Айман Тілеубергенқызы: Ұлағаттылықты ұстаздарымнан үйрендім

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық кәсіптің анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Педагог берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қазақтың сыршыл ақыны, алаштың ағартушы ғалымы Мағжан Жұмабаев «Ең мәртебелі орын ұстазға ұсынылуы тиіс», – деген болатын.

– Тәуелсіз елімізде отандық педагогтердің мәртебесін биіктету үшін мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер жасалуы қажет?, – деген орынды сауал қазақы қоғамды алаңдатарлық ерекше маңызға ие болғаны анық. Алайда бұл мәселе көбіне барша әріптестерімізді ойландыруы тиіс. Себебі қазіргі көз ілеспейтіндей жылдамдықпен қарқынды дамыған жаһандану заманындағы әлемдік өркениет ұстаздар қауымынан жеке тұлға ретінде уақыт үдерісіне сай жоғары міндеттерді жүктеп отыр.

Осы орайда мен пән мұғалімі ретінде сапалы білім берумен қатар шәкірттерімнің тәрбиесіне де айрықша мән беремін, – дейді біздің кейіпкеріміз ҚР Оқу-ағарту (бұрынғы Білім және ғылым) министрінің грантын жеңіп алған «Үздік педагог» байқауының иегері, ширек ғасырлық саналы ғұмырын қазақстандық білім саласына арнаған тарихшы ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі Айман Тілеубергенқызы. – Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық.

Олай дейтінім, педагог біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден – үнемі шәкірттерімен берік қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған майталман маман.

Айман СМАҒҰЛ 1975 жылғы сәуір айының 15-і күні Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Осы құтты қоныстағы Үрмәш Түктібаев атындағы №24 қазақ орта мектебін 1992 жылы тәмамдап, 1993-1998 жыл аралығында облыс орталығындағы «Сейхун» институтының тарих факултетінде оқыған дипломды жас маман алғашқы еңбек жолын туған жеріндегі білім шаңырағында бастаған.

2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне тарих мамандағы бойынша магистратураға түсіп, 2017 жылы білім магистрі, 2021 жылы тарих ғылымдарының магистрі атағын алды. Қызылорда қаласындағы Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатында 2006 жылдан бері тарих пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып, талай шәкірттерді биік белестерді бағындыруға баулыған бағбан бапкерлігіне қоса жемісті жетістіктерге жетелеген жаңашылдығымен республика аумағындағы ұстаздар қауымына етене танылды.

 – Айман Тілеубергенқызы, алғаш табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барған мектебіңіз туралы қызқты мазмұнда естелік әңгіме айтсаңыз. Қолыңызға «Әліппе» кітабын ұстаған бүлдіршіндерге әріптерді жаттатқызып, сандарды үйреткен тұңғыш ұстазыңыз кім еді? Жоғары сыныптарда қай пәндерді жақсы оқып, кімдерді үлгі тұттыңыз? Күні бүгінге дейін әлі де санаңызда жаңғырып тұратындай олардың қандай ақыл-кеңестерін шәкірттеріңізге қайталап айтудан жалықпай жүрсіз. Тарих пәні мамандығын таңдауыңызға осы пәннен дәріс берген қай мұғалімнің ерекше өнегесі, бірегей болмыс бітімі әсер етті? Жоғары оқу орнындағы студенттік ізденісіңіз бен ғылыми талпысыңызды қолдап, бағыт-бағдар ұсынған оқытушы-профессорлардың тағылымынан не ұқтыңыз?

 Алғаш мектепке барғанда берілген кітаптардың бетін парақтай бастағанда ұзақ сөйлемді мәтіндерді қалай оқитындығымды білмей қорыққаным әлі есімде. Бірақ қолымызға «Әліппе» кітабын ұстаттқан Сүйімбаева Рысбике апай Нуайқызының мейірімді сөзі бізді бейтаныс қызық әлемге берден баурай білді. Алғаш әріптерді жаттатқызып, сандарды үйреткен тұңғыш ұстазымыздың әрбір сөзі бүлдіршін шәкірттер үшін заң болатын. Ол әрдайым «Өмірде байлықпен, ақшамен, барлықпен бәсекелеспе, тек біліммен бәскелес, – деген салиқалы сөзді жиі қайталайтын. Есейе келе бұл ұғым менің өмірлік ұстанымыма айналды. Парасатты педагогтың бойыма дарыған талапшылдық, жауапкершілік, сабырлық, жан-жақты ойлап шешім қабылдау, бәскелестік сынды қадірлі қасиеттері жеке тұлға ретінде қалыптасуыма берік негіз болды.

Жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті, биология, тарих, пәндерді жақсы оқып, Жаңаберген Ұйқасып ағай мен Патыма Қайназарова, Ұлдай Сәрсенбаева, апайлардың адамгершіліктерін үлгі тұттым. Өмірде ұстаз болудағы ата-ана-оқушы-мұғалім арасындағы үштік одақтың берік қамалын шыңдаудауға тәрбие саласында Дауылбай Қапаров ағайдың «Сіздердей жастарда идея көп, тек оны оқыту мен оқу-тәрбиесімен ұштастырып өмірдегі сара жолда дұрыс пайдалана білу қажет», – деп айтқан ақыл-кеңесін шәкірттерме мың мәрте қайталаудан жалыққан емеспін.

Алғашқы ұстазы Рысбике Нуайқызымен бірге

Тарихшы мамандығын таңдаума осы пәннен дәріс берген Жаңғазы Керімбердиев (марқұм) ұстаздың ерекше өнегесі, бірегей болмысы мен бітімі ерекше әсер еткені даусыз. Аудандық білім саласының ілгері дамуына зор үлестерін қосып, қайталанбас қолтаңбасы мен өшпес өнегесін қалдырған Қатира Тайпақова, Бағадат Орынбас есімді әдіскер ұстаздардың шығармашылық ізденісі, тағылымға толы тәжірибесі білім бәсекелерінде шыңдалуыма серпін берді.

Жоғары оқу орнында Минсара Қараманова, Мерует Аңсатова, Сағат Тайманов, Дастан Сәтбай есімді профессор-ғалымдардың қамқорлығы мен сенімі жүрегіме от беріп, ізденісіме шабыт сыйлады. Сонымен қатар педаогогикалық идеяларды іске асыруда Асылбекқызы Сайран апайдың «Қазіргі қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік өзгерістер білім беруді дамытуға жаңаша көзқараспен қарауды, педагогикалық ғылым әдістемелері мен тәсілін өзгертуді және өзгерген әдістерді мектеп өміріне енгізетін де, мектепті жақсартатын да негізгі тетік – қабілетті мұғалім», – деген пайымын санаға сіңірдім.

Ғалым ұстазы Аңсатова Меруетпен бірге

Раушан Мәрсәлі, Жібек Сатыбалдықызы, Бауыржан Дилманов треннерлердің біліктілік жетілдіру курсынан «Шығармашылық шеберлігі, іскерлігі, жаңаша көзқараспен қарауы, жаңа иновациялық технологияларды ғылыми ізденіс пен тәжірибеге енгізуде өз үлесін қосуы қажет», – деген ұстанымын ұлықтаймын. Қарлығаш Дауылбайқызы үнемі «Ұлағатты ұстаздың басты жетістігі пәндік олимпиада мен ғылыми бағыттағы авторлық жобалар арқылы көрінеді. Сондықтан пән мұғалімдерінің тың идеялары мен жоғары жетістіктерін қолдау арқылы педагогтердің мәртебесін жоғарылатуға болады», – дейтін.

Сондықтан менің бүгінге дейін қол жеткізген әрбір табысымның артында мектептегі ұстаздарым мен жоғары оқу орындағы оқытушылардың, ізгі ісім мен бағалы бастамама ұдайы қолдау білдіретін отбасым мен туған-туыс бауырларымның, бұрынғы ұжымдастарыма қоса қазіргі әріптестерімнің зор сенім артқан ауыр жүгі бар. Олардың үлкен үмітін ақтаған болсам әрине мен бақыттымын. Бір сөзбен бейнелесем, ұлағаттылықтың бәрін ұстаздарымнан үйрендім.

 – Аға буын өкілі ретінде қазіргі жас мамандарға айтарыңыз қандай? Жалпы уақыт талабына сай жаңашыл педагог ретінде кез келген пән мұғалімінің бойынан табылуы тиіс қасиеттерді санамалап берсеңіз? Сіздің пікіріңіз бойынша заманауи ұстаз деген кім? Ол қандай тұлға болуы керек? Біліміне тәрбиесі сай және бәсекеге қабілетті маман ретінде елі мен жеріне отаншылдық қызметті абыройлы әрі адал атқаратын өскелең ұрпақты өсіру үшін қазіргі жүргізіліп жатырған жұмыстарды жетілдіру үшін толықтыратын тұсқа тоқталсаңыз?

 Қазіргі жас мамандарға ізденіс пен жаңаша ойлау ауадай қажет. Ең бірінші кезекте мұғалімнің «өзіндік жаңалығы» болуы тиіс. Ғылым жаңалығын түрлендіруде жеке үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы әріптестерінің тәжірибесін толық көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, іс-әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге ұмтылған жөн. Кез келген пән мұғалімінің бойында ұлтжандылық, жауапкершілік, еңбекқорлық, турашылдық, біліктілік, талапшылдық, ұйымдастырушылдық, адамгершілік, шығармашылдық қасиеттер қатар өрілсе қанекей.

Сонымен қатар педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізуге қабілетті, өзгерістерге тез бейімделетін, жаңаша ойлайтын, білім алушылармен ортақ тіл табыса алатын, теориялық білімі мен әдістемелік шығармашылық шеберлігін ұштастыруға икемді, білімді, іскер әмбебаптығымен дараланғаны дұрыс. Бүгінгі күннің заманауи ұстазы менің ойымша ақпараттандыру техногияларының тын және тиімді тәсілдерін еркін меңгеру, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіну, басқаларға білгенін үйрену арқылы кәсіби біліктілігін арттыру қағидасынан ұстанса деймін.

Жастарды жаппай сауаттылықтылыққа баулитын ескі амалдардың жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің бүгінгі ұл-қыздарымыз ертең ең озық жабдықтармен, күрделі де қиын ғылыми зерттеушілікпен жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Мемлекет тарапынан да барлық жеткіншектің функционалдық сауаттылығына ерекше көңіл бөлінуі уақыт ұзаған сайын арат түсетіндігіне сенемін.

Айман Тілеубергенқызының кәсіби жетістіктері – олимпиадаға, кәсіби және шығармашылық байқауларға қатысуының нәтижелігі: «Өрлеу 2018». «Педагогикалық идеялар панорамасы» онлайн бейне сабақтар бойынша облыстық кезеңде «Қазақстан тарихы» пәнінен бірінші орын, республикалық кезеңде Алғыс хат; 2020 ж. – «Қазақстан тарихы» пәнінен «Педстрат» республикалық деңгейдегі қашықтан ұйымдастырылған байқаудың ІІІ дәрежелі Диплом иегері; «Ұстаз тілегі» республикалық ғылыми әдістемелік орталықтың қашықтан ұйымдастырған халықаралық тарих пәнінен ұстаздар арасындағы олимпиада жеңімпазы, ІІ дәрежелі Диплом; «Bilim Media Group» республикалық деңгейде ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2020» байқауында «Алғыс хат» иегері.

Педагогикалық іс-тәжірибені әдістемелік әзірлемелер (авторлық бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешендер, ұсынымдар және тағы да басқалар) арқылы таратудағы жетістіктері: 2018 ж. – Өлкетану. Жалпы білім беретін орта мектептердің 5-7 сыныптарына арналған орта және қысқа мерзімді сабақ жоспарлары. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. 2019 ж. – «Өлкетану» жалпы білім беретін орта мектептердің 5-7 сыныптарына арналған оқулық. Авторлық ұжым; «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» тақырыбында дайындалған фотоальманах әдістемелік құрал; «Бағалау тапсырмаларын әзірлеу іс-тәжірибесінен» тарих пәні бойынша оқу-әдістемелік құрал;

Үлгілік оқу бағдарламасы. «Мәдениет әлемі» үйірмесі бойынша «Ежелгі дәуірден – Қазақ хандығы даму кезеңіндегі Сыр өңірі» атауында 7-сыныпқа арналған; Үлгілік оқу бағдарламасы. «Мәдениет әлемі»үйірмесі бойынша «Кеңестік билік кезеңнен-Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірі» атауында 9-сыныпқа арналған. 2020 ж. – Қызылорда облыстық оқу әдістемелік орталығы (әдістемелік кабинет). «Сыр елінің мәдени мұралары-есептер әлемінде» әдістемелік құрал. Авторлық ұжым.

2021 ж. – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институты. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқыту мен оқудағы жоспарлау бағалау және кері байланыс. ІІ бөлім. Қазақстан тарихы, 9-сынып. Дидактиакалық құрал; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі. Қазақстан тарихы: 8-сынып (Атамұра) оқу-әдістемелік құрал.

Зерттеушілік қызметі (ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша мақалалар жариялау, шығармашылық есеп, ғылыми-практикалық конференциялардағы сөйлеген сөздері, баяндамалары). 2018 ж. – «Мәдени-генетикалық код: Қазақстан халқының тарихы мен салт-дәстүрлері» облыстық ғылыми-практикалық конференциясындағы «Рухани жаңғыру: туған жер және тарих» тақырыбы бойынша баяндама. 2020 ж. – Өлкетану оқулығындағы «Сыр өңіріндегі туристік маршруттар» тақырыбын кіріктіріп оқытудың тиімділігі туралы мақала; Алматы облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлы түлғасы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық online конференциясында «Әл-Фарабидің музыка және эстетикалық теориясының рухани құндылығы» тақырыбындағы баяндама;

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Мұстафа Шоқай – түркі халықтарының азаттығы мен бірлігі жолындағы қозғалыстың көшбасшысы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік online конференциясындағы «Ұлт-азаттық идеясын ұстанушы – Мұстафа Шоқай» тақырыбындағы баяндама; 2021 ж. – «Үздік педагог – жүрегіңді әлемге аш» атты «Қазақстан республикасының үздік педагогтар» online-форумында «Тарих пәні олимпиадасына дайындауда оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамыту» тақырыбындағы баяндама. 2020 жылы қоғамдық негізде

Web-ресурстар және әлеуметтік желілерде тұрақты түрде ақпарат орналастыру, балаларды тегін оқыту бойынша қызметі. Еріктілер жылына байланысты «Сана» зияткер қоғамдық қоры жастар мектебі Қызылорда облысы бойынша «Birgemiz Bilim» жалпы ұлттық жобаны жүзеге асыруда онлайн негізінде сегіз бейне сабақтан тұратын оқу материалдарын ауылдық деңгейде оқитын 1000 баланың қолдануына мүмкіндік жасады. «Шекарасыз мектеп 1+1» республикалық әлеуметтік жобасы бойынша 2020-2021 оқу жылында инклюзив балаларды Қазастан тарихынан on-line арқылы қашықтан тегін ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарына дайындауға қатысты.

Қали Дәулет Бауыржанұлы ұстазымен

Педагогикалық мамандықты жан жүрегімен қалап, шығармашылық шеберлігін шыңдаған кейіпкеріміздің шәкірттері облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиада, ғылыми жоба, интеллектуалды сайыстар мен жарыстарда топжарып жүр. Солардың бірі де бірегейі – Қали Дәулет. – 2017-2019 оқу жылында ұстазымның жетекшілігімен пәндік олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарына қатыстым. Мұғалім мамандығы кез келген адамды сана биігіне жетелейтіндігімен құнды.

Айман апайдай тәлімгердің тағылымынан сусындағаныма ризамын. «Қазақстан тарих» пәні бойынша облыстық олимпиадаға уақытпен санаспай үздіксіз дайындалудың нәтижесінде бірінші орынды иеленіп, республикалық білім бәсекесіне жолдама алдым. Бірақ бабым келісіп тұрса да, бармақтай бақ жетіспегендіктен шығар жүлдесіз қайттым. Айман Тілеубергенқызы сонда: «Сағыңды сындырма, әлі талай жетістіктерге жетесің», – деген қолдауымен үздіксіз ізденуіме бағыт-бағдар берді. Нәтижесінде келесі 2019 жылы да облыстық олимпиадада үздік атанып, республикалық кезеңде үшінші қатардан көрінген едім.

Жоғары оқу орнында да тарих тақырыбындағы жарыстар мен пікір-сайыстарға белсене қатысып, жеңістерге жетіп жүрмін. Бұл биік белестерді бағындыруымда ұлағатты ұстазымның ерен еңбегі мен қажырлы қайраты бар. Өйткені, жай ұстаз хабарлайды, жақсы ұстаз түсіндіреді, керемет ұстаз көрсетеді, ұлы ұстаз шабыттандырады, – дейді қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Дәулет Бауржанұлы.

Аяпов Бауыржан Қалиұлының пікірі: Ата-анадан кейінгі балаға білім беріп, тәрбие үйрететін ол әрине – ұстаз. Ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаздың өмірі қиындық пен қуанышқа толы. Бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған Айман Тілеубергенқызының атына қандай мақтау мен мадақ айтсақ та артық болмас. Дәулет ұлым тыңғылықты дайындықтың арқасында тарих пәнінен олимпиада мен ғылыми жобаларға қатысып жүлдемен оралып жүрді.

Шәкірті Қали Дәулет ұстазы және ата-анасымен бірге 

Себебі жетекшісі өте білімді педагогтердің қатарынан. Айтқан сөзі, берген ақылы мен тәрбиесі, жүрген жүрісі, кішіге қамқорлығы жастарға үлгі, қай кезде көмек, ақыл сұрасаң, сол кезде қол ұшын беруге дайын абзал жан. Оқушыларды да бар күшін салып, еңбектенуге баулиды. Балалардың жан дүниесін түсінеді. Жұртшылықтың алғысына бөленген ұлағатты ұстаздың алдағы қызметіне толағай табыс тілеймін! «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дегендей, даңқыңызды биіктететін талантты ізбасарларыңыз көбейе берсін.

– Е.Әуелбеков атындағы №4 мектеп-интернаттың табалдырығын мен 2015 жылы аттап, 2020 жылы тәмамдадым. Осы білім ордасындағы бес жылда орта білім беру бағдарламасы бойынша көптеген білім бәйгесінде озат атандым. Айман ұстазымның жетекшілігімен «Қазақстан тарихы» пәнінен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңдерінде жүлделі бірінші және екінші орын иегері атанып, республикалық кезеңнің Алғыс хатымен марапатталған болатынмын.

Шәкірті Эсмеральда Маратқызы ұстазымен

Ақмола қаласында ұйымдастырылған «Менің Отаным – Қазақстан» атты туристік экпедициялық жасақтың республикалық слетінде екінші орынға қол жеткізгенім де алтын ұя мектебімдегі барша ұстаздар қауымының қолдауы мен жетекшімнің ерен еңбегінің нәтижесі еді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің екінші курсын үздік бағалармен қорытындылап, «ТМД-ның үздік түлегі-2022» атты халықаралық байқауда екінші қатардан көрінуімде білім мен тәрбие берген парасатты педагогтердің сүбелі үлесі бар. Сондықтан майталман мұғалімдердің бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудағы қажырлы қызметтеріне басымды иемін, – дейді Тілеуберген Эсмеральда Маратқызы.

– Эсмеральда қызымыздың бірегей мектеп-интернатында білім алып шыққанына айрықша қуанамыз. Себебі бұл білім шаңырағынан талай дарынды дарабоздар түлеп ұшты. Айман Тілеубергеқызының жетекшілігімен шығармашылық ізденісін ұштау арқылы оқуда озат атанған перзентіміз әр түрлі сайыстарға белсене қатысып, жүлделі орындармен оралды. Ұлағатты ұстазының ақыл-кеңесімен түрлі тақырыптағы кітаптардан бас алмайтын. Есейе келе мақсаты нық, арманы айқын, талабы биік оқушы ретінде дараланды.

Бұл ретте пән мұғалімі мен барлық ұстаздардың еңбегі ерекше деуге толық негіз бар. Себебі әрбір оқушының қарымы мен қабілетін дамыту үшін барлық жағдайды жасайтын ұйымшыл ұжымның бірлігі бекем. Айман Тілеубергеқызы сияқты білікті де білімді педагогтер әсіресе қазіргі кезде ерекше сұранысқа ие. Осындай мықты мамандардың басын қосқан білім ордасының басшылығына ата-аналар қауымының айтар алғысы шексіз. Еңбектеріңіз еленіп, абыройыңыз арта берсін, – дейді Әсемкүл Қарагенеева.

– Тәуелсіз мемлекетіміздің терең тамырлы тарихына бала күнімнен қызығып, түрлі тақырыптағы мағұлматтарды жинайтынмын. Айман Тілеубергенқызы тарих пәнінің мұғалімі ретінде дәріс берген әрбір сабағында төл тарихымыздың қырық қатпарлы құпиясына қызығушылығымды одан сайын арттырып, кейбір маңызды мәліметтерді қосымша әдебиеттер арқылы табуыма бағыт пен бағдар берді. Сегізінші сыныпта пәндік олимпиадаға қатысуға талаптанып, ұстазымның жетекшілігімен әзірлікке кірістік. Дайындық барысында әр сынып бойынша талдаулар жасап, тест сынақтарына жауап берудің қиындығын сезіндім.

Аз ұйықтап, көп оқығандықтан шығар алғашқы бәсеке қарсаңындағы тынымсыз ізденіс нәтижесін берді. 10-сыныпта облыстық олимпиадада үшінші орынды місе тұтсам, 11-сыныпта екінші межені бағындырдым. Ақырында ең басты олжа республикалық кезеңге жолдама қолыма тиді. Барлық аймақтан келіп, бақтарын сынаған озаттардың арасында үздік үштіктің шоғырынан көріну оңайға түскен жоқ. Мен осылайша сырбойылықтардың намысын қатарластарымның арасында абыроймен қорғап, облыстық білім саласының жетістігіне тамшыдай үлес қостым. Осы орайда мектеп басшылығы мен барлық ұстаздарыма және жетекшілік жасаған пән мұғаліміне шәкірттік ризашылығымды жеткізгім келеді. Оларға қажымас қайрат пен толағай табыстар тілеймін!, – дейді биылғы бітіруші түлек Арай Сәрсенбекқызы.

Шәкірті Сәрсенбекқызы Арай ұстазы және анасымен бірге

– Мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлық күшейген бүгінгі таңда білім шыңы олимпиадаға белсене қатысып, бағын сынаушы озат оқушылардың қатары қалыңдап келеді. Сондықтан қаншама қарсыластарынан арасынан оқ бойы озық шығу әрине оңай емес. Айман Тілеубергенқызы шәкіртінің биік белесті бағындыру жолында қаншама тер төккенін білемін. Сондықтан ұлағатты ұстаз атанған абырой иесінің ерен еңбегіне алғыс айтып, мықты денсаулық мен отбасылық бақыт және алға қойған жоспарларына сәттілік тілеймін!, – дейді Арайдың анасы Рая Бегенова.

«Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі», – дейді ежелгі грек материалисі, философ Демокрит. Тақырыптың тобықтай түйінін айтқанда отандық педагогтер қауымының жас ұрпаққа үйретері мол, еңбектері үстем болсын! Жаңашыл ұстаздың өзін-өзі ілгері дамыту жолында ұдайы ізденісін жетілдіріп, үздіксіз біліктілігін жетілдіре білсе толағай табыстарымен даралануына мүмкіндіктері бар. Өйткені қазіргі кезде мұғалім мамандығының беделін арттыру кез-келген мемлекеттің білім беру саясатындағы басым бағыт ретінде ерекше назарға алынған. Жаһандану дәуірінде ұлтжанды зияткер тұлғаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Айман Тілеубергенқызы: Ұлағаттылықты ұстаздарымнан үйрендім

  1. Айман жұмысыңа сәттілік тілейміз 🙌Үлкен белестерден көріне беруіңе тілекшіміз 🤗Біз сенімен мақтанамыз 😘Жасаған жұмысың үлгі ретінде шәкірттеріңе дарысын🙌

Добавить комментарий