Туған елге тағзым – 2022: Қарағандылық зияткерлер зерттеу – өлкетану экспедициясына қатысты

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым – 2022» зерттеу-өлкетану экспедициясы өтті. Экспедиция аясында оқушылар Қарағанды өңірінің тарихи-мәдени, көрікті жерлерін аралап, түрлі өндіріс орындарымен танысты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

– Бұл экспедиция оқушылар туған өлкесін танып-білсін, тарихымен терең таныссын деген мақсатта ұйымдастырылады. Бүгінде дәстүрге айналған жоба зияткерлердің танымын кеңейтіп, туған жерге деген құрметін арттыруға көмектеседі. Экспедиция қорытындысы ретінде оқушылар жобалық жұмыстар дайындап, барлық Зияткерлік мектептер арасында өтетін байқауға қатысатын болады, – дейді мектеп директоры орынбасары Жұлдыз Биманова.

Биыл зерттеу-өлкетану экспедициясына оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен 40-тан аса оқушы қатысып отыр. Зияткерлер бір апта ішінде Қарағанды қаласында орналасқан тарихи-мәдени орындарында болып, Қарқаралыға саяхаттады. Бұдан бөлек QazTehna компаниясы, Халықаралық ғылыми-өндірістік холдинг «Фитохимия» өндірісі, «Казвак» вакцинасын өндіретін фармацевтикалық кешен, метерологиялық станция сияқты түрлі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

11-сынып оқушысы Әділ Шаяхметов биыл Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадаға тарих пәні бойынша қатысып, 1-орын иегері атанған болатын. Зияткер экспедиция барысында қазақ елінің қайраткерлері, тарихи маңызды оқиғалар жайлы көптеген тың ақпарат алғанын атап өтті. Сонымен қатар ол мұндай экспедициялардың мамандық таңдауға көмектесетініне сенімді.

Алда оқушылар экспедицияда көрген-білгені бойынша зерттеу жұмысын жүргізетін болады. Ал келесі оқу жылында оны жоба ретінде ұсынып, барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өтетін байқауда ұсынуға мүмкіндік алмақ. – Мен фармацевтикалық өнімдер жасайтын кешенге барған сапардан өте үлкен әсер алдым. Түрлі дәрілердің қалай жасалатынан өз көзімізбен көріп қайттық. Өзіме биология мен химия пәндері қызық, сондықтан Қарағандыдағы вакцина өндірісі жайлы жоба жасасам ба деймін, – деп бөлісті 7-сынып оқушысы Сабина Ералиева.

Бұған дейін өткен экспедициялар нәтижесінде оқушылар Қарағанды туралы физикалық есептер жазып, Сарыарқаның геологиялық тарихы және тағы да басқа қызықты тақырыптар бойынша жобалар ұсынған болатын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий