Нұргүл Өтегенқызы: «Ұстаз еңбегін ұлы ететін оның өзі емес, шәкірті…»

Ұстаз – мектептің жүрегі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» болары да хақ. Ендеше, біз сіздерді ұлағатты ұстаздардың ұлы еңбегін ұлықтауды мақсат тұтқан «Табысты ұстаз» атты жобамыздың келесі кейіпкерімен таныс қылуға асықпыз.

Бұл ұстаз – Атырау өңірінің білім саласын дамытуға 25 жыл бойы үздіксіз үлес қосып келеді. Еткен еңбегі еленіп, 2014 жылы «Үздік педагог» атанды. Кәсіби биіктен көрініп, шәкірт алғысына бөлену әр ұстаз үшін шынайы бақыт десек, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің дәл осы бақытқа кенеліп жүргеніне тура 25 жыл!

Таныс болыңыздар, Нұргүл Өтегенқызы Аққайнанова –  Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның география пәні мұғалімі,  «Педагог- шебер» санатындағы ұстаз.

Ұстаз үшін табысты болудың басты сыры неде? Бұл сауалымызға жауап іздеу үшін біз Нұргүл Өтегенқызын сүбелі сұхбатқа шақырдық. Биязы болмысқа ие ұстаз да тәжірибесі мен жетістіктерін өзгелермен біздің басылым арқылы бөлісуді құп көрді. Назар салыңыз, ендеше!

 – Нұргүл Өтегенқызы, өңірдің табысты ұстазы ретінде сұхбат беруге ниеттенгеніңіз үшін алғыс білдіреміз! Әңгімеміздің әлқиссасын өз өмірбаяныңыздан бастасақ. Ұстаз болу бала кезгі арманыңыз ба еді?

 – Мен 1977 жылдың 2 қаңтарында бұрынғы Гурьев облысы, Кызылқоға ауданы, Миялы селосында қызметкерлер отбасында дүниеге келдім. Әкем Аққайнанов Өтеген  мен анам Дәулетқалиева Гүлсара екеуі де өз өмірлерін медицина саласына арнаған дәрігерлер. Отбасында бес бала тәрбиелендік.  Ағам және үш інім бар, мен отбасындағы екінші баламын. Ұстаздық қызметке келуіме атам мен апаларымның мұғалім болғандығы әсер етсе керек деп ойлаймын. Менің атам Дүзелбаев Жұмабай бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған білікті ұстаз, «Халық ағарту ісінің үздігі», аудан, қала берді облыс көлемінде өте танымал болған адам. Әкемнің тетелес әпкесі Нұрзада мен қарындасы  Гүлнар апаларым да әке ізін жалғаған ұстаздар, «ҚР білім беру ісінің үздіктері» болып, құрметті зейнетке шықты.Осындай отбасынан шыққан менің де ұстаз мамандығын таңдауым кездейсоқтық болмас еді. Бала кезімде балаларды жиып алып, үйдегі қара шифоньердің есігін бормен шимайлап, мұғалім болып, сабақ оқытатынмын. Болашақта мұғалім болатынымды сірә, сол кезде айқындап қойсам керек.

Осылайша, 1993 жылы   орта мектепті аяқтағаннан кейін, еш ойланбастан бірден Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университетінің  «Жаратылыстану- география» факультетіне оқуға тапсырып, барлық емтихандардан кедергісіз өтіп, «Биология және география» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Білім ордасында төрт жыл оқып, аталған оқу орнын 1997жылы  «Биология және география пәндерінің мұғалімі» квалификациясы бойынша бітіріп шықтым.

 – Демек, бұл ұлы мамандыққа жастайыңыздан мойын бұрдыңыз ғой?

 – Дипломды қолыма алғаннан кейін, 1997 жылдың 1 қыркүйегінен бастап алғашқы еңбек жолымды өзімнің туған жерім Қызылқоға ауданы,  Миялы селосындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептен бастадым. Университетті бітіріп, алғаш еңбек  жолымды бастаған кезде жиырма жаста болдым. Содан бері жиырма бес жыл үзіліссіз осы салада еңбек етіп келемін. 2003- 2006 жылдар аралығында Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте директордың оқу  ісі жөніндегі орынбасары қызметін  атқардым. 2006 жылдың қыркүйек айынан бастап күні бүгінге дейін Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда география пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келемін.

Гимназия менің ұстаз ретінде шыңдалуыма, өз мүмкіндіктерімді жан-жақты көрсетуіме мұрындық болып, ұстаздық қызметімнің жаңа серпінге ие болуы осы кезеңнен басталды десем артық айтқандық болмас. 

 – Өзіңіздің және шәкірттеріңіздің тың жетістіктерімен бөлісе отырсаңыз. Шоқтығы биік жеңісіңіз қандай?

 – Ұстаздық еңбек жолымда қол жеткізген жетістіктерім де аз емес.  Көптеген облыстық және республикалық сайыстардың жүлдегері атандым. Атап айтсам, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысынан II орын;  Республикалық қашықтық олимпиадасынан 2012-2013 о/ж.- ІІ орын, 2014-2015 о/ж. – І орын, 2016-2017 о/ж. – І орын, 2021-2022 о/ж. – І орын; Атырау блыстық «Әдістемелік қоржын» сайысынан І орын, Облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысынан І орын; облыстық «Интерактивті тақтаның озық пайдаланушысы»  сайысынан ІІ орын; «Ғылым және өмір» халықаралық ғылыми- теориялық конференциясынан ІІ орын, республикалық «Үздік видеосабақтар»  конкурсынан (сырттай) жүлдегер, облыстық педагогикалық оқулар сайысынан екі жыл бойы бірінші орын,  «Ауылдың үздік ұстазы – 2003» облыстық байқауынан І орын алдым.

2008 жылы Астана қаласында өткен  ІІ Республикалық жаңашыл педагогтар форумының делегеты ретінде  Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың арнаулы сыйы – Түркияның Анталья қаласындағы демалыс жолдамасына ие болдым.

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының 2016 жылғы 12 қарашадағы шешімімен Қазақстан  ПҒА-ның мүшелігіне қабылдандым.

Алайда, осылардың ішінде шоқтығы биік тұрған ерекше жетістігім деп 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен «Үздік педагог – 2014» конкурсының жеңімпазы атанып, төсбелгі және 1 852000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын.

Ұстаз еңбегін ұлы ететін оның өзі емес, шәкірті. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы елестетуге келмейтін сезім. 

 Жыл сайын бабы мен бағы келіскен бірнеше шәкірттерім облыстық, Республикалық, халықаралық білім бәйгелеріне қатысып, бақ сынайды. Олардың ішінде жүлдегер оқушыларым аз емес.

Республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан әр жылдарда Назерке Тілепбергенова, Хамит Бисембай, Шолпан Шарипова, Ардақ Қартабаев, Әсет Тоқтаров, Райхан Тоқтарова, Абзал Ізмұратов, Айсара Ибрашева, Анварбек Альбертұлы сынды шәкірттерім жүлдегерлер атанып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ студент атанды. Анығында шәкіртім Ерсұлтан Нәбидолла 2015 жылы Корея Республикасының Тэджон қаласында өткен халықаралық ғылыми жоба байқауынан қола медаль иеленсе, Әлихан Иманғалиев 2019 жылы Түркияның  Анталья қаласында өткен халықаралық олимпиадада география пәні бойынша  күміс медаль қанжығалады. «Айналдым, сенен, Атамекен» атты І Республикалық патриот жастар байқауында  «Өлкетану» ғылыми жоба аталымы бойынша 3 оқушым жеңімпаз атанды. Халықаралық «Әл-Фараби» атындағы онлайн олимпиадасына география пәні бойынша бақ сынаған оқушыларым ІІ, ІІІ орынды иеленді. Нариман Дильназ «Алтын ой» облыстық өлкетану байқауына қатысып, ІІ орынды иеленді. География пәні бойынша халықаралық «Тенгри» онлайн олимпиадасына қатысып, 14 оқушым І орынды иеленді.

 Бұл тізім айта берсем жалғаса береді. Бұдан бөлек, жыл сайын көптеген шәкірттерім облыстық олимпиада мен ғылыми жоба байқауларының жүлдегерлері атанып жүр.

 – Керемет! Мұндай жетістіктің артында үлкен тоқтаусыз етілген еңбек тұрары сөзсіз. Жалпы, шәкірт тәрбиелеудегі негізгі миссияңыз қандай? Қазір ұстаздардың тұрмысы түзелгелі бері бұл мамандықты игеруге ниеттілер саны да күрт өскені белгілі. Осы тұрғыда көкейге кез-келген адам мықты ұстаз болуға қауқарлы ма деген заңды сауал туындары сөзсіз. Пікіріңіз?

 – Нағыз ұстаз–ұстаз болуды бала шағынан армандайды. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес.

 Ұстаз болу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру жолында бар білімі мен уақытын сарп ету, олармен сырласа отырып жан дүниесін ұғыну тек білікті ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Ұстаздың міндеті – алдына келген жазылмаған ақ қағаз секілді жас өреннен жан-жақты жетілген тұлға дайындау. Әрбір шәкірт – ол ертеңгі қоғам мүшесі, болашақ маман. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Алдындағы әрбір шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын талмайтын етіп қатайтып ұшырады.

 «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етсең, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, өзінің білімі мен біліктілігін де арттырып отыру керек. Сондықтан да, жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті білімді және құзіретті өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату және бойында  рухани- адамгершілік құндылықтарды сіңіру әрбір ұстаздың миссиясы деп ойлаймын. 

 – Алға қойған жоспар, бағыт-бағдарыңызбен бөлісе кетсеңіз.

 – Менің алға қойған мақсатым – шәкірттерімді білім биігінен көру жолында ерінбей- талмай еңбек ету, еліміздің көк байрағын өзге елде мақтанышпен көтеретіндей дарынды шәкірттерді көптеп даярлау. Әрине, жеңіс оңайлықпен келмейді, бұл бағытта әлі көп іздену, еңбектену қажет. Ол үшін, ең алдымен, өзіміз білімімізді үнемі жетілдіріп отыруымыз керек. Осы орайда, білім саласында көшбасшы елдер Сингапур, Корея Республикасы, Финляндия, Малайзия, Жапония, т.б елдердің тәжірибелерімен танысқым келеді. Мүмкіндігінше, бәрін болмаса да, ішінен керегін алып, өз тәжірибемізде пайдалануымызға болады ғой. Сонан соң, мүмкіндік туып жатса, халықаралық конференция немесе семинарларға қатысып, тәжірибе алмасқым келеді. Жуырда, Дубай қаласында өтетін «Global teaching Dubai» атты халықаралық конференция жұмысына қатысып, білімімді жетілдіріп, өз тәжірибеммен бөліскелі отырмын.

 – Жаһан жаңашылдықтарын көрсем деген талабыңыз оң болсын! Облысымыздың білім деңгейі қай деңгейде деп ойлайсыз? Кемшіл тұстары болса, оны көтеру үшін қандай іс-әрекеттер жасау керек?

 – Білім саласында қаншама педагогтар мен қызметкерлер тер төгіп еңбек етіп жүр. Жалпы алып қарайтын болсақ, кемшіліксіз сала болмайды. Қай-қай салада да жетістіктермен қатар, әрине, кемшін тұстары кездесетіні жасырын емес. Осы орайда облысымыздың білім саласы жалпы рейтингте әрине, көшбасшы облыстардың алдыңғы легінен көрінбегенмен, жекелеген салаларда қол жеткізіп жатқан жетістіктеріміз бар екенін атап көрсету керек. Қаншама дарынды шәкірттеріміз өздерінің білімдерін республикалық, халықаралық деңгейлерде мойындатып жүргеніне өзіміз де куәміз. Мұның бәрі, ұстаздардың өлшеусіз еңбегі екені даусыз. Осы тұста, облысымыздың білім саласындағы игі бастамаларын да атап өткім келеді. Биылғы жылдан бастап облысымызда «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығы құрылып, өте жақсы жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, облыстың 7 сынып оқушыларынан болашақ олимпиада резервтерін даярлау жұмыстары басталып та кетті. Облыстың олимпиада командасымен дайындық камптары ұйымдастырылды. Сондай ақ дарынды және талантты оқушыларды ынталандыру мақсатында марапаттау да ұмыт қалдырылмады. Әрине, мұндай жұмыстар болашақта облысымыздың білім деңгейінің жоғарылауына септігін тигізері сөзсіз.

Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстарымыз да бар екенін мойындауымыз керек. Ия, білім сарапқа салынатын олимпиада, ұлттық бірыңғай тестілеу, басқа да көрсеткіштер жағынан соңғы жағында жүргеніміз қынжылтады. Меніңше, бізде әлі де болса «сен тимесең – мен тиме» деген қағидамен жүрген мамандарымыз баршылық. Cебебі, мамандығын жүрек қалауымен емес, күнкөріс көзіне айналдырып жүрген ұстаздаздардан қандай жақсы нәтиже күтуге болады? Осы орайда, мұғалімдерге моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіліп, әлеуметтік жағдайы жасалса деген ұсынысым бар.

 Тағы бір айта кететін нәрсе – облысымызда мұғалімдердің мәртебесін көтеру,  мұғалімдерді ынталандыру бағытында жұмыстар дұрыс жолға қойылмаған. Өз саласының үздіктерін ұлығылап, олардың беделін көтеріп отырса, бұл басқа мұғалімер үшін үлгі болары сөзсіз деп ойлаймын.

  Білім сапасын көтеру үшін ұстаздан талап етілетіні бір ғана нәрсе – ол үнемі шығармашылық ізденісте болуы шарт. Көрнекті педагог К.Ушинский айтқандай «Мұғалім үздіксіз ізденіп, жетіліп отырғанда ғана мұғалім, ізденуі тоқтаған сәтте оның мұғалімдігі де жойылады». Үнемі ізденісте жүретін жаңалыққа жаны құмар, жауапкершілігі жоғары, қиындықтан қорықпайтын тәуекелшіл ұстаздар ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.

 – Әр ұстаз нақты білім деңгейін көтеруге өз үлесін қалай қоса алады?

 – Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де «ХХІ ғасыр оқушысы қандай болу керек?» «ХХІ ғасыр оқушысының мұғалімі қандай болу керек?» деген үш мәселе алдымызда тұр. Әлемдік өркениетке сай сапалы білім беру және ақпараттық интеллектуалдық ресурстарды өз бетімен ала алатын, талдай білетін, идея бере алатын, үнемі даму үстінде болатын, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға қалыптастыру болып отыр.

Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі педагогика саласындағы  ғылыми жаңалықтар мен білім саласындағы әлемдік озық алдыңғы қатарлы тәжірибені жетік игеру. Қазір ғылым мен технология қарыштап дамып жатырған заманда түрлі жаңалықтар жылдам енгізіліп жатыр, соның ішінде білім саласында да.  Міне, осы жаңалықтарды құр жібермеу керек.  Яғни, батыл қадамдар жасаудан қорықпауымыз керек. Барынша оқушыларға еркіндік беріп, оның өз еңбегімен жетістікке жетуіне бағдарлауымыз керек. Ол үшін, әрине біз өзіміз де жан-жақты болуымыз керек.

Білім беру – жаңалықты, инновацияны қажет етеді. Қазіргі таңда заман талабына сай пән мұғалімі ғана болу аз, мұғалім – ұстаз, иннноватор, иннотехник болуы тиіс. Мұғалім өзі иннотехник дәрежесіне көтерілу үшін инновациялық технологияларды меңгеру керек. Сондықтан да жаңа ғасырдың жаңашыл ұстаздары теориялық білімін күнделікті өмірмен байланыстырып отыратын ізденімпаз, жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген, әдістемелік шеберлігі шыңдалған, заман ағымына сай цифрлық сауаттылығы өте жоғары және өз мамандығының нағыз шебері болуы керек деп ойлаймын. Әрбір пән мұғалімінің  ешкімге тәуелсіз кәсіби бағыты болуы керек. Сонда ғана мұғалім мен ұжым қызметінің желісі оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі бүгінгі күннің талабына үлес қоспақ.

 – Айтуыңыз орынды. Әр сөзіңіз бүгінгі оқырманға орамды ой салды деген ниеттеміз. Біздің редакциямен байланысып, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымыз мол. Әрі қарай да түрлі тың жетістіктеріңізбен ұлағатты мамандығыңыздың жүгін абыройлы арқалай беріңіз деген ізгі тілекпен, біз өз сұхбатымызды аяқтаймыз.

 Құрметті оқырман, осылайша, «Табысты ұстаз» атты айдарымыздың бұл жолғы кейіпкерімен де келелі кеңесіп, түйіні бар әсерлі әңгіме өрбіттік. Әр сөзді ой елегіңізден өткізіп, керегін өз өн бойыңызға сіңірем десеңіз – мархаббат! Су жаңа жобамыздың келесі кейіпкерімен жүздескенше, сау-саламатта болыңыздар! Еліміздегі табысты ұстаз қатары толыға түсуіне тілекшіміз!

Орынгүл МАХМУД
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий