Жасөспірімдерді суицидтен қалай қорғаймыз?

Еліміздегі келер ұрпақты тәрбиелеу мен оларға білім берудегі маңызды бағыттардың бірі – балалар мен жасөспірімдерге қатысты психологиялық және педагогикалық жұмыс жүргізу. Бүгінгі таңда  бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғам дертіне айналып отырған суицид мәселесі, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде.

Мектеп психологтары оқушыларға диагностика жасау арқылы аз да болса қауіптің алдын алуға қауқарлы. Сөзімнің дәлелі ретінде өз тәжірибемізден алынған бір мысалды келтіре кетейін.

Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмір дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу бағдарламасы бойынша мектептің 8-11-сынып оқушыларына мектеп психологы Спилбергер-Ханин әдісімен сауалнама өткіздік. Сауалнама жүргізу барысында Т. есімді 10 сынып оқушысының күйзеліс, мазасыздану, қобалжу көрсеткіші өте көп болғандығы анықталды.

Егер психологиялық тест адамда жоғары мазасыздануды көрсетсе, ол сол адамның әр түрлі жағдай кезінде мазасыздану деңгейінің жоғарылауын көрсетеді. Жоғары деңгейді көрсетіп тұрған оқушының ата-анасымен мектеп психологы мен тәрбие ісі орынбасарының біріккен зерттеу жұмысы жүргізілді. Бақсақ, Т. есімді оқушының ата-анасының ажырасып, екі бөлек кетуі баланың жан дүниесінің мазасыздануына әкеп соқтырып отыр екен.

Нәтижесінде, бұл кезең – өкінішті жағдайларға алып баратын жолдың алғашқы қадамы екендігін ескертіліп, баланың ата-анасымен жеке-жеке сөйлесіп, өздерін емес, баланы көбірек ойлау керектігі, әйтпесе баланы жоғалтып алу қаупі туып отырғандығы жете түсіндірілді. Оқушы екі апта қатаң бақылауда болды. Аталған мерзім ішінде отбасындағы кикілжің реттеліп, сәтсіздік аяқталды. Бір ай уақыт ішінде бала мүлде өзгеріп, көңіл-күйі көтеріліп, өзінің алға қойған мақсаттары бар екендігіне көз жеткізді. Бүгінде 11 сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, студент атанды.  

Осылайша, бір баланың өмірі мен бір отбасын сақтап қалғаным, өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқаным  деп ойлаймын.

Отбасындағы кикілжіңдер сәтсіздікке ұласпай, өз ретімен шешілсе, баланың бақытына да кедергі болмас еді.

 

А. МУКАНОВА,

Атырау қаласындағы №24 орта мектеп директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий