Министр Түркістандық тұрғындармен кездесті

Бүгін ҚР Оқу-ағарту Министрі Асxат Аймағамбетов Түркістан облысында болып, тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді.

 

Үш сағатқа жуық уақыт бойы ол 500-ден астам тұрғынның сұрағына жауап берген. Бұл туралы Министр әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады. 

Халықты көбіне жүйелі мәселелер емес, жергілікті білім беру қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың ден қойып, назар аударуын қажет ететін жеке мәселелер толғандыратынын байқадым. Оған қоса, сот шешімдерінің апелляциясына және еңбек дауларына қатысты да сұрақтар айтылды, – деп жазды Министр. 

Сонымен қатар, Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде аудандық бөлімдер мен облыстық білім басқармаларының Оқу-ағарту министрлігіне бағынуының маңыздылығы, директорларды ротациялау, мектептердегі педагог-ассистенттер санын көбейту, колледждерді бейінді министрліктің тікелей басқаруына беру, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілген. 

 

– Көптеген сұрақ облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты болды. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша «көшбасшы» саналатынын атап өткім келеді. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болды. Енді бұл ақпарат зерттеліп, тексеру қорытындысы бойынша шара қабылданады, – деп нақтылады ол. 

Есеп беру кездесуінде қойылған сауалдың барлығына жауап бергеннен кейін Министр аудандардың, қалалардың білім бөлімдері мен колледж басшыларымен жеке жиын өткізді. 

Орынгүл МАХМУД

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий