен ауылдар көптеп кездеседі. Соның бірі екі мың жылдық тарихы бар осы құтты қоныс. Бұл мәуелі мекенде 1960 жылдардан кейін халық санының өсуі байқалып, жаңа мектеп ашу қажеттігі туралы ұсыныстар айтыла бастаған.

Сол себепті 1982 жылы бұрынғы «Ленин жол» колхозы аумағында жергілікті халықтың арасында сыйлы азамат Юсуф Хайруллаевтың бастамасымен 250 оқушыға ыңғайластырылған ғимарат салынған болатын. 2014 жылы сыйымдылығы үш жүз орынға арналған 3 қабатты қосымша жаңа нысан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда бұл мектепте 892  оқушы білім алуда. Оларға 108 педагог білім берсе, 27 техникалық жұмысшылар қызмет көрсетеді. Сексен бес мұғалім жаңа форматтағы аттестациядан өткен.

Жиырма бір мұғалім педагог-модератор, қырық үш мұғалім педагог-сарапшы, 21 мұғалім педагог-зерттеуші санаттарына ие. Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен түрлі байқаулар, спорттық жарыстар мен әскери-патриоттық сайыстарға белсене қатысып, биік белестерді бағындыруда. Соңғы бес жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасының қалалық кезеңінде 120 оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінген екен.

Осы мерзімде мектептен түлеп ұшқан 236 оқушының отыз бірі «Алтын белгі» иегері, 3 оқушыға «Үздік аттестат» табысталыпты. 136 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарына  қатысып, 82-і мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарының студенттері атанғанын білдік. Бұл білім шаңырағының бұрынғы бітірушілері медицина, педагогика, фармацевтика, ауыл шаруашылығы мен IT саласындағы қызметтері арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуына азаматтық үлестерін қосып келеді.

Күні кеше орта білім беру бағдарламасын тәмамдаған 46 түлекке салтанатты түрде аттестат тапсырудың салтанатты рәсімінде алты оқушы «Алтын белгі» алса, бір шәкіртке Үздік аттестат берілді.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий