Интернетке тәуелділіктен қалай арыламыз?
Рухани жаңғырудың мақсаты – жастар үшін адамгершілік, рухани тәрбиенің өзектілігін қамту, салт-дәстүрі мен рухани байлығын, тарихтын сыр шертетін шежірелер мен бабалардан қалған құндылықтарды бала бойына сіңіру.
ХХI ғасыр компьютер ғасыры екенін мойындаймыз, дегенмен АКТ сауаттылығын қалыптастырып, интернетке тәуелділіктің тиімді жолдарын қарастырып, пайдасы мен зиянын айыра білуіміз керек. Осы орайда отбасы – тәлім- тәрбие мектебінің, бала тәрбиесінде ата-ананың алар орны ерекше. Көп жағдайда бала ата-ананың іс-әрекетін қайталаушы тұлға болып қалыптасады. Сол себепті, баланың интернетке тәуелділігі мен құмарлығының алдын алуда отбасы мүшелерінің ата-ананың мінез құлқы, аға-әпкелерінің іс-әрекеті, жалпы ұстанымы мен көзқарасы маңызды болады. Халық педагогикасы – әжелер мектебінен бастау алады дейді. Мен әже ертегісін тыңдап бесік әлдиін естіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтап рухани байлыққа сусындап өскен бақытты ұрпақпын. Сондықтан, отбасы мүшелері жас балалармен қарым-қатынасты дұрыс жоспарлап, отбасылық құндылықтарды дұрыс түсіндіре білулері керек деп ойлаймын.
Интернет – ғылым мен техниканың шынайы жестістігі. Интернетті қолдана білген адам іздеген ақпарат, мағлұматын тауып, қажетіне жаратары сөзсіз. Мазалап жүрген сауалдарына жауап ала алады. Әлемдік жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отыруға көмектеседі. Бұл жағынан интернет адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиетін дамытуға ықпал етеді. Жаһандану, заманауи тәуелділік, әсіресе жастар үшін интернетсіз өмірді елестету мүмкін емес.
Өкінішке орай, интернеттің артықшылығымен қатар, зиянды жақтары да көп. Бүгінгі таңда Австралия, Индия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сиақты алпауыт мемлекеттерде интернетке тәуелділік ресми түрде медициналық ауру деп танылған. Себебі, интернетке тәуелділіктің салдарынан жастардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениеті де төмендеп барады. Сол себепті интернетке тәуелділіктің алдын алу үшін түрлі түрлі амалдар қарастырылып жатыр. Мәселен, Қытай билігі желіге байланған жеткіншектерді кеселінен арылту үшін арнайы жаттығу лагерлерін ашқан. Қазіргі кезде Қытайда дәл осындай 250 лагерь жұмыс істейді екен. Ал 2013 жылы Жапонияның Білім министрлігі 12 мен 18 жас аралығындағы балалар үшін арнайы сауықтыру лагерлерін құру туралы шешім қабылдады. Сол сияқты Таиланд елінде қалпына келтіру клиникасы емделушілерге электронды құрылғыларды қолданбай 45 күндік курс ұсынады. Оған аптасына 25 сағат топтық және жеке терапия және физикалық белсенділік кіреді. Дәл осы сиақты жұмыстар қазіргі кезде әлемнің барлық түкпірінде тоқтауысыз жұмыс жасауда.
Тәжірибемде тәлімгерлік қызметте студенттердің коммуникативті дағдыларын дамыту, студенттердің өзін-өзі бағалауын көтеру, сондай-ақ интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында пікірталас өткіздім. Іс-шара барысында студенттерге: «Интернет» сөзін естігендегі қандай ассоциациялар ойыңызға келеді ? Интернет деген не? Оны не үшін пайдалануға болады? Оның бізге пайдасы бар ма? Желінің адамға кері әсері бар ма? Қандай? Адамды интернетке тәуелді деп қашан айтуға болады? Интернетке тәуелді адамды сипаттап көріңіз. Оның келбеті қандай, мінезінің қандай қасиеті бар? Қалай ойлайсыз, интернет арқылы байланысты толық деп атауға бола ма? Неліктен? Неліктен қазір көп адамдар желіде? сұрақтары қойылды. Студенттер сұрақтарға таласа жауап бере отырып, интернетке тәуелді адамның бейнесін шығарды. Нәтижесінде интернетке тәуелді адамның бейнесі мен өздерінің бейнелерінің арасындағы ұқсастық не айырмашылықтарды жіктеп, ұқсастықтармен жұмыс жасау керектігін түсінді.
Тренинг соңында білім алушыларға интернетке тәуелділіктің алдын алудың төмендегідей жолдары ұсынылды:
- әр күніңізді қатаң бақылауға алыңыз;
- интернет желілеріне кететін уақыт мөлшерін екі есе азайтыңыз;
- уақытты алатын сайттарды пайдалануды тоқтатыңыз;
- өзіңіздің сүйкті ісіңізбен айналысыңыз (телефон, компьютердің көмегінсіз);
- ата-анаңызбен, достарыңызбен уақытты көңілді әрі пайдалы етіп өткізіңіз;
- үй шаруасында анаңызға көмектесіңіз;
- спортпен шұғылданыңыз;
- кітап оқыңыз.
Кітап – білім көзі, іші толған маржан сөз, үлгі-өнеге. Кітап оқу арқылы адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін танып, қиялын ұштап, ой өрісін кеңейтіп, ақылына ақыл қосып армандарға жетелеп, өмірді тануға жол ашатындығын түсіндіру керек. Сол себепті интернетке тәуелділіктің алдын алуда кітапты басты құрал ретінде қолдансақ болады. Сонымен қатар табиғат аясына саяхат жасап, мұражайларға барып туған елінің тарихы мен мәдениетімен баланы ерте жасынан таныстыру арқылы да интернетке тәуелділіктің алдын алуға болады.
Қорыта айтарым, интернеттің пайдасы мен зияны – өзекті мәселе, жаман деп те жоққа шығара алмаймыз. Интернет – бізді қоршаған әлемнің бір бөлігі, пайдалы, қажетті ақпараттың сарқылмас көзі. Интернетке тәуелділіктің шешімінің бір жолы – баланы интернеттік желінің пайдалы жағын алуға үйретіп, желі мүмкіндігін дұрыс пайдалану дағдысын қалыптастырған жөн. Бала үшін басты тұлға ата-анасы. Ендеше, интернеттен келетін зиянның алдын алу үшін, отбасында жағымды қарыс-қатынас орнату, кітап оқу, ашық сырласу, өзара мейірімділік таныту қиындыққа кездестірмейді. Қалай айтсақ та, біз цифрлық дәуірде өмір сүріп отырмыз. Интернетті қолдану мәдениетіне мән берейік. Еліміз дамыған отыз ел қатарына қосылу бағытында болып, шығармашылық деңгейде ойлайтын халқымыздың бірлігін нығайту жолында білімді, сауатты жастардың маңызы зор. Құрметті ұстаздар, білімде – сапа, тәрбиеде – өнеге, өмірде – бақыт кемеліне бөлене беріңіздер. Қазақ еліне жарқын да ұзақ ғұмыр тілеймін! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Жанар КУБАШЕВА,
«Бөбек » ҰҒПББО колледжінің информатика пәні оқытушысы
Загрузка...