Білімдіге дүние жарық

Расымен де, қазір білімдінің озып тұрған дәуіріне аяқ бастық. Бұл, әлбетте, қуантарлық жайт. Жастайынан-ақ оқып-білуге құмар жеткіншектерді көргенде, ел көсегесі солармен көгереріне шүбәң болмай, бір марқайып қаласың.

Болашағынан мол үміт күттірер сондай жастың бірі – Аман Бекмұратов. Атырау қаласындағы ХББ НЗМ-ның биылғы түлегінің мектептен кейінгі өміріне алаңдауына еш негіз жоқ. Өйткені, 5 елден оқуға шақырту алды!

Аман – Атырау қаласының тумасы. Ол АҚШ, Германия, және Италия елдерінің грантын жеңіп алды.

 “Грант алу және пайыздық жеңілдік алу, тіпті университеттен шақырту алудың өзі – үлкен бір жетістік. Ол жетістікке жету үшін ағылшын тілінен біліктілігіңді арттырып, жан-жақты жаһандық азамат екеніңді және алғыр, білімді азамат екеніңді көрсету қажет. Бұларлан бөлек, тынбай еңбек ету керек” – дейді жас жігіт.

5 бірдей ел құшақ жая қарсы алуға дайын болғандықтан, таңдауы қай елге түсті деген сұрақ туындары заңдылық. Оған ол былайша жауап қатты:

“Шынымды айтсам, әлі бір елге барамын деген шешімге келмедім. Себебі, барлығы өзінше бір бөлек ерекше және олардың да қабылдауы, стипендия беруі көптеген құжаттарды сұрауда. Барлық жүйелі жұмыстар легі аяқталған соң, өзім сүйіншілейтін боламын деген ойдамын”.

Аманның таңдаған мамандығы – химиялық инженерия. Бұл мамандық арқылы Қазақстанның болашақ пайдалы ресурстарын, энергия өнімдерін және материалдар технологиясын дамытуға зор үлес қосуды армандайды. Ал, оқу бітірген соң қызмет бағытың қай жаққа бұрылмақ деген сауалымызға ол былай деп тіл қатты:

 “Барынша отанымда жұмыс жасағанымды қалаймын. Әйтсе де, 3-4 жыл төңірегінде шет елде тәжірибе, білім алмасу қажет деп есептеймін. Бұл менің карьерама да, Қазақстанға да өз пайдасын тигізері сөзсіз”.

Иә, Аманның әр қадамы – нық, сөзі – орнықты, көзі – ашық! Онымен жарты сағаттық сұхбаттан кейін еліміздің әр баласы осындай мықты болса деген тілекте болдық. Олар – жаңа Қазақстанның жарқын болашақтары!

Орынгүл МАХМУД

Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий