Дебат турнирлері құзыреттілікке бағыттайды

      Өзгермелі қоғам жағдайында саяси-әлеуметтік, экономикалық құбылыстар үдерісі өте жылдам дамуда. Әсіресе бұл құбылыстарға бұқаралық ақпараттар арқылы дұрыс баға, көзқарастар берілмеуде. Осындай жағдайда білім жүйесі жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне жаңа өзгерістер енгізуді талап етеді.

      Келешек ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге аса назар аудару,  білім алушыларды баптап өсірер ауқымды тәрбиелік шаралар өткізу заманның ғана емес, болашақтың талабы.  Себебі рухани жан-дүниесі бай, халқын сүйген, ата-баба жерін қадірлейтін ұрпақ қана болашағымыздың тірегі бола алады. Бұл жағдайда білім алушылар рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған, ізденушілік, зерттеушілік, әлеуметтік-тұлғалық, коммуникативтілік құзыреттілікке ие болуы керек. Ал осы құзіреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, шығармашыл тұлға болу қазіргі замандағы өзекті құзыреттілік. Аталған дағдылар мен құзыреттіліктерді қалыптастыру, дамыту үшін оқу мен тәрбие үдерісінде пікір-сайыс тиімді тәсілдердің бірі , ал дебат ұйымының рөлі өте маңызды.

«Шешендік – көп сөздікте емес, тапқырлықта» деп Ғабиден Мұстафин айтқандай, білім алушы  пікірталас кезінде еркін қарым-қатынаста болып, өз позициясын қалыптастырып, оны қорғап, оларды өзге пікірлермен салыстыру әрекетін жасайды. Өмірдегі шынайы проблемаларды әкеліп, оларды әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастырады, ең тиімді шешімдерін табуға бағытталады.

      «Бөбек» орталығының «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінде әр-түрлі бағыттағы пікірталас турнирлері болып тұрады.  Пікірталас турнирлерінде қазіргі заманның, балалық шақтардың өзекті тақырыптары, қоғам мен педагогикалық қызмет мәселелері талқыланады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Адам құқықтары күніне орай колледжде келесі тақырыптарда пікірталас турнирлері өткізілді: «Қазақстанның жаһандық бастамалары. Халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі», Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ыбырай Алтынсарин мұрасы – мәңгілік игілік», «Онлайн сабақты қолдау немесе қарсы болу» және т.б.  Пікірталастағы тәжірибесі аз болғанымен, колледж білім алушылары өздерін шебер пікірталасушы ретінде ғана емес, ақиқат, ар-ождан, әділдік, батылдық, кеңпейіл қасиеттеріне  иеленген маман ретінде де көрсете білді. Бұл, әсіресе, жақында өткен «Жасөспірім және интернет» тақырыбындағы турнирде айқын көрінді. Болашақ педагог мамандардың айтқан идеялары мен ойлары балалардың адамгершілік саулығын болашақ мамандығының басты мәселесі деп санайтынын көрсетті.  

      Студентер жарыста қасиетті еліміздің ұлы ғұламалары айтып кеткен ой-толғамдарын турнирдің дәйек сөзі етіп қолдануды тәжірибелеріне енгізген.  «Мейірімді болу оңай ма?» тақырыбындағы турнирде «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім – ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» деген Абай Құнанбайұлының сөзін алға тартқан болашақ педагогтар, «бүгінгі оқушылар өзінің алдағы бағытын дұрыс белгілеп, саралай білу үшін біріншіден, өзіндік рухани сана, көзқарас, оң дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсіну, қабылдау қабілеттілігін, іскерлік қасиетін дамытатын әдіс-тәсілдер қамтылуы тиіс.

   Дебаттық турнирлерден байқағанымыз өте ұяң студенттер ашылып, соңында шаршы топта сөйлей бастады. Өз ойларын анық жеткізуге тырысып, дәлелді сөйлеуге машықтанған. Бұл дағдылар қазіргі жастарға нағыз қажетті дағдылар. Ал көрермендер болса сұрақтар қойып, қысқаша пікірін, турнирдің барысы туралы өз көзқарастарын білдіріп, қатысушылардың жіберген қателіктері мен кемшіліктерін көрсетті. Бұл дегеніміз өзінің іс-әрекетін сыни тұрғыдан қабылдай алу, бағалай білу қабілетін дамыту, дұрыс сөйлей білуге үйрену деген сөз.

      Қорыта айтсақ, дебаттық турнирлер білім алушы жастардың интеллектуалдық қабілеттері мен көшбасшылық қасиеттерін дамытып қана қоймай, адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуға үлкен көңіл бөлетін құзыреттілікке бағыт алған ізгілік тәрбиесі.

   Гүлбаршын Серікбаева

 «Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық колледжі

директорының  орынбасары

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий