Маңғыстау түлектеріне қосымша 6 мың грант бөлінді

Республикалық білім беру гранттарымен қатар Атырау және Маңғыстау облысының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлінді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұмашева хабарлады.

Спикердің айтуынша, Маңғыстау түлектері үшін еліміздің 43 беделді жоғары оқу орындарына педагогика және техникалық мамандықтарға 6 000 білім беру гранты тағайындалды (Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, ШҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының ЖОО).

 – Осы мақсатта еліміздің 34 жоғары оқу орындары өкілдері 18-21 мамыр аралығында облыс түлектерімен 10 кездесу өткізді. Шараға облыс әкімінің, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысып, 3,5 мыңнан астам түлек қамтылды. Сонымен қатар, барлық мектеп бітіруші түлектерге аталған 43 жоғары оқу орындарының буклеттері, презентациялық материалдары таратылды. Білім басқармасының әлеуметтік желі парақшаларына 6 000 грант жөнінде ақпараттар берілді. Қазіргі уақытта білім беру гранттары жөнінде ақпараттық түсінік алу үшін әр мектепте кеңес беру пункттерін ашу жөнінде тапсырмалар берілді. ҰБТ-дан тиісті шектік баллды жинаған түлектер өз мектептеріне барып, қажетті ақпаратты алуға болады, – деді Динара Жұмашева.

10-20 шілде аралығында Ақтау қаласы №13 гимназиясында талапкерлер үшін кеңес беру пункті жұмыс жасайтын болады. Оған нысаналы 43 ЖОО өкілдері шақырылды.

Жалпы, 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге тестілеу нәтижелері бойынша – кемінде 65 балл, «Педагогика» мамандықтарына кемінде 75 балл, «Ауылшаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде негізгі және бейіндік пәндерден кемінде 5 баллдан төмен болмауы қажет.

Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 11 сыныпты 7562 түлек (7115 – күндізгі мектеп) бітірген. Қорытынды аттестаттауда 180 «Алтын белгіге» үміткердің 174-і өз білімдерін дәлелдеді (2021 жылы – 218), 520 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды (2021 жылы – 464).

 

Маңғыстау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий